200 мың тонна өнім қабылдайды

0
510

Соңғы  тоғыз  ай ішінде Көксу ауданында 24,2 млрд. теңгенің  ауыл шаруашылық  өнімі өндірілген.  Бұл туралы Жетісу облысының ақпараттық алаңындағы баспасөз мәслихатында аудан әкімі Марлен Көлбаев  мәлім етті.Спикердің сөзінше, аудандағы ауыл-шаруашылығының егістік көлемі 31710 гектарды құрайды. Қазіргі кезде  9790 гектар дәнді  дақыл жиналып,  қамба  23,9 мың тонна астықпен толыққан. Өңірдегі негізгі табыс көзі – қант қызылшасы.  Ерте көктемнен себілген  1200 га қант қызылшасынан тәтті түбірді жинау науқаны басталған. Қыркүйек  айынан  бастап зауыт қант қызылшасын қабылдауды бастап, өңдеу жұмыстарына кіріскен.

«Биыл  зауыт 200 мың тоннадан астам қант қызылшасын қабылдауды жоспарлап отыр.  Сондай-ақ  1 тонна қант қызылшасын 30 мың теңгеден қабылдайды, оның сыртында қосымша тасымалдау жол ақысы төленеді»,  –  деп атап өтті аудан әкімі. Бүгінгі таңда ауданда күзгі егіс басындағы жұмыстар қыза түскен.

Өнеркәсіп саласына келсек, Көксу  қант зауыты  биылғы  сәуір-қыркүйек  айында 18  млрд. теңгеге 48 мың тонна  қамыс қантын өндірсе, қазан мен желтоқсан айларында қант қызылшасынан 24 мың тоннадай қантты өндеу көзделуде.Марлен Қапашұлының айтуынша,  майбұршақ өндейтін  «Уыз Май Industry» зауыты 4,2 млрд. теңгеге 8,6 мың тонна өнім шығарса, «Строитель»  ЖШС  1 млрд. теңгеге 25,6 мың тонна құрылыс материалдарын өндірген.

Шағын және орта бизнесте де дамудың оң динамикасы сақталған. Қазір ауданда осы салада  5687 адам жұмыс жасайды. Есепті кезеңде шағын кәсіпкерлікте өндірілген өнім және көрсетілген қызмет көлемі 5 млрд. 241 млн. теңгегені құрап, бюджетке  426 млн. теңге салықтық түсімдері түскен. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытудың  2021-2025  жылдарға арналған Ұлттық жобасы аясында жұмысқа орналасуға ниет білдірген 1753 жұмыссыздың 1189-сі жұмысқа орналастырылған. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейі  4,9  пайызды құраған.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ