Облыс әкімі Қараталға барды

0
374

Он сегіз әулие мекендеген Қаратал ауданы 1928  жылы құрылған. Ауданның халық саны  –  46 264.  Ауданда 23 ұлттың өкілі, 35 елді мекен, 9 ауылдық округ және бір қалалық округ бар. Ауданның жалпы жер көлемі – 24 200 шақырым.  Аудан бойынша ауылшаруашылығы жерінің көлемі  –  463 685 гектар. Оның 22 328 га суармалы егістік, 440 127 га жайылымдық, 42 га көпжылдық екпелер. Аудан бойынша ауылшаруашылық суғару жүйесіндегі каналдардың көлемі 1997, 6 шақырым, оның ішінде республика меншігінде 229 шақырым, ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің меншігінде  – 1768, 6 шақырым деп әділет басқармасында тіркелген. Мемлекеттік актілері бар.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Жетісу өңірін аралап, жұртпен  жүздесіп  жүр. Бұл  жолғы кезек Ақын Темірғали Рүстембеков: «Күндіз күміс, түнде алтын» деп жырлаған Қаратал өзенінің аңғарындағы аудан халқымен кездесті.

Үш сағатқа жуық созылған кездесуде облыс басшысы тұрғындардың 30-дан астам сұрағына жауап берді деп  облыс әкімінің баспасөз өкілдері таратуда. Облыс әкімі қай өңірге барып халықпен жүздессе де барлық өңір тұрғындары қойған сұрақтардың басым бөлігі  –  мал жайылымы, жер телімі, ауыз су, егістік алқаптарындағы  су тапшылығы және әлеуметтік жол, газ құрылыс саласына қатысты қордаланып қалған сұрақтар қойылып жүр. Қаратал   ауданындағы басты мәселелердің бәрі  де  осы салаларға қатысты болған. Сұрақтар негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына, жайылымдық  жерлер  мен  суармалы  су жетіспеушілігіне, жол жөндеу, әлеуметтік нысандар салу, газдандыру, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау шараларына қатысты өрбіген. Аудан халқымен кездесуде өңір басшысы баяндама жасап, өңірдің өткен алты айдағы даму қорытындылары және ауданның басым бағыттары мен проблемалық мәселелеріне тоқталған. Алты айдағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,5 млрд. теңгені құраса, бірінші жартыжылдықта ауданның негізгі капиталына 26% өсіммен 2,9 млрд. теңге инвестиция тартылған. Сондай-ақ жыл  басынан  бері екі ірі жоба жоғары сапалы кремний өндіретін «KazSilicon» металлургиялық комбинаты және «АлматыЭнергоПроджект» компаниясының күн электр станциясы жобалары іске асырылғанын тілге тиек еткен әкім Бейбіт Исабаев ауданда жалпы 5,4 млрд. теңге инвестиция тартылып, 220 жұмыс орны ашылғанын айтты.

Жыл  соңына дейін ауданда тағыда  5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын, жалпы Жетісу облысы бойынша биыл құны 50 млрд. теңгеге жуық 1,2 мың жұмыс орнын ашатын 53 инвестициялық жоба іске асырылуда деген өңір басшысы Қаратал ауданында жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды, сүт-тауар фермаларын және бордақылау алаңдарын, жылыжайлар ашу үшін қолайлы жағдай жасауды  аудан әкімдігіне тапсырды. Бүгінгі қоғамда жалпы республика бойынша өзекті мәселе болып отырған  қолжетімді тұрғын үймен қамту мәселесінде де Қаратал ауданына жұмысты ширату керектігін айтқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев  ауданда құрылыс саласында тұрғын үйлерді іске қосу 1,5 есе азайғанын сынға алды. «Соған қарамастан сіздер облыстық бюджетке Үштөбе қаласындағы 30 пәтерлі  бір ғана үйдің құрылысына өтінім беріп отырсыздар. Мәселен, Сарқан ауданы әкімінің тұрғын үй құрылысына қатысты жақсы жоспарлары бар. Олар бюджет есебінен ғана емес, жергілікті кәсіпкерлерді тарта отырып жаңа үйлер салуға ниетті. «Бәйтерек» Ұлттық басқару  холдингімен де өзара байланыс орнатқан, керек болса, әріптестеріңізбен сөйлесіп, тәжірибе алмасыңыздар», – деді өңір басшысы.

Бұдан кейін аудандағы түйіні тарқатылмай келе жатқан ауыз су мәселесіне ойысып, 2021 жылы Тастөбе, Бесағаш, Бірлік ауылдарын ауыз сумен қамту жұмыстары құрылысының ЖСҚ-сы әзір екені, бүгінгі күні конкурстық процедуралар жүріп жатқанын, Көпбірлік ауылы маңынан жер асты суының қорын іздеу, барлау жұмыстарына да конкурс жариялауға қажетті құжаттар дайындалуда деді. Оқырмандардың назарында болса, тура осы Көпбірлік ауылының ауыз су мәселесі туралы өңірдің ақпарат құралдары сыни  мақала жариялаған болатын. Ондағы ауылға тартылған ауыз судың ащы екені жайлы айтылған-ды. Кезінде  жер асты суларын тарту кезінде жіберілген қателіктердің зардабын ауылдықтар тартып, оған қайта-қайта фильтр ауыстыруға қыруар қаржы кеткенін ақпарат құралдары басты тақырып етіп көтерген-ді. Енді міне, сол ауыз су мәселесі жаңа сайланған  Жетісу облысының әкімі Бейіт Исабаевтың да алдынан шығып тұр. Экс-әкімдердің ешқайсысы  Көпбірлік ауылындағы ауыз су мәселесін толық шеше алмаған-ды. Облыс әкімімен кездесуде аудан тұрғындарының жол сапасына қатысты айтқан арыздары да аз болмаған. Осыған байланысты биыл Ұмтыл, Жасталап, Жаңаталап ауылдарының арасындағы жолдарды жөндеуге 1,6 млрд. теңге бөлінгенін, ауданның 4 елді мекенінің көшелерін жөндеуге 254 млн. теңге бөлініп, 9 шақырымның 2,5 шақырымы жөнделген.  Күріш даласы, Бастөбе ауылдарындағы 4 көпірге күрделі жөндеу жасаудың техникалық құжаттарын дайындауға  4,7 млн. теңге бөлініп,  құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталады деп жоспарлануда. Аудандағы күре жолға қатысты да  ауыз су мәселесі көтерілген, өңір Көпбірлікке қатынайтын жолдың сапасыз салынып жатқанын айтып, ауыл тұрғындары облысты Амандық Баталов басқарып тұрғанда ақпарат құралдарына жүгінген болатын. Осымен аудан тұрғындарымен екінші мәрте кездесіп отырған өңір басшысы алғашқы кездесуде көтерілген 10 мәселенің шешілгенін айтты. «Осы жолғы айтылған  мәселелердің де барлығы хаттамаға енгізіліп, соның негізінде нақты шаралар қабылдаудың іс-қимыл жоспары дайындалады», – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Аудан тұрғындарымен кездесуде аудандағы ірі жер иеленушілердің пайдаланылмаған жерлерін қайтару туралы жұмыстар белсенді жүргізілуі тиіс деген өңір басшысына аудан тұрғындары жайылымдық жердің жетіспеушілігін айтқан. Жайылымдық жер мәселесіне қатысты ауданда біршама ауыл шаруашылығы жерлері ірі жер иеленушілердің қолдарында болғанын айтып, олардың аттарын атап, түстерін түстеген-ді. Мәселен, «Шығыс Қаратал», «Бақыт Қаратал», «Үштөбе», «Опытное», «Текелі» серіктестіктері мен басқа да бірқатар шаруашылық қожайындарының аттары аталды. Аэроғарыштық зерттеулердің деректеріне сәйкес, Қаратал ауданында пайдаланылмай жатқан 804 га егістік, 74,8 мың га жайылым жер анықталған. Алайда жергілікті әкімдік тарапынан аталған жерлерді айналымға тартуға бағытталған ешбір шара қабылданбағанын сынға алды. Осы ретте облыс басшысы пайдаланылмаған алқаптарды қайтарып, жерді мақсатты игере алатын азаматтарға   беру   керектігін қадап айтып: «Бұл мәселені қағаз жүзінде қалдырмай, кабинетте отырмай ауылдарға барып көріңіз», – деп аудан әкімі Ерлан Шойұлы Исабековке тапсырды. «Аудан әкімдігі бұл жағынан мандытып жұмыс жүргізбеген. Бұлай болмайды!», –  деді ол. Бұл ретте аудан әкімдігіне тиісті сала мамандарымен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, игерілмей тұрған ауыл шаруашылығы  жерлерін мемлекетке қайтару шараларын шұғыл қолға алу қажеттігін айтты. Ірі жер иеленушілердің жиынға қатысқан өкілдеріне де бұл мәселе басты назарда болатынын ескертті. Бұдан кейінгі тағы бір өзекті мәселе аудандағы механикалық тазалау арқылы сурамалы су жетіспеушілігі төңірегінде атқарылып жатқан  іс шаралар сөз болды. Аудандағы суармалы су жетіспеушілігін болдырмау мақсатында Қаратал өндірістік учаскесінің күшімен аталған ауданның Жолбарыс батыр, Ескелді би, Елтай ауылдық округтерінде 44 шақырым канал тазартылған. Жалпы аудан бойынша ұзындығы 2 мың шақырым ауыл шаруашылығы каналдарын тазалау мәселесі өзекті болып отыр. Соның 229 шақырымы  республикалық меншіктегі, 1,7 мың шақырым  жергілікті атқарушы органдардың меншігіндегі каналдар. Диқан қауымы үшін  бас ауыртып, балтыр сыздатып отырған бұл күрмеу республиканың барлық өңірінде бар. Алайда  жеті өзеннің сағасында отырған Жетісу диқандары үшін де су мәселесі жылдар бойы толық шешімін таба алмай келеді. Осы бағытта  Қаратал ауданында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуі кезінде тағы да басты мәселе болып көтерілді.

Бұл мәселе жөнінде тамыз айында алғашқы кезеңі ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары  басталады, бұл туралы келісімге қол қойылған. Жалпы ұзындығы 193,4 шақырым Тасарық, Күркілдек, Сыртоған, Қараменде  сияқты суару каналдары жөндеуден өтеді. Жобаның жалпы құны – 4 млрд. теңге. Биыл республикалық бюджеттен бірінші кезеңіне 1 млрд. теңге бөлінді, жұмыстар келесі жылы аяқталады. Бұған дейін де облысты басқарған экс-әкімдерге су жетіспеушілігін  Тентек өзеніне бөгет салу арқылы да шешуге болады деп ұдайы айтып жүрген аудан тұрғындары жаңа әкімге тағы да айтты. Бұл  тұрғыда облыс әкімі Бейбіт Исабаев қазіргі кезде бөгет салудың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатқанын тілге тиек етті. Оған қоса ұзындығы 10,5 шақырым Аққайыр каналын механикалық тазалауға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, құжат мемлекеттік сараптамадан өтуде. Осы орайда  канал аса шалғай жерде орналасқандықтан облыс әкімі бұл жобаның іске асырылуына ерекше қырағылықпен қарауды тапсырды.

Тастөбе ауылының тұрғыны түсіру арнасына механикалық тазалау жүргізудің маңыздылығы туралы сөз қозғады. Өңір басшысы бұл мәселенің назарға алынып хаттамаға енгізілгенін айтты. Аудан тұрғындарымен болған жиында көп балалы аналар Қаратал ауданы әкімінің жұмысына көңілдері көншімейтінін жайып салды.

Олар әкімнің алдына бірнеше рет келгенімен аудан басшысы олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге жеткілікті көңіл бөлмегенін айтқан. Көпбалалы аналар  көтерген мәселелердің көпшілігі сатып алу құқығы берілмейтін жалгерлік үйлердің күрделі жөндеуіне, салынған балалар алаңын қолайлы орынға ауыстыруға, тұрғын үй құжаттарын рәсімдеуге, ай сайын берілуі тиіс мемлекеттік әлеуметтік пакет тақырыбына қатысты  шағымдарын айтты. Бейбіт Исабаев бұл жалгерлік үйлердің нақты жағдайын анықтау үшін алдымен арнайы жұмыс тобын құру керектігін, комиссия үйге қандай жөндеу жұмыстары қажет екенін, оған кететін шығынды нақтылауы тиіс.

«Бұл мәселені менің орынбасарым Жеңіс Шылбынұлы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, тұрғын үй инспекциясы бірлесіп зерделеп көрсін. Кәсіпкерлермен сөйлесіп, демеуші тарта отырып мәселені шешу жолдарын қарастыру керек. Облыс әкімдігі тарапынан істің оң шешілуіне көмектесейік, бірақ бұдан кейін мұндай мәселені аудан өз деңгейінде қарастыруы тиіс», – деп ескертті.

Облыс әкімі қатысқан жиында ауданның құрылыс саласында жеке кәсіппен айналысатын  Бек  Мыңбол деген азамат бір көпбалалы отбасының үйін жөндеп беруді өз мойнына алуға дайын екенін айтты. Көпбалалы аналардың шағым, сауалдарына қатысты облыс басшысы аудан әкіміне халықпен тіл табыса жұмыс істеу керектігін алға тартты. «Мен сіздің қандай маман екеніңізге қазір баға бере алмаймын. Сізге баға беретін халық. Тұрғындардың аудан әкімдігіне шағымы көп, оларға сенбеуге менің хақым жоқ. Келгеніңізге көп болмаған шығар, енді бейімделіп жатқан шығарсыз. Бірақ жұмыс істеңіз», – деп қадап айтты. Аудан тұрғындарымен болған бұл жиында көгілдір отынға қатысты мәселе де қозғалды. Үштөбе қаласы 2024 жылы сұйық газбен қамтылады. Ал биыл жыл соңына дейін Қанабек ауылына беріледі деген облыс әкімі Бейбіт Исабаев  газ мәселесін көтерген тұрғындарға Үштөбені газдандыру биыл басталады, жоба келесі жылы да жалғасып, 2023 жылы жұмыстарды шамамен 60% жеткіземіз. Газ жүргізу 2024 жылы толық аяқталады. Жалпы ауданда 46 мыңнан астам тұрғыны бар 17 елді мекен газдандыруға жатады.  Бастөбе, Жаңаталап, Ескелді би, Қызылжар, Ортатөбе, Фрунзе, Оян, Кәлпе, Көкдала, Тастөбе ауылдарын газдандырудың жобалық-сметалық құжаттары дайын. Қалған 5 елді мекенде  газдандыру жұмыстары 2026 жылға дейін аяқталады. Сондай-ақ газға қосылу құнын сұраған аудан тұрғындарына, газ қазандығы мен есептегіш құрал және басқа да қосалқы жабдықтарды қоспағанда қазір газға қосылу бағасы 170-350 мың теңге арасында. Осыған орай «ҚазТрансГаз» АҚ және мердігер ұйымдармен газға қосылу құнын төмендету туралы келісімдер жүргізіліп жатқанын айтты.

«Бұта түбі – бір табақ ет» деп желмаямен жортып жүріп Жетісу өңірін көзі шалған Асан Қайғы бабамыз айтыпты деген әпсана, аңыз, құмды өңір, жыңғыл мен сексеуілді мекен. Қаратал ауданының қойнауы ырыс, құтқа толы қасиетті аймақ. Өзекті өртер өкініші осы қасиетті де киелі өлкеге әкім тұрақтамай қойды. Аудан әкімдігі жи-жиі ауысады. Келген әкімдердің кеткені тез болып жатады.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ