Елде мектеп жетіспейді

0
303

Соңғы жылдары «балама мектепте орын жетпей қалды», «үшінші ауысымда оқиды», «алыс мектепте оқиды» деп шырылдайтын ата-аналар көбейген. Себебі елімізде әлі де мектеп жетіспеушілігі бар.Оқу жылының басында «Хабар 24» Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Кемертоған орта мектебіне төрт өңірдің балалары қатынап оқиды деп хабарлаған болатын. 1200 орынға арналған білім ошағындағы оқушы саны 5000-ға жуықтаған. Үш ауысымды мектепте «у» сыныбы ашылып, бірінші сыныптың саны 22-ге дейін жеткен.

Былтырғы жылы үш ауысымды және апаттық жағдайдағы 40 мектептің мәселесі шешілгенімен, әлі де 37 мектеп апаттық жағдайда тұр. Күрделі жөндеуді қажет ететін білім ордаларына қаражат бөлінсе де құрылыс қарқыны өте баяу жүруде. Батыс Қазақстанда күрделі жөндеуден өтіп жатқан 12 мектептің құрылысы жаңа оқу жылына дайын болмай шықса, Өскемендегі Абай атындағы апаттық жағдайдағы мектептің құрылысы оқу жылының қарсаңында ғана басталған. Sputnik.kz  ақпараттық сайты 200-ден астам оқушы ата-аналарының келісімімен  онлайн форматқа көшкенін хабарлады. Қалған балалар  көрші ауылдарға қатынап оқуға тура келеді. Оқу жы-лының басталуына аз уақыт қалғанда немесе тексеріс келеді дегенде бірақ қозғалып, күз басталса да құрылыс жұмыстары аяқталмай жатқан осындай  мектептер саны азаяр емес. 

Аз уақытта, шала жасалған жұмыстың сапасы сын көтере ме? Неге барлығын өз уақытымен, сапалы  жасамасқа. «AMANAT» партиясының кезектен тыс отырысында мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова биыл елімізде 220 орта білім беру мекемесі пайдалануға беру жоспарланып отырғанын, оның 148-і жыл соңына дейін тапсыры-лады  деген еді.  Алайда тек 15 мектеп пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс мектептердің тек он бесі ғана дайын болса, Мемлекет  басшысының  2025  жылдың соңына дейін 1000 мектеп салу туралы тапсырмасының жай-күйі не болмақ. Өркениетті елдер қатарына кірігуді ойлаған шақта  балаларымыз қандай мектепке барарын білмейді. Неге?

     Айдана СМАҒҰЛ  


ПІКІР ЖАЗУ