Білім саласы былыққа батып жатыр

0
317

Осыдан бірер  ай   бұрын  мектепте сатып алған дипломмен жұмыс істеп жүргендер   анықталғаны туралы  ақпарат тарады. Бұған сенгісі келмегендердің  « рас па, әлде өтірік пе?» деп, кәдімгідей таңғалғаны рас. Бірақ  прокуратура анықтаған бұл ақпаратқа қалай сенбеске. Айтуларынша  Алматы облысы бойынша   120 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеп  келген. Бұл қатарға  Жетісу облысына қарасты Сарқан  Көксу, Ескелді аудандары  мен Текелі қаласының мектептері де еніп отыр. Ал,  күні кеше  Ескелді ауданының прокуратурасы   білім бөліміндегі былықтарды әшкерелегені туралы ақпарат таратты. Тексеріс барысында  17  мұғалімның жалған дипломмен жұмыс істеп келгендігі белгілі болды. Біздің ғана емес, көптің көңілін күпті  еткен бір ғана  сауал:  бүтін бір ұлттың келешегін тәрбиелейтін  «мұғалімдер»  не себепті жалған диплом алған?  Әлде оның қылмыс екенін білмеді ме? Бұл істің мән-жайына үңілуде  Ескелді ауданының  білім бөліміне хабарластық.  Қабылдау бөліміндегі  телефон қоңырауын көтерген хатшы қыз  не жайында, қайдан хабарласып тұрғанымызды сұрағанымен , көкейдегі  сауалымызға   тек түс ауғанда  ғана    жауап алдық-ау әйтеуір.  Түптеп келгенде  өз  ісін жетік білетін басшы  яки маман болсын  қай уақытта да беретін  жауабынан  қашқақтамауы шарт қой.  Ал  бізде, олай емес. Әуеліде басшының уақыты болмайды, қызметкерінің өзі сан түрлі сылтау айтады. Сосын, бұған   мәліметті беріп алып,  артынша   таныс адамдар арқылы ондағы кей сөздерді алып тастауды, атын  атамауды өтінетіндерін  қосыңыз?!  Мұнымен біз   ешқашан   жаңа  Қазақстанның табалдырығын  аттап та баса алмаймыз- ау…

Сонымен,  аудандық білім бөлімі берген мәліметке зер салсақ,   Ескелді ауданы прокуратурасының 14.04.2022 жылы №2-0408-22-00896  хатына сәйкес, аудан  аумағында мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінен 14 педагогтың дипломдары жалған екені анықталған. Жалған  дипломмен  жалғанды  жалпағынан басып,  білім саласын былықтырып жүрген жандардың  бұл ісіне не дерсің? Шыны сол, қазір жердің үсті түгілі астындағысын сатып алуға мүмкіндік туған мына заманда  таңғалудан қалдық қой.  Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін дейтіндері  қалтасын қалыңдатуда  білген тіршілігін жасап-ақ жатыр. Бұған дәлелді алыстан іздеудің де қажеті шамалы.

…Бір ғана ауданда  жалған диплом жасатып, жайбырақат жүрген 14 маманның төртеуі бірдей   балалар бақшасының  тәрбиешісі болыпты. Тағы бір жалған дипломның иесі   аудан орталығындағы мектептің бірінде дефектолог маманы болып қызмет еткен. Ары қарай аудандық білім бөлімі берген тізімге  сүйеніп  айтсақ:  Жалғызағаш орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектепалды даярлық топ жетекшісі; Сейфуллин атындағы орта мектебінің   әлеуметтік педагогы, орыс тілі мен әдебиет  және  информатика   пәндерінің  мұғалімдері, дефектолог  маманы;  Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы орта мектебінің  орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі; Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің технология-сызу  және  дене шынықтыру пәндерінің  мұғалімдері болып еңбек еткен. Бүгінгі таңда  бұл мұғалімдер  мектеп басшысының арнайы бұйырығымен жұмыстан босатылған. Бір қызығы,  олардың дені   Абай   атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған деген жалған  диплом алса, дене шынықтыру пәні бойынша сабақ берген мұғалім  Қазақтың спорт және туризм академиясының дипломымен жұмыс істеп келген. Білдей бір университеттің атын пайдаланып жалған диплом жасағандардың бұл ісіне қатысты қазіргі таңда тергеу жұмыстары  жүргізілуде.

Жалған диплом жасаушылар мен алушылардың жолын кесудің амалы:  жұмысқа тұратын адамның оқу орнын бітіргені туралы құжатын әуел баста тексерген дұрыс  деген ойымен бөлісіп еді білімгерлердің бірі. Шынымен де  жұмыс беруші алдына келген адамның құжатын тексеріп, дипломы жалған ба, жоқ әлде ол шынымен оқыған ба, міне, осыған көз жет-кізуі керек-ақ. Жалған дипломның иесі жұмысқа тұрмай жатып анықталса,  алаяқтықтың жолы  да кесілер ме еді?!   Ал,  бұл,  осылай жалғаса берсе, бүтін бір мемлекетке үлкен қасірет әкелуі бек  мүмкін ғой. Ендеше,  бір қарын майды шірітіп жатқандардың алдын неге алмасқа?! Білім саласындағы осындай былықтарды білгеніңде алаш қайраткерлерінің  бірі Мағжан (Ж) ақын айтқан «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген  тағылымды  сөзді айтуға аузың бармайды.  Неге?

 

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ