Аудан  экономикасы ілгерілеп, тұрақты даму үстінде

0
323

Қаратал ауданының экономикалық әлеуеті артып келеді. Бұл туралы аймақ әкімі Ерлан Исабеков Журналистер үйінде өткен брифингте айтты.

Басқосуда аудан басшысы Қаратал ауданында инвестиция тартуға, игерілмеген жерлерді қайтаруға бағытталған жұмыстарды тілге тиек етті.

Баяндамашының айтуынша, ауданның сегіз айлық көрсеткіші бойынша экономика жағынан даму көрсеткіші жоғары. Бүгінде аймақ экономикасына 5,3 млрд. инвестиция тартылған. Ал бюджеттен тыс инвестиция сомасы 2 млрд.  711,7 млн. тенге немесе 51 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта өңірде жаңа жобалар  ұсынып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған бірқатар кәсіпорындар бар. Мәселен аймақта кремний өндейтін «Казсиликон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашылды. Кәсіпорын ағымдағы жылы жаңғырту жұмыстарын жүргізіп наурыз айында өндірісті іске қосты. Онда кварц өндіру қуаты жылына 40 мың тонна, ал кремний жасау қуаты жылына 6 мың тонна. Кәсіпорында 249 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Екінші пештің құрылысы биыл басталып, 2023 жылы іске қосылмақ. Келешекте  100 жаңа тұрақты жұмыс орын  ашу жоспарлануда. Мұнда  бірінші  пештің  қуаттылығы 6 мың тонна болса, екінші пеш жылына 7,2 мың тонна кремний өндіретін болады.

Сонымен қатар мал шаруашылығы негізінде ет пен шұжық өндіретін «Қаратал селекция-гибридтық орталығы» жұмыс істеуде. Мұнда шығарылатын өнім 100 пайыз экспорт-қа бағытталыпты. Сондай-ақ «ТастобеАгроФуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Сүт өндіріс кешені» жұмыс жасауда. Кешен тәулігіне 10 мың литр сүтті Талдықорған қаласындағы «JLC» сүт өңдеу зауытына өткізіп, ел игілігіне қызмет етуде.

Баяндамада белгілі болғандай өңірде 3 жаңа жанар-жағармай құю стансаларының құрылысы басталған. Олар «GASSOIL», «Гелиос» және «QAZAQ OIL» брендтерінің жанармай құю станциялары. Нәтижесінде аталған үш жоба бойынша 40-тан аса жаңа тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес игерілмей жатқан ауылшаруашылық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша ауданда бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Өңірде жыл басынан бері 18,7 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылыпты.

Осыған байланысты ауданда пайдаланылмайтын жер учаскелерін анықтау жөніндегі комиссия құрылып, конкурс және инвестициялық жобалар арқылы алынған жер учаскелерінің тиімді пайдаланылуына сараптама жүргізілуде. Одан бөлек 20,9 мың гектар жайылымдық жерге мал басын тіркеп, ауыл шаруашылығы айналымына берген. Барлық қайтарылған жер учаскелері алдағы уақытта ауылшаруашылығы мақсатындағы конкурсқа шығарылып, жер учаскесін қажет ететін, инвестициялық жобалары бар азаматтарға ұсынылмақ. Осы жұмыстың нәтижесінде ауданда іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың өсуіне оң серпін берілетін болады.

Айта кетейік, келер жылы ауыл шаршылықты дамыту үшін бордақылау алаңдарын салу, қаз өсіру, егін егу және жылыжай салу бойынша 10 жаңа жоба қолға алынбақ.

Арайлым НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ