Зиялының зияны елге тимесін

0
461

Бүгінгі қоғамда қара халық  – зиялы қауым дегенге таң қалмайтын болды. Керісінше зиялы дегендердің зиянын көріп көріп жүрміз дейді. Онысы рас енді. Елдің сөзін сөйлейді, ақты – ақ, қараны – қара деп қаралайды деген зиялы қауымдардың өздері бір-бірімен бас араздасып, жоғары сотқа дейін барғанын да көргенбіз.  Бұл қаламгерлер арасындағы зиялылардың қам-қарекеті болатын. Одан да басқа дау-дамайларын өз іштерінде шешпей, қалың бұқараға жариялап, ақпарат құралдарында мылтықсыз майдан жүрген-ді.

Ал мемлекеттік қызметтің тұтқасын ұстағандар арасындағы зиялылардың іс-әрекеттерін көргенде көңілің жасиды. Ішінара болмаса, кіл жалпақтау мен жағынудың қыр-сырын жетік меңгеріп алғандар халықтың сөзін сөйлемей, жоғарғы лауазымды тұлғаның алдында құрдай жорғалап, қара бастарының қамын күйттейді, «Елді жолбарыс басқарса, халықта жолбарысқа айналады. Ал қоян басқарса, халықта қоянға айналады» деген зиялыны да көріп, «Япыр-ай, әкімге де осылай жағынатындай мұның басына не күн туды екен?» дескенбіз. Көп ұзамай әлгі жолбарысқа балаған әкімі қызметтен кеткенде сол зиялы «Ішті, жеді, кетті, оның қылшығы да қисайған жоқ қой» деді. Бізде шынайы зиялыларды іздеу шөп арасына түсіп кеткен инені іздеумен бірдей ғой…

Бұл тақырыпты қозғағым да жоқ еді. Екі бөлінген Алматы және Жетісу облыстарының қайта құрылуына орай Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің рухани-мәдени дамуына елеулі үлес қосқан зиялы қауыммен жүздесті. Сол зиялылардың арасына мені де қосыпты. Әкіммен жүздесеміз дегенде көп толғандым. Мен шынайы зиялымын ба? Барып көптің қарасын көбейтіп бас шұлығып қайтамын ба? Жоқ, өзім қырық жыл терімді төгіп, еңбегімді сіңірген мәдениеттің ахуалын айсам ба екен, жоқ, елге де, әкімге де көрінбей, зиянымды тигізбей тыныш қана жүре берсем бе екен деген ой санамның шаңын бұрқылдатты.

Қой барайын, біз айтпасақ кім айтады, көп сынап жүрген зиялының қатарына енді өзімде қосылыппын деп, жаңа әкімнің өмір дерегіне көз сүздім. Жалпы қаламгерлер арасынан шыққан екі облыс әкімі бар екен. Бірі қазіргі сенатор  –  Мұхтар Құлмұхамед, екіншісі Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, оны өзіне де айттым. Өңір басшысы әкім болып тағайындалғалы бері әуелі өңірлерді аралап, (әлі де толық аралап болған жоқ) сонан соң өзінің үш бірдей орынбасарын тағайындап, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін құттықтап, ардагерлермен жүздесіп, енді зиялы қауыммен кездесу өткізді. Басты талап, танысып-білісу, келешектің жарқын болуына, зиялы қауымның руханият мәселесіне орай пікірлеріне құлақ түрді. Жүзі жылы, елшілік қызметтерде ысылған сенатор болған азаматтың тепсе темір үзетіні кескін-келбетінен көрініп тұр. Ә деп әкім болып келіп бәріміз қазақша сөйлейік деп ұран тастағанда, «Әп бәрекелді, руханият адамы екені көрініп тұр» осы қалыптан танбай,  2007 жылы іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіріліп, артынша сиыр құйымшақтанып, баяғы таз кепешін қайта киген Жетісудағы  тіл мәселесін Бейбіт Исабаев шешетін шығар деген арман-тілек мені зиялылар ортасына жетелеп барған.

Әкім алдымен зиялы қауыммен кездесуінің мән-мағынасын, себебін түсіндіріп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауда өткен ұлттық құрылтайда айтқан елдің саяси жүйесіндегі жаңа өзгерістерге, қоғамдағы құндылықтарды ой-елегінен қайта өткізуге қатысты екенін жіліктеп айтып, елге белгілі азаматтардың көрсеткен бағыты мен айтқан ұсынысы дамудың жаңа кезеңіне серпін беретінін баса айтты.

– Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов ұлт зиялыларын «Жұрттың болашақ тұрмысына жаңалық кіргізетін, халықтың зиянды әдетін жоятын жолбасшы көсемі», – деп бағаласа, Міржақып Дулатұлы «зиялы қауым халықтың қамын ойлауға міндетті» екенін бекер бекемдемеген. Интеллигенция – қоғамның қозғаушы күші, ақыл-ойы, бағдаршысы іспетті,  Мемлекет басшысының жаңа Қазақстан құру жолындағы тың бастамаларын іске асыруда бірінші кезекте сіздердің қолдауларыңыз бен ерік-жігерлеріңізге көп нәрсе байланысты. Өткенді жоққа шығаруға болмайды. Жүріп өткен жолымыз – біз үшін үлкен сабақ. Отыз жыл ішінде біршама күрделі де қиын кезеңді бастан кешірдік. Қателіктерден  дұрыс қорытынды шығарып, бүгінгі қоғамдық өмірдің барлық саласына түбегейлі бетбұрыс жасауға ат салысуымыз керек. Қазір біз үлкен өзгерістердің басында, жол айрығында тұрмыз. Ұлттың болашағы жолында, жастарға дұрыс бағыт-бағдар таңдауда сіздер тиімді, дұрыс жол көрсетулеріңіз қажет,– деді.

Жөн сөз. Жол көрсету – зиялы қауымның парызы. Олармен ақылдасып, «келісіп пішкен тон келте болмайтынын» түсінген әкімге де керегі  елдің мақсат мүддесі. Әйтпесе, отыз  жыл  Президенттен бастап, облыс, аудан әкімдерін мақтаудан, мадақтаудан шыққан биігіміз шамалы. Оның қорытындысын қаңтар оқиғасы көрсеткен. Шынайы сөз бен шынайы сын адамды шыңдайды. Су жаңа әкімнің ұстанған бағыты – жаңа облысты жаңаша түлету, жастарға дұрыс жол көрсету.

Бейбіт Өксікбайұлы былтыр өткен халық санағында қазақтардың саны шамамен  70%-ға жеткенін, алайда, ол халықтың сапалық өсуіне тірек бола алмайтынын, қоғамда әлеуметтік масылдық, жалқаулық, жатыпішерлік сынды жаман әдеттердің қалыптасқанын  дөңгелек үстел басында көлденең тартты. Халықтың ақсап тұрған тұсын дәл басып айтты. Ол әлеуметтік мәселе. Жалқаулықтың да, жатыпішерліктің де, жемқорлықтың да асқынғаны рас. Идеологиялық реформа жүрмей, бұл кеселден қазақ жақын арада арыла қоймайды. Сол идеологияны қарыштататын кадр мемлекеттік қызметте жоққа тән. «Аузынан сөзі, бойынан бөзі түсіп қалғандар» елді ұйыстырмақ  түгілі, не айтып, не жасап жүргендерін өздері білмейді. Мінбеге шықса екі сөздің басын біріктіре алмай, қағаздан бас алмайды. Бұл бөлек әңгіме. Енді жүздесуде сөз сөйлеген зиялылардың сөзіне құлақ түрсек. Серік Мұқанов әйелдерге арналған дағдарыс орталығын ашуды, Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова туғанына 100 жыл толып отырған Бикен Римова атындағы облыстық  театрға  академиялық атауын алуды, ардагер журналист Әміре Әрін  ұлттың ұясы Ұлытаудан бастау алған Ұлттық құрылтайды жер жәннаты Жетісуда өткізуді, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Лариса Котельникова медиа сауаттылық, гео-саясатты жетік меңгеруді, «Айналайын» балалар үйінің әдіскері Жамал Баймәдиева бала тәрбиесін, ұлттық рухты алға оздыруды, журналист Жомарт  Игіман  белгілі ақын Әділбек Абайділдановтың 90 жылдығын лайықты деңгейде өткізуді, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы филиалының төрайымы Сәуле Ахмадиева  балаларға арналған тегін үйірмелер ашуды, облыстық аурухананың бас дәрігері Анарбек Монголханұлы  заманауи медициналық құрылғылар алуды және ауруханаға күрделі жөндеу жүргізуді,  І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің гуманитарлық ғылымдар жоғарғы мектебінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Амангелді Төлемісов  халықты баспанамен тегін қамтуды, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, белгілі журналист Атсалим Идигов ұлттық идеологияны дамытуды ұсыныс ретінде ортаға салып, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерді қозғады.

Әкім мырза айтылған ұсыныстардың бәрін қағазға түртіп отырды. Енді оның қаншасы жүзеге асады оны алдағы уақыт көрсетеді.

«Мен сіздерге үйтемін, бүйтемін деп, үйіп-төгіп уәде беріп, өтірікші болғым келмейді. Жаңа араларыңызда әкім алдап кетті деген азаматтың сөзін де естідіңіздер. Сондықтан айтылған ұсыныс пікірлер елеп-екшелініп, сараланатын болады. Айтылған мәселенің бәрі де жетісу жұртшылығының өркендеуі жолындағы қажетті қадамдарды қамтиды. Әсіресе, жас ұрпақтың тәрбиесіне қажетті тетіктер ескерусіз қалмауы жиі айтылды. Өйткені елді дүр сілкіндірген биылғы «қаралы қаңтар» оқиғасының халықтың дүниетанымына елеулі әсер еткенін, айтушылар қоғам мен ел ішінде жаңаша пайым, жаңаша саралау алға шыққанын  білесіздер. Айтылған ұсыныс тілектер аяқсыз қалмайды. Ең алдымен елдегі бірлік-береке бекем болса, сіздермен бірлесе жұмыс жасаймыз, зиялылардың белсенділігі болашақтың жарқын болуына ықпал етеді»,– деген облыс әкімі Бейбіт Исабаев жиынды қорытындылады.

Облыс бөлінгенге дейін де әкімдер зиялылармен кездескен. Тек қана әкімдер емес, Президент те кездесіп  жатады.  Алайда елдің арман-мүддесін, ел басқарушылардың сындарлы саясатта қандай бағытта кетіп бара жатқанын ашық айтудың орнына жаппай мақтап, марапат алып, шапан киіп, жеке басын күйттеген талай зиялылар елдің зығырданын қайнатқаны жасырын емес-ті. Алысқа бармай-ақ, қаңтар оқиғасы кезінде Дулат Исабеков, Сұмағұл Елубаев, Нұрлан Оразалин сынды зиялылар елдің сөзін сөйлеп, жастарды арандатушылардың әрекетіне алданып қалмауға және Президентті қалың бұқарамен диалогқа баруға шақырды. Ал өңірлерде дүрбелең басталғанда зиялылар зым-зия жоғалып кетті. Әліптің артын бағып, үйлерінде жатты. Ардагерлер «Алапестей» елден алшақтап кетті. Зиялылар  –  зиялы деген атты кірлетпесе, қай өңірде болмасын зиялылар, ардагерлер талапшыл болса, ел тізгігін ұстаған әкімдер де елмен санасады. Жастар анандай, мынандай дейміз. Сол жастарға жол көрсететін зиялының өзі зиянды болса кімге өкпелейміз?

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтқан  жалқаулықтың да, жатыпішерліктің де бір ұшы идеологияда жатқан жоқ па? Сол идеологияның тамырына қан жүгіртер уақыт келді. Оған зиялылар жалтақтамай, екі жүзді болмай, барды бар, жоқты жоқ деп баға беріп, әкімдермен тізе қосса қанеки?!

Ұлт болашағы жолында жастарға бағыт беретін де, жол көрсететін де, алға жөн сілтейтін де, кеңес беретін де зиялылар. Әрбір зиялы  ақын  Сәкен Иманасовтың: «Ар алдында мен өзімді әрдайым, дар алдында тұрғандай-ақ сезінем» деген өлең жолдарын  бойтұмарындай етіп,  бойларына түйіп алса, болар еді.

А. БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ