Шарапаты  мол  «Шапағат» орталығы

0
385

Біз бәріміз де  бақытты ғұмырды аңсаймыз. Əр  адам жақсы өмір сүруге барынша талпынады-ақ. Бірақ… бұл – біріміздің  қолымыздан келсе, енді біріміздің жолымыз болмай, басқан қадамымыз қате болып шығады. Мұны біріміз  ерте  түсініп күресеміз, енді біріміздің бұлай етуге мұршамыз болмай жай ғана мойынсұнамыз. Қалай десек те ешбір адам  өзіне жаман өмірді тілемесі хақ.  Әркімде ұрпағының жанында салиқалы қартаюды армандайды. Алайда…. тағдырға айла бар ма?

Қилы тағдырлы жандардың басы қосылып, бейқам өмір сүріп, бұйығы тірлік кешіп жатқан мекеменің бірі – қарттар мен мүгедектер үйі. Қартайған шақта  балаларынан шапағат көре алмаған  қариялар  мекен еткен орталықтың тынысымен танысуда Текелі қаласындағы «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы  коммуналдық мемлекеттік мекемесіне табан тіредік. Тағдыры  бөлек тұрағы  бір жандар мекен еткен қарттар үйінің қазіргі   ресми атауы осылай аталады.

Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Алма НҰРМЫХАНОВАНЫҢ  айтуынша  мұндағылардың дені зейнет жасына жеткен қариялар, І және ІІ топтағы мүгедектер мен ұдайы басқа адамның көмегі мен күтіміне мұқтаж жалғызбасты жандар.

«Мекемені басқарғаныма он жылдай уақыт болды. Қазіргі  таңда орталықта 317  қарт  бар. Бұл  – орталықта қосымша  ашылған күндізгі күтім бөліміне келетін 30 адамды қосқанда. Өздеріңіз жақсы білетіндей, Текелі  қаласында қарт адамдар көп тұрады.  Сондықтан  осындай  жандарға   арнайы бөлім ашылған еді. Яғни, қалада тұратын қарт кісілер таңғы сегізде келіп, кешкі 16:00 мен 17:00 шамасында  үйлеріне қайтады. Олар да орталықта тұрып жатқандармен бірге тамақтарын ішеді, дәрігер мамандардан   кеңестерін  алады,  тренажерларға барады. Таңнан кешке дейін үйде жалғыздан жалғыз отырғанша  біздің   орталыққа  келіп, серпіліп қайтады. Олар  мұнда  қуана келіп, үйлеріне  көтеріңкі көңіл күймен оралады.

Әлеуметтік қызмет көрсету орталығына келгендердің арасында артынша балалары, туыстары үйіне қайтып алып кеткендер де бар. Бұл  істе қалалық мешіттің имамы мен шіркеу попының көмегі көп тиді. Солардың  әңгімелерінен кейін орталыққа өткізген қариялардың балалары мен туыстары ойланып, артынша ізін  суытпай алып  кетті. Осындай ізгілікті істің арқасында  өткен жылы  17 қарт бала-шағасының ортасына оралса, биылғы жыл басынан 11 адам өзінің отбасымен  қауышты. Осылай  райынан қайтып, ата-анасын алып кетушілер қатары  жыл сайын арта түсетін шығар деп ойлаймын.

Өткен жылы  мекеменің  30 жылдық мерейтойын атап өттік. Алғашқыда  қарттар үйі деп аталғанымен кейінгі  жылдары мекеменің атауы өзгерді. Бұл жерге басшы болып келмей тұрғанда  қарттар үйі  деген   атау маған  қатал болып естілетін-ді. Бірақ келген соң мұнда  ата-әжелердің аялы алақаны мен ақ батасы бар екенін,  ұйықтап жатқан мейірім мен адамгершілікті оятатын орын екенін ұқтым, көзім жетті.

Қарттар – біздің асыл қазынамыз ғой. «Ауылыңның  маңында төбе болса,  ерттеулі   тұрған  атпен тең. Ауылыңда  ақылгөй  қария  болса, жазып  қойған  хатпен  тең»  деген  еді біздің  бабаларымыз. Өткенімізді осы  үлкендерсіз  елестету  мүмкін  емес. Біздің  бүгінгі  нұрлы  өміріміздің, алаңсыз  күлкі,  тәтті  ұйқымыздың  да  бейбіт  сақшысы  бола  білген, самайларын  қырау  шалып,  жүзде-рін  уақыт әжімі торлаған  данагөй  қарияларымыз бен ақ жаулықты  әдемі  әжелеріміз  емес  пе? Бірақ мұны бәріміз бірдей түйсініп, түсіне бермейтініміз өкінішті.

1991 жылы  бой  көтерген ғимаратқа лифт шахтасы салынғанымен, орнатылмай  қалған. Осы жұмысты тындырымды етуде айтып жүріп, 2015  жылы екі бірдей лифт орнатылды. Бұл енді мұндағыларға  ауадай қажет. Себебі өздігінен жүре алмайтын, төсек тартып жатып қалған адамдар бар. Соларға керек-жарақтыларын тасуда қызметкерлер арлы-берлі қабатқа көтерілу керек, кейде қайтыс болған адамдар болады. Оларды  бесінші қабаттан төменге түсіруге де лифт қолайлы ғой. Мәселен, орталықтағы 317 адамның 62-і мүмкіндігі шектеулі жандар. Оның 12-і туабітті  мүгедек-тікке  шалдыққандар.

Тағы  бір  жасалған тындырымды  іс – ыстық  су  мәселесі. Өздеріңіз жақсы білетін боларсыздар, Текелі қаласы болғалы бері бірінші және  екінші кардонда ыстық су құбыры жүргізілмеген. Салдарынан біздің орталықта ыстық су тек жылыту маусымында ғана  болатын еді. Мұны да айтып жүріп жыл он екі ай бойы ыстық су үздіксіз келетін жағдайға жеттік. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды  тасу үшін қолайлы болсын деп «инватакси»  сатып алдық.  Бұл  үшін  республикалық  бюджеттен  қаражат  бөлінді.  Енді қарт адамдардың  денсаулығы үшін аса қажет орталықтан арнайы бөлме дайындатып, «тұз кенішін» (соляная шахта) ашуды ұйғардық. Бұған  6 млн. 200 мың теңге бөлінді. Порталмен конкурстық негізде  шығып, алтыншы мәрте дегенде  Ақтау жақтан ұтып алды. Енді солар келіп орнатып беретін болды», – дейді  Алма Мұханғалиқызы.

Сондай-ақ ол  мекемедегі қарттар мен қиын жағдайға тап болған адамдарға 244 қызметкер көмек көрсететінін де атап өтті. Бұлардың  қатарында әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, жаттықтырушылар, дәрігерлер мен санитарлар бар. – Әлеуметтік қызметтің 8 түрі бар болса, соның педагогикалық қызмет түрінен басқа қалған 7 түрі көрсетіледі. Күндіз-түні медициналық  алты пост  жұмыс жасаса,  ондағы қыздар ауысыммен қызмет етеді.

Әңгіме желісінде Алма Нұрмыханова ханым қариялардың алатын  зейнетақысы туралы  да айтты. Айтуынша ай сайын алатын зейнетақыларының  70 пайызын мемлекет ұстайды. Бұл ереже 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылып келеді.

«Зейнетақысының 30 пайызы  ғана қолына тиеді. Орталықтағы  317 адамның  170-інде  ешқандай  шегерім (очисление ) жоқ. Басым бөлігі ешқайда жұмыс істемеген, мүгедектігімен отырғандар болып отыр. Мұндағылардың базалық зейнетақысы алынып тасталынып, қолдарына минималды зейнетақысы беріледі. Ал енді аударымдары  барлары  48 мың теңге алады.  Бірақ  ондайлардың  қатары  көп  емес. Орталықтағы әрбір тұрғынды бағып-қағу үшін күніне 1110 теңге, жылына 405 мың теңге жұмсалады.

Азық-түлік мәселесі жайлы  айтсам, осында тұратындардың арасынан 13 адамнан құралған  мәдени тұрмыстық  комиссиясы  бар. Міне осы адамдар   азық-түлікті алатын кезде бізбен бірге  көріп, тексеріп, қарайды. Егер  қандай  да бір кінәрат  болып, бүлінгені  болса бірден қайтарып жібереді. Еттен бастап, көкөніс, жеміс-жидекке дейін  тексеріп  алады. Конкурсқа  қатысып, ұтып алғандардың  әкелетін азық-түлігінің сапасына мән береміз. Талай мәрте қайта-рып жіберген кездеріміз болды…», – деген орталық басшысы қазіргі таңда  ғимараттың  әр  жеріне арнайы бақылау камералары орнатылғанын  да тілге тиек етті. Биыл  тағы 100  бейнекамера қойылса, бұдан бөлек 10 камераға  ақша қалып отырған көрінеді. Бұл  қаражатты  тиімді жұмсауда  камера қойылмаған жерлерге орнату  жоспарланған.

Сонымен қатар өткен жылы ғимараттың  айналасын  көгалдандыру,  абаттандыру жұмыстары жүргізіліпті.  Жарық шамдарын орнатудан бөлек, екі үлкен стадион жасалып, айналаның бәрі асфальталыныпты.  Аяқ асты  төтенше жағдай орын ала қалса деген сақтықпен ғимараттың әр қабатына   дауыстық ескертулер (голосовые оповещения) қойылған.  Мұнан бөлек облыстық  төтенше  жағдай қызметі өз қаражаттарына сирена орнатып берген.

Алма Мұханғалиқызы жақында  ғана Текелі қаласына сайланған жаңа әкім Алмас  Әділдің  орталыққа арнайы  келіп, барлық жағдаймен танысып кеткенін  де  айтты. Мұндағы атқарылып  жатқан істің мән-жайына қанық болған әкім мырза: «Сіздің әңгімелеріңізден түйгенім, өзіңіз секілді басшы отырғанда орталықтағы әрбір қарттың да жай-күйінің  жаман болмайтындығына  сенімдімін» – деп шынайы разылығын білдіріп, қандай мәселе туындап жатса көмек қолын беретінін айтқан.

Әңгіме арасында Алма  апайдан қарттар үйі, балалар үйін жабу мәселесіне қатысты ойын білген едік.

«Бұл мәселеге қатысты айтсам, бес саусақ бірдей емес. Қандай саусағыңызды кессеңіз де ол жаныңызға батары анық. Әлбетте, жаба салу, аша  салу деген оңай дүние емес қой. Сол  секілді әр адамның өмірін де ойыншық көрмеуіміз керек-ті. Меніңше, ата-анасын қараусыз қалдырған балалардан шет елдегідей   алимент төлетуді талап етуіміз керек.  Әрбір бала  өзін дүниеге әкелген ата-анасы алдында борыштар екенін  ұмытпауы тиіс. Мәселен, біздің орталықта 317 адам бар десек, оның әрбірінің өмір жолы әрқилы өрілген. Елімізде осындай орталықтарда өмір сүріп жатқан жандардың  қарасы  қаншама. Олардың әрбірінің   тағдыры  жаныңызды жегідей жейді. Амал нешік… Осындайда өмірден түңіліп, жалғыз қалған, қамқоршысы жоқ қарияларды мемлекет қараусыз қалдырмағанына қуанасың Біз қарияны құрмет тұтып, төрімізге шығарып, төбемізге көтерген халық  едік.  Ал, қазір…  Бейнетінің зейнетін көріп, төрде отырып ақыл айтар шақта ата-анамызды осындай орталықтарға апарып тастайтындардың қарасы  көбейіп тұр.

Орталық басшысы ретінде мұндағы адамдардың тағдыры мені бей-жай қалдырған емес. Олардың айтқан әңгімелерін жүрегімнен өткізе отырып әрқайсының көңіл-күйін бағуға тырысамын. Осы  жандардың аман жүруіне жауапты екенімді біліп, туыстары барларына хабарласып, сөйлесіп, үйлеріне алып кетулеріне де барынша күш салып келемін»,– деп ағынан жарылған Алма ханым балалары  шет елде тұратындар бейнебайланысқа шығып, сөйлесетінін де айтты. – Қарттарымыз күннен күнге қартайып барады. Адам қартайған сайын бала сияқты болады ғой. Сондықтан көңілдерін табуға тырысамыз.

«Шапағат» орталығының  басшысынан бастап кіші қызметкерге дейін қамкөңіл қариялардың  қас қабағына қарап,  көңілін аулап, оларға жан-жақты қолдау көрсетуді басты міндеті етіп санаса, қариялар да орталықтағы әр қызметкердің  істеген ісіне дән риза.

Басшымен тілдесуде орталықтағы 317 адамның  10-ы осы жерде бас қосып, тұрып жатқанын білдік. Сондай-ақ, мұнда мекеме ашылғалы бері тұрып келетін апамыз да бар.

«Әлеуметтік қызметкерлердің жұмысына дән ризамын»

ҚАНША  апа:  «Есімім –  Қанша болғанымен осы жердегілер Қаймақ апа деп атап кеткен.  Мекеме ашылғалы бері осындамын. Өзім – Сарқан  ауданының тумасымын. Биыл жетпіс беске толамын. Өздігімнен жүре алмағандықтан осында келдім. Қазірге дейін аман жүргенім орталықтағы қызметкерлердің   жақсы қарағандығының  арқасы ғой. Мұндағылардың  барлығы  өте кішіпейіл, кең жүректі жандар, бізге не қажет екенін қасқабағыңа қарап біледі. Қыздардың қызметіне өте ризамын.

Жас кезімде тігінші болғанмын. Мұнда келу себебім аттан жығылып, омыртқама зақым келді. Алғашқыда өздігімнен жүріп тұратынмын. Кейін жағдайым  күрт  төмендеп  кетті. Менің  алдымда ағам, әпкем және өзімнен кейін  бауырым болған. Олар  өмірден озған соң ешкімге масыл болмайын дедім. Бауырларымның, әпкемнің балалары бар. Жиі болмаса да арасында келіп-кетіп, хабарласып  тұрады. Қойдың етін жегім келгенде айтамын, әкеп береді. Қолыма алатын  зейнетақым  қажетіме жетеді. Осындағыларға «миллионермін ғой» деп айтамын (күлді). Орталықтағы  бізге қарайлап жүрген Алмадан бастап барлық қызыма айтар алғысым шексіз. Еңбектері жемісті болып, бала-шағаларының қызығын көрсін».

«Әнді сүйсең, менше сүй»

Людмила ЛУТОШКИНА, Еңбек ардагері: «Осы жерге келгелі  он үш жылдай уақыт болды. Жасым сексен екіде. Мұнда  біз үшін барлық жағдай жасалған. Бұл жерді ең әдемі үй деп айтамын.

Медицина  саласының маманымын. Қырық екі жылдық жұмыс өтілімнің  жиырма  жылын  темір  жол саласында, одан кейінгі жылдарда ауыл медицинасында, Үштөбе қаласындағы орталық ауруханада еңбек еттім.

Қызым бар. Ол қазір Санкт-Петербург қаласында тұрады. Немерелерім, екі шөберем бар. Хабарласып тұрамыз.  Пандемия болмай тұрғанда екі жылда бір барып келетін едім. Олар мұнда келгенше менің барып келуім оңайырақ. Алматыдан ұшақпен төрт сағатта жетемін. Жалпы жағдайым өте жақсы. Орталықтың директорынан бастап қызметкерлеріне дейін бізге жақсы қарайды. Жатын орын, тамақ жағы, медицинасы, шаштаразына дейін керемет. Өзім де уақытты босқа өткізбеймін. Қазақтың ұлы ақыны Абай: «Әнді сүйсең,  менше сүй» деген ғой. Сол айтқандай, ән шырқағанды ұнатамын. Өткенде ғана байқауға қатысып, бірінші орынды жеңіп алдым. Зейнетақымызды алу үшін банкомат та осы жерде. Моншамызға түсеміз. Біздің осындай жасқа жетіп, аман-есен жүргеніміздің өзі, еш алаңсыз өмір сүріп жатқанымыздың арқасы ғой».

Алғысымыз  шексіз

Елена КОТЛЕРОВА: «Үштөбе қаласынан келдім. 84 жастамын. Қырық жыл Қаратал ауданында еңбек еттім. Мұғалім болдым, аудандық атқару комитетінде істедім, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқардым. Жалғыз  ұлым  бар,  Ресейде тұрады.

Осы орталыққа келер алдында барсам ба, бармасам ба деп ойландым. Бірақ мұнда өте жақсы екенін естіп білдім. Сөйтіп, көршім әрі құрбым екеуміз бірге келдік. Бізді  райымыздан қайтармақ болғандар да болды.  Дегенмен ешкімнің сөзіне мән бермей келдік. Келгеніме еш өкінбеймін. Жағдайым  жаман емес. Бұл жерге алғаш келгенде ертегідей, құдды бір жұмаққа тап болғандай сезінгенім рас. Мұндағылар  жақсы қарсы алды. Жүрек ауруымен учетта  тұрамын. Жақында  кардиологтың қабылдауында болғанда жүрегімнің жақсарғанын айтты. Таза ауа, климат қана емес, жақсы жандардың қамқорлығының арқасында ғой осындай оңды өзгерістің болғаны. Өте ризамын. Барлық қызметкерге айтар алғысым шексіз».

* * *

Нина КИМ: «Жақында  сексенге толамын. Қаратал ауданының тұрғынымын. Осында құрбым екеуміз бірге келдік. Соңғы он үш жылдық жұмыс өтілімде  аудандық  әкімдікте  жалпы  бөлімді  басқардым. 1998 жылы зейнеткерлікке шықтым. Үш балам бар. Үлкені Бішкекте тұрады. Мені алып кетпек болған. Бірақ  жалғыз тұрып үйреніп қалғандықтан,  бармадым. Одан кейінгі ұлым Кореяда, қызым Германияда тұрады. Балаларыммен  жиі хабарласамын. Қызым екі жылда бір келіп кетеді. Мұнда  келгеніме өкінбеймін. Ешқайда шықпай-ақ қажетіміздің бәрін осы орталықтан алып отырмыз. Өз атымнан Алма Мұханғалиқызына, осындағы барша ұжымға алғысымды білдіремін».

* * *

Есімғали ТҰРАРБЕКОВ: «Ақсу ауданының Сағабүйен ауылының тумасымын. Бауырларым, әпкем де қайтыс болып кеткен. Қызым бар. Екі ұлым болған. Олар да өмірден өтіп кетті. Мұнда келгелі алты жылдай уақыт болды. Промзонада жұмыс істеп жүргенімде денсаулығым сыр беріп, қарайтын ешкім болмаған соң осында келдім. Орталықтағы  керемет күтімнің арқасында денсауылығым да жақсарды.  Бұл жер өзіме ұнайды».

* * *

Антонина ИВАНОВНА: «Осында тұрып жатқаныма  он жеті жыл болды. Жасым жетпіс алтыда. Мұнда келген соң Виктор Алексеевич атты азаматпен бас қосып, бірге  тұрып жатырмыз. Өзім Семейдің тумасымын. Кейін Ескелді ауданы Қарабұлақ кентіне қоныс тептік. Қызым бар, Украинада тұрады.  Басқа не айтайын. Орталықта біз секілді жандарға  барлық жағдай жасалған.  Алғыстан басқа айтарым  жоқ».

* * *

Дана  ЖОЛДЫБАЕВА:  «Өткен жылдың желтоқсан айында  келгенмін. Негізі Талдықорғанда тұрдым. Жасым жиырма  жетіде. Анам  қайтыс  болған соң осы орталыққа келдім. Себебі, туабітті мүгедекпін. Сіңілім бар. бірақ оған ауыртпалығымды салғым келмеді. Бұл жаққа келгелі жаман емеспін. Адамдармен араласып, тіпті  Болат есімді азаматпен бас қосып, отбасылы болсам деймін. Әзірге ойланып жүрмін. Өмір деген, уақыт деген зуылдап  өтіп жатыр.  Жалғыздан жалғыз қарайып отырғанша отбасын құрсам деген ой ғой менікі».

«Аталарға арналған «бақша»

Нұрқасым ӘБІТАЕВ, зейнеткер:   «2006 жылдан бері Текелі қаласында тұрамын. «Шапағат» орталығынан қала қарттары үшін арнайы бағдарлама негізінде  ашқан күндізгі бөлімге келемін. Қала әкімінің орынбасары айтқандай, «аталарға арналған бақша» ғой ( күлді). Қариялар үшін осындай бөлімді ашқанына  қуаныштымыз. Ертеңгісін сағат сегізде келіп, кешкі бестерде үйге қайтамыз. Мұнда барлық жағдай жасалған. Тамағымызды  береді,  денсаулығымызды жіті қадағалайды.  Сағат тоғызда тренажер  залына барамыз. Одан шыққан соң біріміз теледидар көруге, енді біріміз бильярд, шахмат ойнаймыз, кітапханаға барып кітап оқитын кездеріміз де болады. Үйде қамалып  отырған  біз  үшін  өте  жақсы болды. Осында келіп серпіліп қалдық. «Шапағат» орталығының ұжымына деген алғысым  шексіз. Осындай бағдарлама енгізген басшылыққа да дән ризамыз.

«Қарты бар ел – қазыналы ел» демекші, қарияларын осылай құрметтегендері үшін рақмет. Барлық қатарластарымды  Халықаралық  қарттар  күнімен шын жүректен құттықтаймын.  Осы мереке алдында сіздердің де келіп жатқандарыңыз қуантты. Ел іргесі тыныш болғай!».

Түйін орнына: Қазақ  «қазынам» деп әспеттеген қариялар қара басы қауқайып бөтен босағаны паналап жүр. Олардың кейбірінен балалары мен туыстары теріс айналған. Енді біреулері тағдырдың тәлкегімен жақындарынан айырылып, қараусыз, жалғыз қалған жандар… Қариялар қатары күннен күнге сиреп барады. Сондықтан қарттарымызды барында қадірлей  білейік.  Мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті қариялар!

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

ТАЛДЫҚОРҒАН –ТЕКЕЛІ


ПІКІР ЖАЗУ