Баға аспандап барады

0
372

Қазақта «Ас атасы – нан» дейміз. Бірақ оның қадір-қасиетіне жетпейміз. Күнделікті жұрт тұтынып жүрген азық-түлік  бағасы қолжетімді болғаны дұрыс-ақ. Алайда қазір керісінше нанның бағасы аспандап тұр. Оның  көтерілгені тұрғындарды алаңдатып отыр. Мәселен, өңірде бөлке нан бағасы 160 теңге болса, қара бидай ұнынан жасалған нан бағасы 200 теңгеге дейін сатылуда. 2022 жылғы маусымда азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылғы маусыммен салыстырғанда 19,2 пайызға өсті. Мұндай деректерді ұлттық статистика бюросы келтіріп отыр.  Биыл республикада 342,4 мың тонна нан өндірілді, ал баға өсімі 19,4 пайызды  құрады.

Мамандар мұның себебін елімізде орын алған құрғақшылықтың салдарынан, егістік  көлемінде бидайдың аз болуынан деп топшылауда.Ал еліміздің ауылшаруашылық өнімдерінің көп бөлігі экспортқа бағытталған. Соның ішінде ұнымыз да бар. Иә, біздің ұнның әлем бойынша беделі бар, тіпті, экспорт бойынша көштің басында 2-ші орында тұр. Бүкіл халық тұтынатын қазақстандық ұн Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қытай және басқа да елдерге экспортталады. Егер азық ең әуелі өзімізге жетпейтін болса, оны өзге елге шығарып, шет елдің нарығын көтергенімізден бізге қандай пайда?

Қымбатшылықпен қалай күресеміз  десек, ең бірінші ұсыныс көлемін арттыру  қажет. Яғни, өндірістерімізді көбейтіп, одан алатын өнімнің де мөлшерін ұлғайтуымыз тиіс. Егер тауар көп болып, ал сұраныс төмен болса оның бағасы мүлдем көтерілмейді. Ендеше басты мәселе – өндіріс компаниялары  мен диірмендердің дамуына келіп тіреледі.

Расында, мемлекетте ұн өндіру саласы мемлекеттік қолдау мен дамытуды қажет етеді. Себебі осыдан 20 жыл бұрын елімізде 2300 ұн өндіретін компания болса, содан қалған 300-ге жуық диірменнің 50 пайызы банкротқа ұшырап, тоқтап қалған, жұмыс орындары қысқарып, жабылып жатыр. Трейдерлер күзде диқандардан бидайды сатып алып, шетелдерге сатуда. Ал ұн тартатын диірмендер шикізатқа зәру болып отыр. Бұл жағдай да өндірістің құлдырауына әкеліп соғады. Онсыз да ас-ауқатқа ақшасын әзер жеткізіп отырған  халыққа  бұл  жайттың бәрі соққы болып тигені жасырын емес. Жауапты билік мұны түрлі жағдаймен байланыстырады.

«Бақылауға аламыз», «Назарға алынады» сынды жаттанды жауаптардан арылып, баға  мәселесіне  тура қарайтын кез жетті емес пе? Қалай айтсақ та баға байлауға көнбей барады.  Бұған жауаптылар да үнсіз отыр.  Неге?

А. НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ