Ақсу ауылында бес жылда 73 қылмыстық іс тіркелген

0
276

Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргендер, жандарын қинамай олжа тауып жүр. Бай-қуатты, дәулетті өмір сүргісі келгендер маңдай терін төгіп, мал жинап, егін егіп, белі бүгілсе, адал асы бойына сіңімді болар еді. Ар мен иманды жиып қойып, бөтеннің мүлкіне көз алартқандар қарапайым шаруаларға қырғидай  тиюде.

«Ел жатса да, енекем жатпайды» дегендей, күндіз де, түнде де жорытқан ұрылар  қорадағы және өрістегі малға дала тағысы қасқырдан бетер шабатын болған. Ақсу ауданының тұрғындары мал ұрлығына қатысты көз жастарын көлдеткенде етектері  толады. Жылқыны үйірлеп, ірі қараны табындап, ұсақ малды қолтығына қысып кете беретін ұрылардан әбден зәрезап болғандарын айтуда. Қорғаным болады деген полициядан да көңілдері қалғандарын айтып, ақпарат құралдарына жүгініп жүр. Төрт аяқты қасқырдан, екі аяқты қасқырлардың қорлығы өтіп кеткендерін айтқан Ақсу ауылының шаруалары «шағын несиеге  мал алып, соның басын көбейтіп, күнелтеміз бе деп едік, ұрылар етек-жеңімізді жидырмады», – дейді. Мал ұрлығына қатысты полициялардың да өз айтары бар. Өрістегі малды қараусыз қалдырады. Мал соңында  адам  жүрмегесін  ұрылар  еркінсиді, аңызда жүрген иесіз малды айдап кете барады. Ұрлық  малдың  ізіне түсіп  табу  да ұзақ уақытты алады. «Өзіңе-өзің берік бол, қошнаңды ұры тұтпа» деген тәмсілді  малмен күн көріп отырған ауылдықтардың бәріне айтамыз. Алайда малдарын ұрлатқандардың көбі өрістен жоғалтқандар. Ол  қылмыстың ашылуы да қиындық туғызуда. Әрі оны ашу жылдарға созылуы мүмкін екенін жасырмайды. Мал өсіріп әрі сол малдарын ұрлатқандар:  «Біз дер кезінде полицияға хабарласып, арыз жазамыз. Бірақ одан шығып жатқан нәтиже аз, полицияның өздері сол ұрылармен байланыста ма деген күмәніміз бар. Әйтпесе, неге ұрлық әшкереленбейді.  Мынау деген сұмдық болды, бетіне қарап отырған малымыздан ай  мен күннің аманында айырылып қалатын болдық», – деп  көгілдір экран жаңалықтарында мұң-зарларын айтады.

Ұры жалғыз болмайды. Өрістегі малды ұрлағандар оны міндетті түрде көбіне сойып, сатуға  тырысады. Ол үшін базарлардан ет саудасымен айналысатындармен байланыс жасайды. Мұндай оқиғаларды полиция тергеушілері де анықтап, талай мал ұрлығын әшкерелеген. Болмаса, бір мемлекет  шекарасынан асырып,  екінші көрші мемлекеттегі ұрыларға айдап апарып беретін ұрылар да ұсталған. Мәселен, Қырғыз, Оңтүстік өңірлерінің ұры-қарылары көрші Өзбекстанға мал айдағандарын топ-тобымен ұстап, жауапқа тартылған болатын. Мал ұрлығымен ұсталып  істі болғандар  абақтыдан шыға салып, сол жымысқы әрекеттерімен қайта айналысатындары да  баршылық. «Мұны қазақ «ауру қалса да әдет қалмайды» деп тәмсілдеген. Мәселен, Ақсу ауданына қарасты Ақсу ауылында соңғы бес жылда жалпы 73 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде, 52-сі, ҚРҚК-нің 188 бабы – 1 бөлігі (мал ұрлау) бойынша тіркеліпті.  Тіркелген фактілер бойынша 35 қылмыстық іс аудандық полиция күшімен ашылған. «Осы арада ауыл тұрғындарының мал ұрлығы ашылмай қалады деген шағымдарының негізсіз екенін де айтамыз», – дейді  Жетісу  облысының  Ішкі істер департаментінің баспасөз өкілі Көбей Нұрахмет. Зардап шеккен ауыл тұрғындарының 60 бас ұрланған малы табылып, иелеріне қайтарылды. Оның 44-тен астамы ірі қара мен жылқылар. Ақсу ауылы тұрғындарының шағымы, сонымен қатар қалған істердің жедел іздестіру шаралары қазіргі уақытта облыстық полиция департаменті мен Ақсу аудандық полиция  басшылығының  ерекше бақылауына алынды. Жалпы аудан аумағында қылмыстың ашылуы соңғы үш жылда жақсарып келеді.

Ағымдағы жылдың жеті айында Ақсу ауданында қылмыстың ашылуы 80 пайызды құрады. Көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 19 пайыз жоғары. Қазіргі таңда мал ұрлығының алдын алу мақсатында аудан тұрғындарына өздеріне тиесілі малдарына «ДЖПЭС ТРЕКИР» орнату, сонымен қатар тіркелмеген малдары болған жағдайда тіркеуден өткізу қажет екендігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Қараусыз жайылымда жүрген малдардың иелеріне ҚР ӘҚБК-не сәйкес әкімшілік жауапқа тартылатындығы туралы ескертпе жұмыстары жүргізілді. Жетісу облысының полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері қараусыз қалған мал иелеріне ҚР ӘҚБК-нің 408 бабы бойынша 170 әкімшілік хаттама толтырылған. Осы тұста мал басын өсіргісі келген шаруалар мал санын жасырып, оны тіркемей әрі ұрлатып алса, кімге өкпелейді деген заңды сұрақ та туындайды. Малына мал қосылған соң  оны есепке тіркетіп, тиісті алым-салығын төлеп тұрса, шаруаның да жүзі жарық, әрі жоғалған жағдайда  құзырлы органдарға шағымданып, сұрауға құқылы  емес пе? Егер де малы сырғаланып, полиция қызметкерлері айтқандай «ДЖПЭС-ТРЕКИР» орнатса,  онда мал ұрлығы да сап тиылуы бек мүмкін. Өйткені арнайы таңбамен ұрланған мал айғақталады. Полиция баспасөзінің берген ақпаратына зер салсақ,  жыл басынан бері Ақсу өңірінде жайылымда қараусыз қалған мал иелеріне 170 хаттама толтырылыпты. Демек ауыл тұрғындарының өздері де тұяқты малға шынайы жауапкершілікпен қарамайтынын фактілер айғақтап тұр. «Ұрлық түбі қорлық» деген. Ұсталған ұрылар да тиісті жазасын заң алдында алады. Алайда сол ұрлықпен тапқан табысы ұры-қарылардың өздерін және бала-шағасына жұғымды болмайтынын  барымташылардың өздері айтады.

Баяғыда бір ұры  «ет тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояр едім» деген екен. Ауыл-аймақты қан қақсатып күн көрісіне жаратып отырған төрт-түлігін айдап әкететін ұрыларда ынсап жоқ. Ерте ме, кеш пе бір тұтыларын білмейді емес, біледі. «Ары кетсе төрт-бес жыл арқалармыз» деп түрмеге қайта-қайта түсіп,  дәнігіп алған ұрылардың тіпті абақтының арғы жағында отырып, сырттағы сыбайластарымен ымыраласып,  ұрлыққа баскөз болып отырғандар жайлы да сұмдық оқиғаларды әшкерелеген полиция қызметкерлерінің қырағылығын жоққа шығаруға болмас. «Бес саусақ бірдей емес». Бұлардың арасында  ұрылармен жең ұшынан жалғасқандары бар шығар.  Мал ұрлығы көбінесе күзде және соғым уақытысында ушығатын. Кейінгі оқиғаларға қарасаң жылдың төрт мезгілінде  ұрылар малға қасқырдан бетер шабатын болған. «Бір ойды, бір ой қозғайды» демекші, облыс екіге бөлінбей тұрғанда мал ұрлығына қатысты, Талғар ауданының тұрғындары да ұлардай шулап, тіпті ұрылардың аты-жөндерін атап, түсін түстеп полицияға апарсақ шығарып жіберді деп шуылдаған болатын… Жалпы 2022 жылы мал ұрлығы 32,7 пайызға азайып, 474-тен  319-ға қысқарған. 573 бас мал иесіне қайтарылған деп мәлімдейді ІІМ криминалдық полиция департаманті. Сондай-ақ 2021-2023 жылдары мүлікті қорғауға бағытталған жаңа бағдарлама мақұлдаған Ішкі істер министрлігі мал ұрлаудың алдын алуға бағытталған шаралар қарастырылғанын айтады. Өңірлерде осы салаға қатысты шараларды бағыттап отыратын ведомствоаралық топтар құрылған, қылмысы көп ауданда  мобильді бекеттер қойылған, бос жүрген малдарға арналған қорды көбейту жұмыстарын жүргізген.

Республика бойынша бос жүрген малдарға арналған 217 арнайы орын барын, наурыз айында мал ұрлығы кезекті жедел алдын алу іс шарасы ұйымдастырылып, оған 4000 полиция қызметкері мен  ауыл шаруашылығы басқармасының  308 маманы жұмылдырылғанын, жедел шара кезеңінде мал тасымалдайтын 15 220 автокөлік пен 6525 сату орны текcерілгенін мәлімдепті. Бұдан бөлек, 11875 шаруа  қожалықтары мен жайылым учаскелерінде жұмыстар жүргізіліпті. Наурыз айынан кейін мұндай көлемді шаруа  республика, облыс бойынша да қолға алынбағанын аңғардық. Біздің қоғамда  бір науқан басталса «әп» дегенде жұмыла кірісіп, ұрандатып, алаулатып, жалаулатып, сонан соң  қызыл жалынға су сепкендей басылып қалатын әдет бар. Жалпы мал ұрлығына қатысты әлі толық еншісін бөліп алмаған Алматы және Жетісу облыстары бойынша 2022 жылдың бірінші  жарты жылдығында Алматы облысы соттарына мал ұрлығына қатысты 39 қылмыстық іс түскен. Апелляциялық алқада 31 тұлғаға қатысты 14 қылмыстық іс қаралып, 11 тұлғаға қатысты 3 іс  бойынша үкімнің күші жойылып, 3 тұлғаға қатысты 2  іс өзгертіліп,  17 тұлғаға қатысты 9 іс  өзгеріссіз қалдырылған. Аудандық және оған теңестірілген соттармен 31 іс аяқталып, 22 іс үкім шығарумен аяқталса,  2  іс тараптардың татуласуымен  аяқталып, 7 іс соттылығы бойынша жіберілген.

А. БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ