Жұмекен оқуларының жеңімпазы

0
464

Нағыз өлең  – адам денесі сияқты құрамды құбылыс. Оған ой да, сезім де, шеберлік те – бәрі керек. Өлең осы керектілердің бәрін өз бойына сіңіріп, төрт аяғын тең басқан кезде ғана жатталып қалмақ. Ақын ағамыз Төлеген Айбергенов айтқандай-ақ, күні бүгінге дейін поэзия сегіз қырлы, бір сырлы, төрт аяғын тең басқан таңғажайып болып келді, біздің  бүгінгі кейіпкер үшін де  солай болып қала бермек...

Күні кеше  Атырау  облысында  қазақтың классик ақыны, Қазақстанның Мемлекеттік Гимні авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің  байқауы ұйымдастырылды. Жыл сайын дәстүрлі   түрде  өткізіліп  келетін  байқау қорытындысында  Жетісу облысының атынан қатысқан  Аршын  АЙДЫНБЕКҰЛЫ  бірінші орынды иеленді.

Байқаудың ерекшелігі мұнда тек 18 бен 35 жас аралығындағы өнер саласына мүлдем қатысы жоқ жандар ғана бақ сынайды. Дәстүрлі байқау болғасын ұйымдастыру жағы да ерекше назарға алыныпты. Қатысушылардың жол ақысы, жатын орнына дейін ұйымдастырушы тараптан қолға алынған.

Атырау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мұрындық болуымен өткен шараға әуелде 16 үміткер қатысуға ниет танытқан. Дәлірек айтсақ, әр облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жергілікті өңірден бір үміткерді ұсынған. Алайда байқауға дейін әртүрлі себептермен саны қысқарып 13 қатысушы бақ сынаған.  Байқау  шартының  бірінші кезеңінде  Жұмекен шығармашылығынан еркін тақырыпта бір өлеңін мәнерлеп оқу міндеттеліпті.  Тартысты сында  Аршын Айдынбекұлы автордың «Топырақ» өлеңін оқыса,  екінші кезеңде «Даңқ пен дақпырт» повесінен үзінді оқыған.

Жетісу облысының атынан қатысқан жеңімпаз күллі түркі жұртының ата қонысы болған, адамзат тарихының алтын арқауы өр Алтайдың күнгей бетіндегі  Шығыс Түркістан топырағында дүниеге келген. Алтайдың төсінде асыр салып, ауасын жұтып, асық ойнап ер жетеді. Туған жердің табиғаты да адам тағдырына айрықша әсер етеді деген сөз бар. Бала жастан сұлулыққа, көркемдікке, табиғи тазалыққа жаны құштар болып өседі.2002 жылы Зайсан ауданына қарасты Шілікті орта мектебінің табалдырығын аттайды. Бала кезінен  кітапты жата жастанып оқып жүріп, сөзден сурет салған баланың қабілетін сынып жетекішісі байқайды. Оған қарттар күніне орай өлең шығар деп тапсырма береді. Осылайша поэзияға әуес болған бала ең алғашқы өлеңін 6 сыныпта жазыпты. Содан бері қолы босаған уақытта отыра қалып,  ақ қағазға өлең жазып, поэзияны  жанына серік етеді. Мектепішілік іс-шараларға белсене қатысады. Сахналық қойылымдардың сценарийін жазып, мерекелерге арнайы өлеңдер шығарады. Аудандық, облыстық Абай, Шәкәрім оқуларының жеңімпазы,  түрлі мүшәйралардың   жүлдегері  атанған.

2013 жылы мектепті үздік аттестатпен бітіріп,  Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне құжаттарын тапсырады.  Аталмыш оқу орнының филология факультетінің студенті атанып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Бұдан  кейін білімін одан әрі тереңдету мақсатында аталған оқу орнында тарих мамандығынан магистр дипломын алады.

Студент бола жүріп, 2014 жылы «Алдар-көсе» қуыршақ театрында актер болып еңбек жолын бастаса, 2020 жылдан бері қарай  «Жетісу» радиосының редакторы болып қызмет атқарып келеді.

– Негізі мектеп жасынан арманым журналист болу еді. Әсіресе рухани, ұлттық тақырыптағы деректі фильмдерді, танымдық хабарларды көру қатты ұнайтын. Сол сүйіспеншіліктің жетегінде жүргенде Қазақстан ұлттық телеарнасынан «Айтуға оңай» хабары көрсетіле  бастады. Қазақ журналистикасының қайраткері, марқұм Бейсен Құранбек ағамыз тізгіндеген бағдарламаны ауылда еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін тапжылмай тамашалайтын. Қаншама мұқтаж жандарға қол ұшын созып, көптің ықыласына бөленген хабар журналистикаға деген ынтызарлығымды одан әрі оятты. Менің де елге жәрдемдескім келді, сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу  болып ақпарат таратуға әуестігім артты, – дейді Аршын Айдынбекұлы.

Бүгінде ол үлкен жауапкершілікті талап ететін жолда аянбай еңбек етіп келеді. «Жетісу» радиосындағы «Шапағат», «Ғибрат», «Қайраткер», «Естелік», «Күнделік», «Білте шамның жарығы» сынды хабарларды жүргізіп жүр.

– Бұл саланы өзім жаныммен қалап таңдап келдім. Сол уақыттан бері қарай бірде бір рет мамандық таңдағаныма деген өкініш болмапты. Қайта уақыт өткен сайын тәжірибе жинақтай түстім. Журналистикаға қадам басып, қатардан көрініп жатсам ең әуелі радиомыздың жетекшісі Есболат Айдабосын ағамның себепкерлігі деп білем. Жоғары оқу орнын бітіріп, магистратурада білім алып жүрген кезде Есболат аға жұмысқа шақырған еді. Содан бері өзінің ағалық ақылын айтып, шығармашылық бағыт-бағдар беріп қолдап келеді. Және  де  радиомыздың  бас редакторы болған Айнұр Төлеу әпкеммен әріптес болып, тәлімін алдық.

Журналистік жолда  марқұм Нұртілеу Иманғали, Бейсен Құранбек сынды аға-лардың жолын өзіме үлгі, өнеге ретінде ұстаймын, – дейді кейіпкер ағынан жарылып.

Орынды айтылған жылы сөз адам жанын жадыратып, жігерлендіреді. Аршын аға жайлы оның айналасындағылар да  жақсы пікірде.

Салтанат ЖЕКСЕНБЕК, «Жетісу» радиосының журналисі: – Аршын ағамен бірге әріптес болып келе жатқанымызға екі жылдың көлемі болды. Осы уақытқа дейін  оның  бойынан бір ерсі қылықты байқамаппын. Өзінің сабырлығымен, ұстамдылығымен, ақкөңілділігімен ерекшеленетін адам. Әрдайым білмеген нәрсеміз болса ақылын айтып, жол сілтеп жүреді. Ол әр бағдарламаның ұсақ-түйегіне дейін мән беретін, жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын  жақсы маман. 

Мұхтар КҮМІСБЕК,  ақын, «Егемен қазақстан» газетінің тілшісі, досы:

– Оның – жаны театр. Сахнадағы образды санаға сіңіріп, қарашығына қоныстанған сюжеттерді үнемі жүрегінде әлдилеп жүреді. Әнге деген, өлеңге деген көзқарасы өзгеше…Өзі баяғы радиоларда шырқалатын ескі әндердің ырғағы секілді… Болмысы баяу, талғамы терең… Жыр оқығанда басқа кеңістікке көтеріліп кетеді. Тағдыр жолы журналистикаға  жетектеп  әкелмесе, нағыз театр актері болатын азамат.

Расында, кейіпкер өз жұмысын тыңғылықты орындап жатқанын өз  ісімен дәлелдеп келеді. Жұмысының қаншалықты жемісті болып жатқанын эфирге арнайы келіп алғыс айтып жүрген тыңдармандарынан  байқауға болады. Оның айтуынша, эфирге ризашылығын айтып келетін тыңдармандар сөзі оған   шабыт береді. Соның арқасында жұмыс сапасы да жоғары болмақ.

Әріптесімізді алған жүлдесімен құттықтап,  жұмысына шығармашылық табыс тілейміз. Жұлдызыңыз жана берсін, Аршын!

Арайлым НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ