Қазақтан  бақытын тапқан АНАСТАСИЯ

0
427

Ішкі   жан дүниесінің өзінен қазақы тәрбие менмұндалап тұратын жандарды көргенде «оның  өзге ұлттың өкілі екен-ау» деген ойдың үш ұйықтасаңыз түсіңізге кірмесі анық. Ал оның қазақ тілінде мүдірмей сөйлеп қана емес, ұрпаққа ұлттық тәрбиені ұғындыру қажеттігін ұлықтап жүрген ұстаз болса, оны неге қазақ демеске? Жан жүрегімен қазаққа айналып кеткен сондай  жан   Ақсу ауданына қарасты Тарас  ауылындағы   БАЙЫСОВТАР  отбасына келін болып түсіп, бүгінде сол әулеттің қара шаңырағының түтінін түтетіп отыр.

ТАРАС ауылындағы мектепте ағылшын пәнінен сабақ беретін Анастасия  Викторовнаның  қазақ әулетіне келін болып түсуінің өзі бір қызық. Бұл жайында кейіпкеріміз былай дейді.

–  Осы  әулетке он тоғыз жасымда келін болып түстім. Ол кезде Сарқан қаласындағы  колледжде оқимын.  Мектепте оқып жүргеннен ағылшын пәніне қызығушылығым басым болды. Осылай  тоғызыншы сыныптан кейін колледжге түстім. Бала кезімде қазақ жігітіне тұрмысқа шығамын деуші едім. Ойым шын мәнісінде жүзеге асып, екінші курста  оқып жүргенде Байысовтар отбасының ақ босағасын аттадым.  Жұбайым – Ербол  үйдің кенжесі. Алдында үш ағасы мен екі әпкесі бар.  Қазақ  отбасына келін болып түсу…  алғашқыда өте қиын болды. Енем орысша түсінбейді, мен қазақша білмеймін, сол жағына келгенде қатты қиналдым. Келін болып көмектескім-ақ келеді, бірақ  бір затты  алып кел десе «ол не болды екен» деп кібіртіктеп қалатынмын. Мына бір оқиға әлі күнге дейін  жадымнан өшпейді. Келін болып түскеннен кейін үйден қонақтар үзілмей, келіп-кетіп жатты. Мама  (енесі) далада  қазан-ошақтың басында жүрген еді. Бір кезде «үйде кім бар деп» айқайлаған соң «мен бармын» деп далаға шықтым. Мені «қақпақ алып келші» деп  жұмсады. Қазір деп үйге кіріп кеткеніммен қақпақтың не екенін білмей ойланып қалдым. Логикаға  салып «мама не істеп жатыр, шамамен оған не керек» деп  тұрғанымда  қайын апам келді. Абыржып кеткен түрімді  көріп «не боп қалды?», – деді.

Мама бірдеңе сұрады, оның не екенін білмеймін дедім. Ол мамаға барып сұрап, қақпақ екенін білген  соң  қолыма  әкеп ұстатты. Ертеңгі күні қайта сұраса ұмытып қалмайын деп қазан-ошаққа жеткенше «қақпақ, қақпақ» деп жаттап  бардым. Осылай «қақпақ» деген сөздің не екенін  білдім.  Бір қызығы  қазақшамды ешкім түзетуге тырыспапты. Көп сөзді қате айтады екенмін. Бірақ  оның  өз  себебі  де болды. Егер түзететін болсақ  қазақ тілін мүлдем үйренбей қояды деген ғой. Соның арқасында қазақша сөздерді  қолдануымның   аясы кеңейді.

Сөздерді қате айту жайындағы басымнан кешкен тағы бір қызық оқиғаны  айтып берейін. Тұрмыс құрып, балалы болған соң бір жыл оқуымнан академия  алып, содан кейін ғана жалғастырдым. Бірде дос қызыммен Сарқандағы базар маңынан өтіп бара жатып «ОЛЖА» деген жазуы бар дүкенді көзім шалып қалды. Әлгі атауға қарап «мынаған «у» әріпін жалғасаң,  орыстың «ковшик» сөзі болады екен ғой деймін. 

Қайдағы ковшик, не айтып тұрсың? –  дейді ол.

Олжау ше? –  деймін. Ол болса қазақта ондай сөздің жоқ екенін айтады.

– Қалай  жоқ, олжау деген  ковшик  қой,  –  деймін. Сонда оның «ковшик деген ожау» ғой демесі бар ма.  Әлгіні естігенде кәдуілгідей ашуланып қалдым. Үйге келген бойда жұбайыма: «Қазақта олжау деген сөз жоқ, дұрысы ожау екен. Осы күнге дейін неге айтпағансың?  Қазаққа келін болсам да  дос қызымның алдында ұятқа қалдым» деп ренжідім.

Біз  сенің әр  сөзіңді түзетіп отырсақ, қазақ тілін үйренуге деген құлшынысың әп-сәтте-ақ басылып, сөйлемей қалар деп ойладық. Сондықтан қалай айтса да тиіспей, өзі түзетсін деп едік,  –  деді  ол.

– Бір сөзді дұрыс айтпасам ескерту керек. Сонда ғана үйренемін. Ал дұрыс  емес сөзді қайтып жаттау тіптен қиынға соғады  ғой,  – деп айтсам да  сол қалпы өзгеріссіз қалды. Қазір ғой  балаларым айтып, түзетіп отырады (ред: күлді).  

ОН   тоғыз жасында  тұрмыс құрып, барған жері  мен  ата-енесінің бабын тауып,  қазақтың  салт-дәстүрін  қабылдай білу де  ерлік  іске пара-пар дерсің.

Келін болып  түскен күннен мама мен қайын апамның арқасында көп дүниені меңгердім десем болады. Олар  мынауың  дұрыс емес деп қолымнан қаққан емес.  Барлығына түсіністікпен қарады. Колледжді бітірген жылы папам (қайын атасы) ары қарай оқы деп жоғары оқу орнына түстім. Оқуымды бітіретін жылы үшінші баламды дүниеге әкелдім. Осы ұлымның бір жасын атап өткеннен кейін, екі айдан соң атамыз  о дүниелік болды. Ол – өте тамаша адам болды.  Келіні болсам  да  мені өзінің баласындай көрді. Тіпті қайын апам екеуі есімімді  қазақшалап  Назерке  деп атады. Осылай Анастасиядан – Назеркеге  айналдым. Қазақтың келіні ізетті болатынын, үлкеннің алдын кесіп өтпеу, кішіге ілтипат  танытудан бөлек, ауылдағы әр адаммен, танымасаң да  сәлемдесу керектігін айтып отыратын. «Сәлем – сөздің анасы» ғой деп сәлемдесу әдебін  бойыма сіңіріп кетті.  Осыдан кейін кімді көрсем де,  тіпті  көлікте кетіп бара жатса да сәлемдеспей өтпейтін болдым, – деп ағынан  жарылған   Назеркеден (Анастасия)  Ерболмен  қалай танысқанын  сұрадық.

Екеуміз түйдей жастымыз. Ербол колледжде бірге  оқыған жақын досымның сыныптасы. Бізді таныстырған да  сол  еді.  Ал екеуара  тіл табысуымыздың өзі қызық. Ол орыс тілін түсінгенімен, сөйлей алмайды, мен керісінше. Біріміз  қазақшалап, енді біріміз орысшалап  жүріп  достығымыз  махаббатқа ұласты ғой (ред: күлді).

Біздің бас қосуымызға Ерболдың ата-анасы  қарсылық білдірмегенімен, мен жақтан  анам  «Өз  ұлтыңа шыққаның дұрыс еді, қиналасың ғой» десе, әкем «Қандай  ұлт болса да жақсы  адам болса болды» деді. Сөйтіп 2010  жылы үйлендік.

…Мектеп кезінде де Айжан деген досым болды. Үйіне барғанда анасы  лағман созғанын көріп қалатынмын. Бұл мен үшін өте қызық еді. Қамырды жіңішке етіп созған соң оны арлы берлі  ұрғылағанда неге үзіліп кетпейді деп таңғалатынмын.  Сосын  Гуля тәтейге маған да үйретіңізші десем «Ой қойшы, тамақты тезірек дайындауым керек» дейтін-ді. Сол кезде оған «Кейін мен де  қазақ жігітіне тиемін» деп айтатынмын. Бұл сөзімді  естіп «Сені қазақ алмайды» деуші еді.

Неғып алмайды,  менің де екі қолым, екі аяғым бар. Неге,  мені қазақ алмауы керек, – деп ренжитінмін.

Менің ұлым ертең  орыстан келін  аламын десе келісімімді бермеймін. Өйткені басқа ұлттың адамы, басқа тәртіпті көріп өскен қыз қайтып қазаққа келін болады», – десе, мен одан бетер «Жоқ, мен бәрібір тиемін» деп қасарысатынмын. Міне, сол дегенім болды ма, жылдар өтіп қазақ отбасының келіні атанып, лағман созудың  да  әдісін үйрендік қой, – дейді  кейіпкеріміз.

Настияның айтуынша, келiн өзiнiң жолымен жүрiп, ата-енесiн құрметтесе, олардың отбасында ешқандай түсiнбеушiлiк болмайды. Әрбір қыз әрдайым келiн болып түскен жұртының абыройын, намысын қорғап жүруге дағдылануы қажет. Сол кезде ғана жекжат, құда-құдағилар тату болады.

Көпшілігі «ата-енемен бiрге тұру қиын шығар» деп жатады. Мен мұнымен келiспеймiн. Керiсiнше, әрбiр келiн енемен бiрге тұрып, отбасы-ошақ қасындағы шаруаларды үйренуi тиiс. Салт-дәстүрiмiз бен әдеп-ғұрпымыз бойынша атқарылатын жөн-жоралғыларды да бiлуi керек деп ойлаймын. Осы дүниелерді үйретуден жалықпаған мамама (енесі) деген алғысым шексіз, – дейді Анастасия  Байысова.

ҚАЗАҚТА  қонақжайлылық  деген  жақсы дәстүр бар. Біздің кейіпкеріміз де қонақ күтудің жөн-жоралғасын жақсы біледі. Қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған соң  да үйлерінен қонақ үзілмейді.

Қайын ағаларым мен қайын әпкелерім келеді дегенін естісем алдын ала дайындық  қамына кірісіп кетемін. Жолдасымның «өзіміз  ғой, несіне әуре боласың» деген сөзіне де қарамаймын.  Себебі  папам  (қайын атам) үнемі  қонақпен бірге ырыс келетінін айтып, құлақтандырып отыратын еді. Өзі үнемі көшедегі адамды  «шай ішіп  кетіңіз» деп шақырып алатын.  Шынын айтсам, үйдегі дастарханымыз жиналған емес,  –  дейді ол.

Қазақтың  отбасына  келін  болған  Настиямен  тілдесуде  оның  Байысовтар әулетіне шынайы берілген келін екенін аңғардық. Өзі  айтқандай, аракідік қайын апаларының  айтатын ескерту сөздеріне  еш  ренжімейді. Керісінше жадына тоқып, келесіде соны қайталамауға  үйренген. Қалай болғанда да   ол шаңырақтың туын  құлатып алмауға  тырысып келеді. Ал, жолдасының  бауырларын өз бауырындай қабылдап, үнемі жылышырай, жайдары мінез танытатын Анастасияға қайын жұртының құрметі  де бөлек.

– Осы мекен менің бақытымды еселеді. Өмірімді мәнді де мағыналы етті, – деген Виктор ағайдың қызы Настия отбасындағы адамдардың бабын тауып қана емес, енесінің жанашыр жақынына айналды.

–  Жастай әулетімізге келін  болып түсті. Өзге  ұлттың қызы болса да баламыз екеуі бір-бірін жақсы көрген соң араларына түспедік.  Бауыржан (М) атамыздың  мынадай жақсы сөзі бар: «Жер бетіндегі ең батыр адам …ол – қыз. Оның мәнісін былай деп түсіндірген.  Мен  қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп  ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді» деген ғой. Ене болсам да батыр атамыздың осы сөзін өміріме сабақ етіп келген адаммын. Сондықтан келіндерімнің әрқайсысына қыз ретінде, ұрпақты көбейтетін ана ретінде қараймын. Өзім де ененің  қолында  тұрдым. Алты баламды сол кісі бақты. Құдай қосқан қосағым – Нұрланбек Байысов  екеуміз колхозда еңбек еттік. Мен қызылша алқабында істеп,  ол – тракторист болды. Шиеттей бала-шағаны өсіріп, жеткіздік. Бүгінде  барлығы да отбасылы. Ерболым үйдің кенжесі болғандықтан  келінім екеуі  қара шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Тірі кезінде атасының батасын алған  Настиям ғой… Балаларымның тату-тәтті болып жүргенін көруден артық   бақыт бар ма, – дейді  әулеттің анасы Бағдат Рысбиева.

МЕКТЕП  жасынан аудармашы  болсам  деп  армандаған  Анастасияның ағылшын тілін үйренуіне  мұғалім Мiss Meghan-ның ықпалы зор болыпты. Сыныптағы балалардың ішінде  оның  тіл үйренуге деген ынтасының зор екенін  байқаған ұстазы  сабақтан тыс уақытта оқушысына  көңіл бөлуді мықтап қолға алған.

Колледжге  түсу үшін тест тапсырғанда менімен бірге ата-анам емес, Мiss Meghan еріп барды. Соның дайындығымен тесттен сүрінбей  өтіп,  колледждің студенті атандым. Кейін ол Америкаға кеткенде арамыз үзіліп қалды. Талай жылдан кейін ғана ұстазыммен қайта қауышуға  Алла  сәтін салды. Алғашқыда онымен хат арқылы жазысып  тұратынмын. Қазір ватсаб желісі деген жақсы болды ғой. Әр жексенбі күні тікелей байланысқа шығып, сөйлесемін. Бұл менің ағылшын тілімді  жетілдіру  үшін де аса қажет. Мектептегі сабағыма  керекті  түрлі көрнекіліктерді  сатып алып беріп, посылкамен беріп жіберген кездері де болды. Ол  – Портленд қаласындағы университетте дәріс береді. Қандай істе де  онымен ақылдасып, көмегіне жүгініп отырамын. Менің тікелей тәлімгерім десем болады», – дейді Настя.

БАҚЫТ  біреулер үшін мансап, біреулер үшін мол табыс болса, Анастасия үшін бақыттың мәні – отбасының беріктігі мен амандығында. Оның қаны орыс  болғанымен  жаны қазақ. Қазақтың  ұрпағын өмірге әкеліп, тіршілік нәрін сыйлаған аяулы ана, ардақты әйел. Кейіпкерімізбен емен-жарқын әңгімелесуде   оның «қазақтан  бақытымды  тапқаныма қуанамын» деген сөзі бізді  шын қуантты.

Сарби ӘЙТЕНОВА

АҚСУ АУДАНЫ

 


ПІКІР ЖАЗУ