Қабылиса бабадан тәбәрік

0
555

Қазақ халқының Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Арыстан, Құлмамбет, Қыпшақбай сынды шашасына шаң жұқпас, алып ақындарының қай-қайсысы да Қабан жыраудың ақындығына тәнті болып, ұшқыр да ойлы сөзін ғұмыр бойы құрметтеп, қастерлеп  өткен.  Сөз жоқ,  өзінің ақындығымен, жыраулығымен, әулиелігімен атағы алты Алашқа шыққан ерекше адам – Қабылиса Асанұлы.

Атағы күллі қазаққа тараған, бізге жеткен еңбектері арқылы өзінің философиялық толғамдарға толы ақын екендігін, жігерлі жырларының қай заманда да үстем екендігін дәлелдеген жыраудың өмірі ертегі мен аңызға толы. Жампоз жыршының мұрасын зерттеп, оны насихаттау барысында жылға жуық дайындық  жүргізілді. Соған орай жуырда «Aspan» баспасынан жарық көрген «ҚАБЫЛИСА. ҚАБАН ЖЫРАУ. ТАРАҚ ТАҢБАЛЫ ТАРЛАН» кітабы Ұлттық кітапханада таныстырылып, артынан ақын шығармашылығына арналған мүшәйра  өтті. Ұйымдастырушылар осынау ғылыми-танымдық еңбекке үлес қосқан азаматтардың барлығына алғыс, ақжарма тілектерін білдірді. Сонымен қатар бірқатар автор «Қабан Жырау» медалі мен арнайы төсбелгіге ие болды.

Мүшәйраның мақсаты – Жампоз жыраудың  ғұмыры мен шығармашылығын насихаттау, ұлы тұлғаның болмысы мен терең тағылымдарына тағзым ету, қазақ елінің тәуелсіздігі мен тұтастығын дәріптеу, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру және рухани құндылықтарды ұлықтау болды. Сондай-ақ елдік пен ерлікті, рух пен руханиятты жыр арқауына айналдыру, қазіргі қазақ әдебиетіне қолдау көрсетіп, заманауи қазақ поэзиясының беделін  арттыру.

Марапатқа ие болғандар арасында  Жетісу облысынан қатысқан ақындар да бар. Атап  айтсақ, Жұматай Әміреев, Сағыныш Намазшамова, Жангелді Немеребай.

– Екі айдай уақыт бұрын Есағам (Есболат Айдабосын) хабарласып, «ASPAN» баспасы жырау бабамыздан қалған мұраны зерттеп-зерделеген, оқып, оқырманмен ой бөліскен жазбаларды таңдап-таразылап «Тарақ таңбалы тарлан» атты кітап шығарып жатқанын айтып, «барыңыз болса, беріңіз» деп жол нұсқап жіберді. Сөйтсем баба аманатын мойнына алған курстасым Ержан (Алаштуған Алаштуған) екен. Індет кезінде үйде босқа жатпай жырау бабамның құнды мұрасына дендеп еніп, дінді діңгек қылып, иманды жүрегімізге құйған шығармалары жайлы «АМАНАТ СӨЗ» айдарымен бес тақырыптан тұратын мақаламды сараптаудан өткенін алар деп  ұсындым. Бесеуіне де кітаптан орын беріп, көз майымды бағалап, редакция алқасына енгізіпті. Кітаптың таныстырылымына арнайы барып, асыл бабамның атын асқақтатқан рухани шарадан бір тәбәрік алып қайттым деп білемін!, – деп жазды  фб парақшасында ақын Жұматай Оспанұлы.

Өткен жылдан бері ақын  Ержан  Алаштуған  мен Ардақ Тұрысбай осы бір үлкен істі қолға алып, зор еңбек атқарып келді. Міне, бүгінде сол еңбектің зейнетін көріп жатыр. Халыққа танылмаған, жетпеген, қалтарыста қалып қойған асыл мұралары таныстырылып, еске алып, жыраудың рухы шалқып, әруағы риза болған күн болды. Ұрпаққа берер ұлағаты мол, әдебиет пен өнерге қосар үлесі зор қыруар жұмыс атқарған ер-азаматтардың еңбегі зор. Мұндай ауқымды шараның  алдағы уақытта да дәстүрлі жалғасын табатыны сөзсіз.

Арайлым НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ