Балаларға шүйліккен ши бөрілер

0
497

Ащы болса да шындық. Бүгінгі қоғамда  адамдардан асқан қатігез жоқ. Бәрі тасбүйрек, аяушылық сезімдері өшкен. Кішіпейілділік, кешірімділік дегеннен ада. Бірін-бірі табалау, жұлып жеу, пышақтап тастау, зорлық-зомбылық  жасау, әлімжеттік көрсету, қағанағын жарып шыққан баласын күл-қоқысқа, әжетханаға лақтыру, қыл аяғы буыны қатпаған сәбилерді зорлау өрттей қаулап барады. Айтуға аузың бармайды. Адам баласы неге хайуаннан асып, жыртқыш болып кетті. Ғаламтор желісіне көз сүзсеңіз, зорлық-зомбылықтан зәбір көргендер, сот үкімін арқалаған арсыздардың жасаған іс-әрекетін көргенде қаның басыңа шабады.

Алла Тағала адам баласын жаратқанда  ақыл-ес, сана берді. Жақсы мен жаманды айырсын, обал мен сауапты білсін, мейірімді болсын деп жүрек берді. Адамның хайуаннан артықшылығы сол. Алайда сол адамзат баласының жүрегі қатайып, көзін шел басып, нәпсісін тия алмай, өз күшігін талғамай жеген доңыздың  қылығын жасап жүргенін немен түсіндіруге болады. Зорлық-зомбылықтан ләззат алып  жүргендерді   адам  деп  айтуға бола ма?  Мұндай  адамдарды  ауру дейін десең, сот үкімі шыққанда  әлгі жексұрындардың денсаулықтарында ешқандай ақаулықтары жоқ екені анықталып, 20-25 жылды арқалап абақтыға кетіп бара жатады.

Кешегі Кеңестік кезеңде бала түгілі, кәмелет жасқа толған әйелді зорлағандар түрмеге түссе күндері қараң болатын. Ал бүгінгі қоғамда түрмеде отырғандардың 30-40 пайызы зорлық-зомбылық көрсеткендер. Олар абақтыда еш қысылмай, қымтырылмай тиісті жазасын өтеп, тіпті, мерзімінен бұрын шығып тағы да қыз зорлап баяғы әдетіне басып жүр. Оған мысалды алыстан іздеп қажеті жоқ. Жетісу облысы, Панфилов ауданына қарасты «Шолақай» ауылында 15 жастағы қызды зорлап, өлтіріп, өлігін өртеп көміп тастаған жантүршігерлік оқиға биылғы жылдың шілде айында болды.

Жасаған қылмысын жасырмақ болған күдікті  Рустам Ахметов бұған дейін де кәмелет жасына толмаған қызды зорлап, сотталған. Түрмедегі тәртібі жақсы болғандықтан мерзімінен бұрын босап шыққан. Одан шыққан соң тағы бір мәрте қыз зорлап, жазадан құтылып, сол қызға үйленіп тынған. «Ауру қалса да әдет қалмайды» дегендей, үшінші мәрте тағы да кәмелетке толмаған қызды қорлап, қорлағанымен қоймай өлтіріп, сүйегін өртеп, түк болмағандай жайбарақат жүрген. Міне, біздің қоғамның қылмыскерлерге деген мейірімді көзқарасының арқасында бір емес, үш бірдей кәмелет жасына толмаған қызды зорлаған дойырды мерзімен бұрын түрмеден босатудың ақыры немен тынғанын көріп отырмыз.Зорлық-зомбылыққа қатысты заңды қатайттық, жасөспірімдерге жәбір көрсеткендерге «катастрация» жасалатын болды деп қуандық. Бірақ оның  нәтижесін көріп тұрғамыз жоқ. Екі күннің бірінде балалар зорлық-зомбылыққа ұшырап жатыр деген ақпаратты оқып, зығырданымыз қайнап, қанымыз басқа шабатын болды. Көгілдір экран  мен әлеуметтік желіге үңіле қалсаң, «Өгей әкесі болмаса өз әкесі баласын зорлапты, тіпті бұл әрекетін ұзақ мерзім жасап келіпті» деген суық хабардан денеміз түршігетін болды.

Талдықорған қаласында 13 жасар қызға 49 жастағы өгей әкесі зорлық көрсеткен. Бұл оқиғаның анық-қанығын  өткен жылы қараша айында  мұғалімдер анықтаған. Өрімдей баланың өміріне балта шапқан жексұрын әке 20 жылға сотталды. Бір емес, бірнеше рет зәбір көрген қыз бала өз-өзіне қол салмақ болған. «Бақсам бақа екен» демекші, 49 жастағы өгей әке 2002 жылы Атырау облысында осындай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын түзеу мекемесінде өтегені анықталған. Екінші рет тұрмыс құрған, зорланған қыздың анасы, күйеуінің бұрын қыз зорлағаны үшін сотты болғанын білмеген. Опасыз әкенің қыз балаға жыныстық зорлық-зомбылықты 8-9 жасынан бастағаны тергеу кезінде анықталған. Панфилов және Талдықорған қаласындағы болған бұл зорлық-зомбылықты жасаған екі қылмыскер де бұрын осындай әрекеттері үшін сотты болғанын ескерсек, қылмыстарын  қайталай  жасағандарды үшін  ұзақ мерзімге соттағаннан қоғам не ұтады.

Мұндай тасжүректерді «катастрация» жасағаннан кейін бостандыққа шыққан соң, олардан қоғамға келер қауіп-қатер сейіле ме? Неге бұларды өмір бойы бас бостандығынан айырмасқа деген заңды сауал туындайды. Мәселен, Шешенстанда  ана бір жылы қыз зорланған-ды. Заңда ату жазасы көзделмеген болса да, қылмыскерді қабырғаға тұрғызып қойып атып тастаған бейнежазба әлеуметтік желіге тараған болатын. Бұл халықтың көз алдында болған оқиға. Бізде неге солай жасамасқа деп айтуға біздің құқығымыз жоқ. Біз демократиялы елміз дейміз. Алайда зорлық-зомбылық көрсеткендерді заң аясында жазалаймыз. Мерзімінен бұрын абақтыдан шығып, қайтадан сол қылмысын жасағандар қаншама бүлдіршіндердің обалына қалуда. Олар ұзақ мерзімге сотталғанымен, жәбір көрген жасөспірімнің жан жарасы жазыла ма?

Буыны қатып бекімей жатып, психологиялық соққы алғандар есейе келе ортада қандай адам болып қалыптасады. Олардың жүрегінде үлкендерді жеккөрушілік, оларға деген өшпенділігі ұлғаймасына кім кепіл бере алады. Мың жерден психологтар жұмыс жасағанымен, жәбір көргендердің ортаға қайта қалыптасып сіңісіп кетуі оңайлыққа соқпайды. Өйткені олардың жүректері шошынып қалған. Бойларында үрей басым, әрі қорқақ болып өседі. Тұйықталып қалады. Ардан аттағандар хайуанда бар тектілікті сақтай алмаған, өз жатырына өзі шапқан еркек кіндіктілерді адам деп айтуға аузың да бармайды. Жылқы деген жануар бар, айғыры өз үйірінен тараған ұрпағына шаппайды. Мезгілі келген уақытта ұрғашыларын үйірден бөліп шығарып жібереді. Қазақи  тілмен айтқанда, аналық байталдарды бөліп тастайды.

Ал адам баласы осы жылқы құрлы бола алмай қалды. Мәселен, Павлодар облысында алты жыл бойы өз қызына зорлық көрсетіп келген жексұрын әкесі 25-жылға сотталғанын «Azattyq Ruhy» сайты әлеуметтік желіде таратты. Көзі қарайған көргенсіздің бұл әдепсіз қылығын алты жыл бойы жалғастырып келгені сотта дәлелденген. Зорлық көрсеткенімен қоймай, дәрменсіз жәбірленушіге венерологиялық ауру да жұқтырған. Үкім заңды күшіне енді, айыпкер абақтыға тоғытылды. Әкесінен жылылық көрмей, зорлық көрген қыздың тағдыры тас-талқан болды. Мұндай арсыздарға  20-25 жыл мерзімге соттау менің пайымымда өте жеңіл жаза. Мұндайлардың жазасы өлім, не  өмір  бақи түрме болуы керек.

Тал шыбықтай бүр жарып, енді көгеріп-көктеп келе жатқан балапандарын аялап өсіріп, ақ жолға салудың орнына бас салып, тәнін-жанын ауыртып, күш көрсеткен тексіздерді  әке деп айтуға бола ма? Үстіміздегі жылдың сәуір айында Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында 4 жасар қыз баланы зорлады деген күдікпен 43 жастағы ер адам ұсталған. Бұл  жиіркенішті хабар қоғамда біраз резонанс туғызды.

Өмірдің ақ-қарасын әлі ажырата алмаған ойын баласына қырма сақал, қырықтан асқан жігіттің қол жүгіртуі қандай адамдық факторға жатады. Тіпті, жүз жерден мас болса да балаға жәбір көрсеткенде «мас болыпты» деп ақтап алуға тұра ма? Соңғы жылдары 3-15 аралағындағы кәмелеттік жасқа толмағандарға  зорлық-зомбылық көрсету көрсеткіші көбейіп бара жатқаны ақпарат құралдары мен ғаламтор желісіндегі жаңалықтардан түспейтін болды. Мысалы 2020 жылы республика бойынша кәмелеттік жасқа толмағандарға зорлық көрсетілген 199 қылмыстық іс тіркелген.

2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда кәмелетке толмағандарға қатысты 1,7 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 14,8%-ға артық, деп хабарлайды Egemen.kz Ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Кәмелетке толмағандарға қатысты барлық қылмыстардың 58,5%-ы жеке тұлғаға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарға жатса, 999 жағдай – бір жыл бұрынғыға қарағанда 14,2%-ға көп. Көбінесе он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттер (270 жағдай), зорлау (204 жағдай), жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері (180 жағдай), жас балаларды азғыру (125 жағдай), денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру (68 жағдай) сияқты қылмыстар жасалған.

Ақпаратты көріп, жасөспірімдерге жасалып жатқан қиянаттың өскенін көруге болады. Оларды қорғап қолдаудың   орнына,  оларға   жәбір көрсетіп  жүргендермен  шынайы күрес жүрмесе, бұл індет асқынып кетуі бек мүмкін. Біз балалардың тәлім-тәрбиесін отбасынан бастау  керек  деп  жүрміз. Ал  сол балаларға жәбір көрсетіп жүргендердің тәрбиесімен тек құқық қорғау органдары ғана  айналысып жүр.

Бұл бағытта жергілікті билік, идеологиялық бағдарламаны күшейтіп, ел арасына құқық қорғау органдарымен  жиі  шығып, отбасылық мәселелерді талқыға салып, әрі зорлық-зомбылық орын алған жанұялардағы мейірімсіз әкелерді қатаң бақылауға алуы қажет. Ал зорлық-зомбылықпен сотты болғандарды, әсіресе балаларға шүйліккен ши бөрілерді қоғамнан мүлде аластату туралы қатаң заң енгізілмей, бұл қылмыс тоқтамайды. Бір емес, екінші, үшінші мәрте қылмысқа барғандарды адам санатына жатқызудың өзі әбестік. Себеп, олар жемтігін тек кәмелеттік жасқа толғандардың арасынан іздейді. Әйтпесе, есі дұрыс әке өз баласына қол сала ма? Өгей әке өрімдей балаға қатыгездік жасай ма?

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ