Қарағайлар  жылаған  күн  немесе  кесілген ағаштар жыры

0
375

Қысы-жазы  жасыл болып, құбылмайтын  қасиетімен  мектеп ауласына ерекше  көрік берген  қарағайды  түбірімен  кесіп жатқанда үн қатпай, артынша  шу көтеріп,  даурығудан  енді пайда бар  ма  дерсің?!  Дәл ағаштарды кесіп  жатқан  сәтті  көргендер  болмады деудің  өзі артық. Әбден іс біткенде ғана айқайға басып, кінә  тағып, шу  көтеретін  әдеттен қашан арылар екенбіз, біз осы?! 

… Facebook  желісінде  жариялаған әріптесім Сандуғаш  Дүйсенованың  оқиға орнында  түсірілген видеоны жариялағанда  жанарым жасқа тұнып, тұла бойым түршіккені рас. Мен ғана емес, бұл күні мектеп ауласында кесілген қарағайлар да  жылаған  болар деймін ішімнен. Сосын,  көк тіреп өсіп келетін қарағайларды бұлайша  шауып тастау,  бұл деген өзің тұрып жатқан  құт мекеніңнің қадірін қашырумен тең емес пе түсінгенге деймін тағы іштей өз-өзіме тіл қатып. Бұл  шағын шаһардағы білімімен  мыңды жыққан балалар оқитын  мектеп  ауласына көрік берген алып қарағайлар емес пе еді?!  Мұны еккендердің  арманы   білім ошағының  бар маңы  жап-жасыл  боп тұрса деген ниеттен  болды  ғой  түйсінгенге. Әрі, топырақ пен таза суды таңдайтын қарағайдың  тым ерекше талғамы   жүрегі аппақ  балалар  білім алатын  орданың  салтанатын асырып,  жайқалып өсуінің  өзі  бұл  ағаштың қасиетін білдірсе керек-ті, бірақ,  мұны түсінген жан бар ма?!

Кім не айтып, не жазса да енді  Текелінің құнарлы топырағынан  нәр алған алып қарағайларды қайтып тірілте алмасы анық. Ылди менен дөңесте өсе беретін қарағайлар  да енді бізді шақырмайды белеске, әттең?!

Отыз үш жыл бұрын отырғызылған  жас қарағайлар  неге шабылды? Бұл жайында түрлі пікірлер  желіде өріп жүр. Әлбетте,  іс әбден біткеннен кейін барып сынауға да етіміз үйренген.  Аталған жайтқа қатысты Текелі қаласының әкімдігі де  пікір білдірді. Қалай десек те  бұл істі нақты анықтап, таразылайтын   арнайы  заң  орындар  бар. Біз тек оқиға орын  алған жерге арнайы барып,  осыған қатысты тұрғындар ойын тыңдап көруді жөн көрдік. Сонымен.

Раушан Байғабылова, ата-ана: – Менің екі балам бар. Үлкені осы мектепті бітірді, екіншісі әлі оқиды… Медальдың екі жағы да бар демекші,  қарағайларды кесуде де тек біржақты ғана қарамай, оның екінші жағына да үңілу керек деп ойлаймын.  Білесіздер ме, мектеп артындағы алып қарағайлардан қысты күндері күн көзі  түспегендіктен  жер  тайғақ болып жатады. Егер мектеп оқушыларының бірі тайып құлап, мертігіп жатса не болмақ? Бұл бір деңіз, екіншіден, қысы-жазы мектеп  терезелеріне де  күн  көзі түспейді. Ал сынып ішінде  отырған балалар үшін күн сәулесінің түскені маңызды ғой. Олардың көз жанары үшін кабинет  жарық  болуы керек.  Мектепте балалар екі  ауысыммен оқиды, Текелі бойынша  ең үлкен білім ошағының бірі болып табылады. 

 Мектеп жанында  балабақша орын тепкен. Меніңше бұл балалар қауіпсіздігі үшін жасалып отырған дүние. Олай болмаса, басқа не?! Осы қыста  екі  қарағай  құлады….  Өзім  осы мектептің жанындағы жатақханада тұрамын. Түсінбейтінім, неге біз тек істің кері жағын ғана көреміз?

Екатерина Тусупбаева, қала тұрғыны: –  Меніңше,  жап жас ағаштарды кесіп тастау  ақылға сыймайды. Бұл ағаштарды шаппай тұрып  қауіп келтіретіні  қайсысы екенін зерделеп барып, кесу  керек еді. Бұған мектеп басшылығы қарағайлардың балаларға қауіп төндіріп тұрғанын, болашақта мұнда шырша ағашы  егілетінін айтып жатыр. Егер тамырын алып қарасақ, қарағайдікі жайылып, шыршанікі тік өседі. Яғни, шырша ағашы одан да қауіпті.

 Осы іске қатысты арнайы жиын өтіпті, күлкі  келтіргені: қарағайды кесіп тастап, артынша бұл істі шешуге кіріскені қалай? Жергілікті  блогер Instagram әлеуметтік желісінде   жазғандай,   жиыннан кейін кінәлі адамды жазалау керек деген шешім қабылдапты. Бірақ нақты кімді екенін ашып айтпаған. Және  кесілген 10 қарағайдың орнын 100 шыршамен толтырмақшы. Ал, мұны  тұрғылықты адамдардың бірі де қолдамаған сыңайлы. Жас қарағайларды кесіп тастау оқиғасы текеліліктерге жайсыз тиді. Айналаға көрік беріп, ауаны тазартып тұрған ағашты кесудің қажеті қанша еді,  қарағайлардың жазығы не?!

Қала тұрғындарымен тілдесуде «қауіпсіздікті ойласа, мектепке қарама-қарсы орналасқан жатақхана ауласындағы құлайын деп тұрған қарағайларды неге шаппаған» деген ойлар да айтылды. Елдің бұл үні де ескерусіз қалмас. Ал мына істен нәтиже болса, қуанар  едік.

…Бала қауіпсіздігі үшін  дегенімізбен  де қарағайлар да жыламасыншы…

 С. ӘЙТЕНОВА.

ТАЛДЫҚОРҒАН-ТЕКЕЛІ


ПІКІР ЖАЗУ