Тиісті тапсырмалар жүктелді

0
356

ҚР Премьер-Министрі  Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы  өтті. Экономика, ғылым, цифрландыру саласына қатысты маңызды мәселелер қаралған жиында  ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осы жылдың 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық  даму  көрсеткіштерін баяндады.

Министрдің  сөзінше  қаңтар-тамыз айларына дейінгі  Қазақстан экономикасының  өсу  қарқыны 3,1 пайызды  құрады. Нақты сектордағы өсу 3,3 пайыз болды. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,3 пайызға өсті. Салалар арасында құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сауда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндіру өнеркәсібі оң өсу қарқынын көрсетуде. Сонымен қатар мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруға бөлінген инвестициялар 2 есе, білім беруге бөлінген инвестициялар 59,1%, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсетуге бөлінген инвестициялар 30,1%, саудаға бөлінген инвестициялар 21,9%, қаржы және сақтандыру қызметіне бөлінген инвестициялар 20,2%, жылжымайтын мүлікпен операцияларға бөлінген инвестициялар 18,8%, құрылыс саласына бөлінген инвестициялар 15,7% өскен.

Жиында «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Ұлттық жоба аясында мемлекеттік қызмет көрсетудің 175 бизнес-процесіне жаңа әдістеме бойынша реинжиниринг жасалғанын хабарлады.

Өз кезегінде Әлихан Смайылов: «Бізге жұмсалған қаражаттың тиімді қайтарымы қажет. Отандық индустрия, ғылыми қоғамдастық, университеттер  мен бизнес барынша өзара тығыз байланыс орнатуы керек. Ғылыми жетістіктер өндіріске енгізіліп, халыққа нақты пайда әкелуі тиіс. Ғылым министрлігі бұған ерекше назар аударуы керек», – деп соңғы жылдары ғылым туралы заң-намаға біршама өзгерістер енгізілгенін және оны қаржыландыру 2 есеге жуық өскенін айтты.

Премьер-Министр бірқатар бағыттар бойынша бұрын белгіленген жоспарлар мен кейбір көрсеткіштердің орындалмай қалғанын да атап өтті.

«Жалпы, интернет-қызметтердің сапасына сұрақтар бар. Алыстағы елді мекендерді айтпағанда, біздің ірі қалаларымызда интернет байланыстың сапасы барлық жерде бірдей жақсы емес. Халықтан  түсіп жатқан шағым көп. Егер интернет байланыс жақсы болмаса цифрлық платформалардың  және ақпараттық жүйелердің пайдасы жоқ. Цифрлық даму министрлігі бұл мәселені  ерекше бақылауда ұстау керек», – деді Әлихан Смайылов. Сондай-ақ ол цифрландыру саласындағы барлық мүдделі мемлекеттік органдардың және ұйымдардың жұмысын үйлестіруді күшейту қажет екенін айтты.

Жиын барысында Әлихан Смайылов ақпараттық жүйелердің істен шығуын азайтатын жүйелі шаралар қабылдауды, биылғы жылдың соңына дейін «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» жобаларының тиімді жұмысын қамтамасыз етуді, сондай-ақ, 2023 жылдың соңына дейін «Kaznedra» платформасын іске қосуды тапсырды.

Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету мәселесі де қаралды.

Жиынды қорытындылаған Әлихан Смайылов 15 қыркүйектен бастап жанармай құю станцияларында жанар-жағармай босатуды есепке алудың цифрлық жүйесін енгізуді, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жеңілдікті дизель отынын бөлу жүйесін енгізуді қамтамасыз етуді, сондай-ақ, өңірлердегі халықты сұйытылған газбен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ