Қараталда күріш ору науқаны аяқталды
Жетісу облысында күріш өсіретін жалғыз өңір – Қаратал ауданы. Жер ыңғайы мен климаттық ерекшелігіне қарай дәнді дақылдың осы түрімен мұнда 3 ірі шаруашылық және онға жуық шағын шаруа қожалығы айналысады. Биыл аудан 3 мың тоннадан астам өнім алыпты. Жалпы ауданда 24 800 гектар суармалы егістік болса, соның 8 мың гектары – дәнді дақыл. Өткен жылы күріш 800 гектарға егілсе, биыл 950 гектардан өнім жиналған.30 жылдан бері күріш өсіріп оны өңдеумен айналысып келетін «Үштөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудандағы ірі шаруашылықтың бірі. Шаруашылықтың 1351 гектар жері бар. Онда майбұршақ, дәнді дақылдар мен мал азығы егіледі. Биыл күрішті 260 гектарға сеуіп, одан 1100 тоннадан астам дән жинады. Өнімнің орташа шығымы 40ц/га құрап отыр.
Мекеме басшысы Арман Ахметбаев өткен жылы 500 гектарға күріш егіп, оның 240 гектарынан су тапшылығына байланысты өнім ала алмағандарын айтты. Сол себептен осы жылы күрішті тек 260 гектар жерге еккен.
– Бұрынғы жылдарға қарағанда биыл су жеткілікті, ауа райы да қолайлы болды. Соған қарай өнім жақсы шықты. Қазір жиын-терін науқаны аяқталып қалды. Дақылды сабағынан кесеміз, бір аптадай алқапта күн астында жатып қураған соң күріш дәні жиналады. Сосын қоймаға апарып бастырамыз. Серіктестіктің цехында қаптап, нарыққа жөнелтеміз. Өніміміз негізінен жергілікті тұрғындарға саудаланады, Жетісу мен Алматы облысының сауда орындарына жіберіледі, – дейді серіктестік директоры А.Ахметбаев.
Күріш жинау басқа дақылдарға қарағанда үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ол суда өсетіндіктен алдымен орып, одан кейін кептіру қажет. Осы орайда шаруашылықтағы агроном Вилорий Цой үкімет тарапынан барынша көмек көрсетіліп жатқандығын жеткізді. Жалпы саны отызға жуық техниканың он бірі мемлекеттен беріліпті.
– Бізде күріштің қызылордалық «Янтарь» және ирандық «Кусар» сорттары егіледі. Бұл екі сортқа белгілі себептермен тоқталдық. Ауданымыз салыстырмалы алғанда солтүстік аймақта орналасқандықтан және Қаратал өзенінің басында отырғандықтан, алқап суаратын су жылып үлгермейді. Біздің осындай ерекшелігі бар климатымызға осы екі сорт көбірек қолайлы. Өнім сапасын төмендетіп алмау үшін екі жылда бір рет тұқымды жаңартып отырамыз. Өзім зейнетке шыққанмын, бірақ шаруашылыққа көмектесіп, тәжірибемді жастарға үйретіп келемін, – дейді серіктестіктің агрономы Вилорий Цой.
Дала төсін дүбірге бөлеген шаруалар астықтың бір талын да шашпай жинау үшін күн-түн демей жұмыс жасауда. Жаңа техникалардың арқасында бір комбайншы күніне шамамен 20 гектар егістікті шаба алады.
Жалпы Қаратал ауданы бойынша үш ірі, жеті ұсақ шаруашылық күріш өсірумен айналысады. Мемлекет тарапынан оларға көктемгі және күзгі дала жұмыстары үшін 800 тонна дизель отыны бөлінген. Шаруалар өздеріне керекті жанар-жағар майды көктемгі егістік жұмыстарына наурыз айынан бастап, күздегі жиын-терінге шілде айынан бастап аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастар бөліміне өтініш қалдыру арқылы ала алады. Келер жылы тағы жаңа техникалар алуды көздеп отырған «Үштөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өнімдерін екі есеге көбейтуді жоспарлауда.
Айдана СМАҒҰЛ