Ажырасу алаңдатып тұр

0
562

– Сенбе дос өз сөзінде тұрмағанға,

Махаббат жалған десе бұл заманда.

Махаббат болмаса егер, дала кезіп,

Ләйлі үшін, сорлап Мәжнүн жындана ма,

не деген тұнық сезім. Махаббатқа деген адалдық. Жүрегінің қалауына қолы жетпей, сүйгені үшін дала кезіп,  жынданып кеткен Мәжнүннің өмірі үлкен трагедия. Махаббаты үшін басын құрбандыққа шалған ғашықтар тарихта аз емес-ті.

Ал, бүгінгі қоғамдағы махаббат неге машақатқа айналды. Неге жүрек қалауымен өліп-өшіп қосылған қос ғашық екіге айырылған өзендей екі тарапқа кетіп жүр. Балапанын шұбыртқан маза қаздай сот табалдырығын жағалап жүрген жас от-басылардың қатары көбеймесе азайып жатқан жоқ. Жас түгілі, орта жастағы жанұялардың шаңырақтары шайқалып жатқанын естігенде төбе шашың тік тұрады. Бел орта жасқа келгенде дүние-мүліктерін бөлісіп, соттасып жүрген егде жастағыларға қайсы бір абырой дейсің. Ол, ол ма, шариғат жолымен үйленеміз деп мешітке барып бұлқан-талқан болып, ажырасып жатқандарды қайда қоямыз. Бұл тойып секіру емей немене?! Дін жолымен некелесудің жолы осы екен деп айды аспанға шығарып жүргендердің керағар ісі кімге күлкі, кімге түрпі?

Мешітке барып неке қидырып жүрген жастар мұсылмандық жолдан неге адасты. Бар гәп осында. Шариғат жолымен некесін қидырар сәтте қыздың күйеуінен талап ететін «мәхр» деген сұранысы болады. Бұл қазақтың әдеп-ғұрпында жоқ. Арабтан келген шариғат жолы және ол дүниемен өлшенеді екен. Алтын ба, киім бе, көлік әлде  басқадай зат болуы мүмкін. Осыны күйеуі алып беруге міндетті. Мұндайды жағдайы көтерсе  жарынан ешкім де ештеңе аямайтын шығар. Бірақ екі тарап та дәулетті бола тұра  жарының қалағанын әперуден бас тартып, некені бұзып, күйеу жігіттің шарт кетуін немен түсіндіреміз. Демек үйленгенге дейін жастар бір-бірін толық зерттемеген. Өмірдің бұралаң жолына дайындықсыз шыға салған. Немесе тұрмыс құрып тұрған қыздың ашкөздігі, күйеу жігіттің көңілін қалдырғаны, жүрегін жаралағаны деп пайымдауға болатын шығар.

Ғаламтор желісінде мешітке барып неке қидырған екі жастың оқиғасы таралуда. Онда сүйікті жары мәхрге ең қымбат «Хаммер» автокөлігін сұрапты. Ал жігіт болса ең қымбат көлік сұрағанда үнсіз орнынан тұрып шорт кесіп, той болмайды депті де артына бұрылмай кетіп қалыпты. Қыздың жанындағы досы «ойнап айттым» деген сөзіне «Құдайдың үйінде ойнайтын қатын керек емес» деп шорт кесіпті. Мұнда екі ортада тойға шашылған шеше еңіреп тұр. Күйеу жақтағы құдағимен хабарласса «Балам бет бақтырмайды.

Біз өзіміз жаққа да той болмайтынын хабарладық. Баламыз Астанаға кетіп қалды. (жігіт Астанада жұмыс істейді) Қызыңыз өзінен көрсін», –  депті. Қыз ойнап айтты ма, жоқ ойындағысын айтты ма оны бір Құдай ғана біледі. Алайда той болады деп екі жақ құдаласып, ала шапқын болып ел-жұртқа жариялап қойғанда бұл келеңсіз оқиға болды. Жанбай жатып сөнген сезім, машақатқа айналған махаббатқа таңқалуға болмайды. Ұзатылмай жатып жерге қарап қалған қыздың анасы болашақ күйеу баласымен бірге той қамымен жүргенде кездейсоқ ұшырасқанда, бірбеткейлеу жігіт екенін байқап қалғанын айтады. «Мисыз қыздың барынан – жоғы. Ел-жұртқа масқара болдым. Қалталы, ақылды күйеуді құдай берудей-ақ беріп еді, қыз ақымақ болса қиын екен», –  деп тойдың болмайтынын айтты. Кенжесі болған соң бетінен қақпай өсіріп еді, байдан қайтқаннан ауыр жайтқа ұшырағанын айтсаңшы… Тойдың болмай қалуы. Некеге отырып мынадай күйге ұшырау деген жақсы емес әрине.

Арабтың салтын сонша әспеттегеннен не шықты енді? Қай күні ғана «инкрузиске баратынымды естіп, осы қыздан аман-есен құтылсам сізбен бірге саяхатқа шығам» деп мәз боп тұр еді. Тәрбие көрмеген дейін десең әке-шешесі зиялы жандар. Екі қыз, екі ұлын  үйлендірген, жағдайы жақсы, ағайын-туғанға сыйлы, жайқалған әулет. Мисыз қызды қойшы, шешесіне жаным ашып отыр. Қыз  25 жасқа  толғанда екі ағасы мен әкесі салоннан «Ланд Крузер» автокөлігін сыйлаған. Қазір жасы 28-де. Мисыз болам десе, жасқа қарамайды екен. Күйеу баланың өзі де жол талғамайтын көлікпен жүрген. Сырға саларда гауһар тасты сырға мен сақина салғанда аузымыз ашылып қалған. Астанада  жер үйі, коттедж, үлкен кәсібі бар дейді, –  деген ақпаратты таратушы анасын жұбатуға сөз таппай тұрғанын айтыпты. Материал Сая Қасымбектің «Facebook» парақшасынан алынды.

Әлеуметтік желіде талқыланып жатқан мәселеге  қатысты дін өкілдері де жауапсыз қалмаған. «Біріншіден, бұл өкінішке орай  қыз тәрбиесін жіберіп алғанымыздың көрінісі. Екіншіден, жігіттің өз эмоциясын басқара алмауы», – депті. Әйтпесе имамдар неке қию рәсімінде қызға мәхр сұрамас бұрын жігіттің жағдайын ескеру қажеттігін айтып-ақ келеді. Бұл мәселеге қатысты қабылдаған пәтуа үкімінде осы жайт ескерілген дейді. Ал мына жағдайда имам пәтуа жайлы қызға ескерту айтты ма, айтпады ма оны екінші тарап айтпай, біз біле алмаймыз. Егер ескертіліп, оны қыз елемей, аузын апандай ашамын деп дүниеқоңыздығын көрсетіп алса кімге өкпелейді. Екі тарап та дәулетті. Қыздың анасының айтуынша, «Құдай дәулетті күйеу бала беріп еді» деп өзегін өртеген өкініштен аһ ұрады.

Мешітке барған тағы бір жас жұбайдың бірі мәхрге автокөлік сұраған. Күйеу жігіт қыздың  өтінішін орындап, көлігін алып беріп, үйленуден бас тартып «осы қымбат дүниені араныңды ашып сұрамасаң да сенде бәрі болатын еді ғой» деп айтты деген имамның сөзі ғаламторда жүр.

Енді бір мешіттерде мәхрге қатысты басқа  пікірді көзіміз шалды. Нұрбол Ханағат деген азамат: «Өткенде бір ініміздің неке қию сәтіне куә болғанын айтады. Молда тиісті рәсім, дұғаларын жасаған соң мәхрге қатысты жас келінге «Өз өтінішіңізді күйеуіңізге жеке кезде айтасыз. Дүниенің үлкен-кішісі жоқ. Тек ниет етіп сұра. Ал күйеу жігіт оны өзінің мүмкіндігі қашан болады, сол кезде орындау қажет. Оның жағдайы он жылдан кейін немесе ертең бола ма, қай кезде болсын сонда орындасаң болғаны депті. Жалпы қазақта қалың мал, өлі-тірісі, ананың  ақ  сүті дегендер  ғана болған еді ғой. Ал, «мәхр» деген  қайдан шыққан? Бізге қай діндар әкелді дейді.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғам бай-байға, сай-сайға бұрып тұрған заман. Дәулетті жанұялар, өздері секілді жермен құда болғысы келеді. Үйлену тойлардың көбі дүниемен өлшенетін болды. Қыздың төсек орнына не әкеліпті, қалың малына қанша беріпті деген гу-гу әңгіме өрбіп жатады. Ал сол дәулеттілердің жанұя болып жымдасып кеткені некен-саяқ шығар. Тіпті, алысқа бармай-ақ қоялық, Президенттің баласы көрші мемлекеттегі мемлекет басшысының қызына үйленіп қақ жарылғанын бүкіл ел біледі. Бұл мысқыл емес. Ащы шындық.

«Суретші,  суретші  дегенге сақалын бояпты» демекші, арабтың жолымен жүреміз деп жүректерін жаралап алған қаншама отбасы ойран болды. Жат ағымның жетегінде кеткендер әйел шығарып, әйел алып жүр. Обал-сауап дегеніңіз әдірем қалған. Бұл бір ғана шариғатқа қатысты мәселе емес. Шаңырақ көтерген жастардың дәм-тұздары  жараспай  бір-бірімен  алакөз болып жүруі, екі ортада шырылдаған сәбилердің психологиялық соққы алуы жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай көбейіп бара жатқаны алаңдатады. «Ақыш таздың амалы-ай» демекші, Қазақстанда соңғы жылдары ажырасу көбейді деп дабыл қағылуда. Тіпті әлеуметтік көмек алу үшін жалған ажырасушылар пайда болғанын бір кездері желіден оқып, «Астапыралла» деп жағамызды ұстағамбыз.

Мәселен, Қазақстанда соңғы екі жылда ажырасқандар саны  4%-ға  артса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 39%, 2019 жылы 43%-ға жетсе, 2020 жылы некеге тұру 128  838, болса ажырасу  – 22 513, 2021 жылы некеге тұру 140 256 болса, ажырасу –19 280 болған. Бұл ақпаратты үш жыл бұрын қазіргі ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева, Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тұрғанда «Отбасы мен бала институтын қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға қарамастан елде ажырасушылар саны артуда» деп дабыл қаққан болатын. Қазақстанда некелескендердің жартысынан  көбі  ажырасады. Қазіргі қоғамның дамуымен қатар отбасылық құндылықтар құлдырап барады. Жаһанданудың жұтқыншағында жұтылып кеткен жаңа қоғамның жастары отбасын ойрандаудан алдарына жан салмай тұр. Отбасының тірегі саналатын ер де, шаңырақтың шырақшысы әйел де жауапкершілікті жете сезінбеуде. Есесіне алимент даулап, сот табалдырығын тоздырып жүрген жандардардың қарасы қалың.

Оны төлеуден қашып жүрген әкелер де, қағынан жеріген құландай құйғытып жүр. «Алимент – әке болмайды» деп бағдарлама түсіріп, үгіт-насихат жүргізіп, ажырасуға арыз бергендердің ісін екі-үш ай тежеп, «Жақсылап ойланыңдар, бала-шағаларың бар» деп татуластырып жатқан сот  жүйесі де жастардың отбасын құраудағы жеңіл-желпі әрекеттеріне танданыстарын жасырмайды. Үйлену оңай, үй болу қиын екенін шаңырақ көтерген жастар пайымдай бермейді. Олар тұрмыстағы тауқыметке шыдамайды. Көбіне дайын үй, жеке көлік, болуын қалайды. Қол ұстасып жүріп қиындықты бірлесіп жеңіп, өмірдің ащы-тұщысын тартқылары келмейді. Тіпті, дәулетті, сәулетті баспаналарда тұрған жанұялардың да шаңырақтары шайқалып жатады. Демек, махаббат дүние-мүлікке қызмет етпейді. Біздің ата-апаларымыз арабтанбай-ақ, мәхр-сәхрге   қарамай-ақ   қол ұстасып, пәтерден-пәтерге көшіп, қуықтай баспанада ағайын-туыстың балаларын оқытып, сезімдеріне селкеу түсірмеген еді. Олар дүние-мүлікті өз қолдарымен жинап алған-ды. Қазіргі тұрмысқа шыққан қыздың артынан баратын төсек орнын көрсеңіз көздің  жауын  алады.

Тіпті, жас жұбайларға баспана да сыйлап жатады. Бұл дегеніңіз дайын асқа, тік қасық салумен бірдей. Қазақстанда әр сағат сайын алты неке бұзылады екен. Бұл да сарапшылардың дерегі. Ажырасудан  әле­м­де алдыңғы ондық­қа кіріппіз. Өткен жы­лы елімізде 22,5 отбасы­ның шаңырағы шай­қалған. Ұлттық статистика бюросының деректері негізінде Ranking.kz мамандары дайындаған есеп­ке жүгінсек, 2020 жылы Қазақстанда 128,8 мың неке қиылған, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға аз. Ал бір жыл ішінде ішінде ажырасқан отба­сылар саны 22,5  мыңға   жеткен. 2019 жылы елімізде  59,8 мың неке бұзылғанын алға тартқан сарап­шылар, пандемия еліміздегі ажырасулар са­нын айтарлықтай азайтты дейді.

Алайда соңғы онжылдықтың көрсеткіші көңіл көншітпейді. БҰҰ-ның Қазақстандағы халықтың қоныстануы саласындағы қорының қол­дауы­мен (ЮНФПА) жүргізілген зерттеу қ­орытындысына сүйенсек, 2000-2018 жыл­дар аралығында Қазақстанда ажы­расқ­ан­дар саны орта есеппен екі есеге артқан. Барлық өңірде тіпті, қазақы тәр­бие­нің қаймағы бұзылмаған ауылдардың өзін­де шайқалған шаңырақтар саны артыпты. Мәселен, неке бұзу деректерінің са­ны Шығыс Қазақстан облысында 1,3 есе, Ал­маты облысында 2,8 есе көбейген. Сарапшылардың дабыл қағуы көңілді алаңдатады. Нақты фактілерге жүгінсек, 2000 жылы елдегі ажырасулар са­ны барлық неке санының 30 пайызы болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 40 пайыз­ға дейін көтерілген. Егер мұндай динамика сақ­талса, алдағы уақытта әрбір үшінші не­ке ажырасумен аяқталады», – делінген зерттеуде. Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, өткен жылы шаңырақ шаттығы жиі бұзылған өңірлер арасында Алматы қала­сы көш бастаған (3 мың), одан кейінгі орын­да – Алматы облысы (2,5 мың) және Қара­ғанды облысы (2,2 мың).

Бір жыл ішінде некеге тұру санының ай­тарлықтай төмендеуі Шымкентте (17 пайызға азайған), сондай-ақ, Солтүстік  Қа­зақстанда (14,9 пайыз) және Қостанай об­лысында (14 па-йыз) байқалды. Неке құрған жұптар саны тек Қызылорда облы­сында өскен, оның өзінде 1 пайызға ғана екен. Ал, Алматы облысы бойынша бір ғана Талдықорған қаласында 2020 жылы отау құрғандар саны – 1364 адам болса, ажырасушылардың саны 314-ке жеткен. Бір қарағанда бұл төмен көрсеткіш болғанмен бір жылда 314 отбасының бүлінуі, шаңырақтың шайқалуы жақсы нысан емес. 2021 жылы некеге тұрғандар – 1516, ажырасқандар саны  –  247 болса, биылғы жылы қаңтар айынан тамыздың 31-не дейінгі көрсеткіш бойынша  937 жас шаңырақ көтеріп, соның 152-і ажырасқан. Осы үш жылғы көрсеткішті алып қарайтын болсақ,  әрбір ажырасқан отбасылардың араларында қанша бала тағдыры тұрғанын көруге болады. Ажырасушылар өз бас мүдделерінен гөрі кіндіктерінен өрбіген балалардың тағдырына аса мән бермейтіні айқын байқалады.

Сонау сұрапыл соғыс жылдарында жесір әйел, жетім бала, қан майданнан аяқ-қолсыз мүгедек болып келген жандар туралы  жазылған бір поэма ойға оралып тұр. «Әкесі жоқтар қарайды, әкесі барға жәутеңдеп, Күйеуі жоқтар қарайды күйеуі барға ұрлана» деген жыр жолдарын мысал етуге болады. Алимент өндіртіп, балаларын әкесіз тәрбиелеп жатқан әйелдер балаларының ойнап немесе басқа бір жиын ортада әкесі бар балаларға жәутеңдеп қарайтынын олар сезбейді емес, сезеді.

Бұл жерде ажырасушыларды кінәлап та отырған жоқпыз. Отбасының татулығы, береке-бірлігі ауадай қажет-ақ. Ауыздары ішімдіктен босамайтын, болмаса тапқан таянғанын құмар ойындарына салып жіберетін, аяқ-қолдары балғадай, тепсе-темір үзетін еркектердің әйелінің мойнына мініп алып жұмыс жоқ деп жататыны және жарларына себепті-себепсіз қол көтеріп, зорлық-зомбылық көрсететіндері бар. Мұндай әпербаққандардан баланы аулақ алып кеткен де дұрыс. Алайда өмірдің қиындығына шыдамай, ыдыс-аяқ кішкене сыңғырласа буынып-түйініп төркініне қашатын жұбайларды қазіргі ата-аналар «ішіме сыйған балам сыртыма да сыяды» деп қызғыштай қорып жүргендеріне не айтуға болады. Олар «кімнен ағардың, сонымен қараясың, үйден шыққан қыз шиден тысқары, балаларыңды бағыңдар, азып-тозбаңдар» деп жөнге салып отырса құба-құп  дерсің-ау.

Талдықорған қаласының үш жылғы көрсеткішін көрсеттік, енді Алматы облысы бойынша сегіз айлық көрсеткішке зер салып көріңіз. Ажырасу  фактісі бойынша Алматы облысы соттарының қарауында 6585 іс тіркелген. Аяқталған істер саны 4828 оның ішінде 2984 іс бойынша сот шешімі шығарылған. 2975 талап арыз қанағаттандырылған, 9  іс  кері қайтарылған. 926 іс қараусыз қалдырылып, 823-і медиация тәртібімен аяқталған. Бүгінгі күні соттардың қарау сатысында 1285 іс тіркелген. Демек, жыл аяғына дейін ажырасуға талап арыз беретіндердің саны әлі артады. Жоғарыда айтылғандай әр минут сайын заңды некелердің бұзылу фактісі қарқын алуда.

Бір мақалада екі бірдей тақырып қамтылуда. Бірі тұрмыс құратын арулардың қосағынан мәхрге сұраған затынан опық жеп, отау құрмай жатып ажырасып жатса, екіншісі шаңырақ құрған жас жұбайлардың ажырасулары көбейіп бара жатқаны қоғамды да, үкіметті де алаңдатып отырғанын айтудамыз. Қол ұстасып өмірге бірге қадам басып, өмірге ұрпақ әкелгеннен кейін мехнатын да екеулеп көтерген абзал. Ол жанұядағы балалары үшін де үлкен мектеп, тәлім-тәрбие. Ажырасқандар екінші мәрте үй болып, тұрмыс құрып жатады. Бірақ біреудің баласы, біреуге бала болуы қиын. Бала болған соң оның еркелігі, бұзықтығы болады. Ондайды, өгей әке мен шеше көтере білмейді. Нұқиды болмаса қатты жазалайды. Баласын нұқып жатқан соң шешесі араға килігеді. Әзілге айналып кеткен мына әңгімені де айта кетейік.

Ажырасқан еркек пен әйел бір-бірімен табысыпты. Өздерімен ере келген еркектің бір баласы және әйелдің де бір баласы болыпты. Үйленген соң екеуінен өмірге келген бір сәби де өсіп, үш бала далада ойнап жүріп төбелеспей ме… Бір мезетте шыңғырған дауысты естіп әйел терезеден қарап, күйеуіне: «Ананы қара сенің балаң мен менің балам жабылып, біздің баланы ұрып жатыр» депті. Көрдіңіз бе  күлкілі әңгіме болса да астарында шырылдаған шындық жатыр. Тағы да ұрыс-жанжал, бала-шағасын шұбыртып екінші-үшінші мәрте ажырасып жатқандарды көгілдір экран екі күннің бірінде көрсетіп жатыр. Көмек сұрап болмаса алимент төлемей қашып жүр деп, ақпарат құралдарына жүгініп жүрген отбасылар қаншама.

Біреудің таяғын жегізгенше, балаларымды қиналсамда жалғыз асырап отырмын. Басымда баспана жоқ, пәтерден-пәтерге көшіп жүрмін деп үлкен қалаларды жаға-дап жүрген жесірлердің санына жете алмайсың. Үш рет тұрмыс құрған бір келіншектің айтқан әңгімесі құлағымнан кетпейді. «Менің тағдырымды балаларым да қайталады. Қызым да, балам да екі мәрте ажырасты. О, бастағы қабылдаған шешімім дұрыс болмапты. Бұларда менен көргенін жасап жүр» деп егілгенін көріп, тәрбиенің тал бесіктен басталатынына тағы бір мәрте көз жеткізген едік. Өмір болған соң түрлі тағдырлар болады. Әйтсе де отбасы деген нәзік  жіпті  үзбей, балаларды әке-шешесінен айырмай бір шаңырақта қатықсыз, қара су ішсеңде бірге бағып-қаққанға не жетсін.

Қолда барды бағалап, жоқты көктен іздеп шарлап кетпей, тиыннан теңге құрап, бірінің  киімін  біріне  кигізіп, он  шақты баланы бағып-қаққан байырғы әкелер мен аналардың қадыр-қасиеті кеміп қалған жоқ қой. «Ой, ол заман басқа, бұл заман басқа деушілер табылар. Заман өзгерген жоқ қалпында, мұнда  адам  ниеті өзгерді. Қанағатшылдықты ұмыттық. Қазіргі балалар   бірінің  кигенін  екіншісі  кимейді  дейтін болдық. Бұл қате ұғым. «Қыбын тапқан құмырсқаны тағалайды» демекші, жаңа шаңырақ көтерген отағасы мен отанасы әуелі өздерін тәрбие алаңынан өткізіп, сонан соң бала өмірге келгеннен кейін оны жәудіретпей толық тәрбие берсе, бала кезінен көргенін ер жеткенде өзі істейді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген тәмсілді қазақ тектен-тек айтпаған шығар.

«Менің тағдырымды балаларымда қайталады» деген келіншектің өкіншісін қайда қоясыз. Қазіргі қоғамда жастар тұрмақ, егде жастағы жандардың ұлын ұяға, қызын қияға қондырғанда ажырасып жатқанын судьялар айтып отыр. Міне, қанағатшылдықтың жоқтығынан қарызға белшелерінен батып, несие рәсімдеп, той-томалақ жасап, оны өтей алмай қырғи-қабақ болғандардың трагедиясы. Қанағатсыздықтан мешітке шариғат жолымен неке қиюға барған екі жастың яғни, болашақ жарының үй болмай жатып мәхрге көлік, баспана, соңғы үлгідегі ұялы телефон сұрап, одан жігіт үркіп, екеуі екі жаққа кетіп жатқаны, кетіп қана қоймай, ғаламтор желісінде әңгімеге арқау болғанын көрмейсіз бе?!

Отбасы дүние-мүліктен құралмайды.Отбасы ауызбірліктен және баланың шат күлкісінен құралады. Дүние-мүлік екі тарап тату болса, өз еңбектерімен табылады. Ата-ананың берген мүлкі ол салт-дәстүрдің жолы. Ажырасу ерге де, әйелге де абырой әпермейді. Сыр елінде халық ақыны  Әбділда Жүргенбаев деген көп әйел алған жыршы өткен. Осы кісінің бірінші әйелімен кеткен Талғат деген баласы қартайғанда әйелсіз қалған әкесіне келіп, «Мен үйленетін болдым, анама барыңыз» депті. «Ойбай қайтып барам, жасымда сері болдым, көп әйел алдым, ол мені кіргізе ме?» десе, сіз барыңыз, мен сөйлесіп қойдым деген ғой. Содан ол бірінші жарына  барып,  «жаздым, жаңылдым, бала үйленетін  болыпты қайта қосылайық» депті. Басында бұлқан-талқан болған әйелі қайта қосылыпты. Әбілділданың  құрдастары:  «Әй, Әбділда, сен небір сұлу әйелдерді алдың, мынауың не? Қартайғанда мыжырайған кемпірді алып келіпсің десе, Әбділда ақын «Алғашқысы шекер, қалғаны бекер екен» депті. Сол Әбділда жыршы айтқандай, алғашқы жарларыңнан айырылмаңдаршы, айналайын жас жұбайлар.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ