Сайлауға дайындық пысықталды

0
711

Жетісу  облысының  орталығында  республикалық Орталық  сайлау  комиссиясының  мүшелері арнайы  семинар-кеңес  өткізіп,  алдағы  20  қарашада өтетін  кезектен  тыс  президент  сайлауына дайындық  жұмыстарының  барысымен  танысты.

Облыстық, қалалық, аудандық сайлау комиссияларының төрағалары, саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан алқалы жиынды ашып, жүргізген Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина алғашқы сөзді ОСК Сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Сәуле Қазыбаеваға берді. Биылғы сайлауға дайындық, өткізу ерекшелігі туралы айтқан баяндамашы кандидаттығы мақұлданбаған үміткерлерге кедергі келтірген себептерді, халықаралық байқаушыларды  тіркеудің  тәртібін  түсіндірді.

– Қазақстан  Республикасының  «Сайлау туралы» Заңына сәйкес шет мемлекеттердің,  халықаралық  ұйымдардың  байқаушыларын  аккредиттеу мерзімін Орталық сайлау комиссиясы бекітеді, – деген Сәуле Тұрсынханқызы аккредитациядан өткен байқаушылардың санын нақтылай кетті.  – 2022 жылғы 22 қазанда  халықаралық  байқау  институты ашылды. Халықаралық байқаушыларды аккредиттеу жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де, дауыс беруге  5  күн қалғанда, яғни, 14 қарашада кешкі сағат 18.00-де аяқталады. Бүгінгі таңда Орталық сайлау комиссиясы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, ТМД миссиясы, Түркі мемлекеттерінің ұйымы, ТМД парламентаралық ассамблеясы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымының Парламенттік ассамблеясы сынды 6 халықаралық ұйымнан және Әзірбайжан, Грузия, Палестина, Армения, Мажарстан, Болгария, Ресей, Швеция елдерінен 125 байқаушы аккредиттелді.

Одан соң кезекпен мінберге көтерілген Жетісу облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Бақытгүл Нүсіпова мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының  орынбасары  Ермек Мизамбаев биылғы сайлауға дайындықтың есебін беріп, мүгедектердің дауыс беруін қамтамасыз етудің жай-жапсарын жеткізді.

Семинар-кеңестен соң Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Талдықорған қаласындағы сайлау учаскелерін аралап, дайындығын көрді.

Қарқынды жұмыс жүруде

Түркістан облысында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп, өңірдегі  1 миллион 165 мың 900 сайлаушыға 919 сайлау учаскесі қызмет көрсетуге дайын тұр.

Осы сайлау учаскелеріне 2700-дей ерікті «AMANAT» партиясының атынан сенімді өкіл ретінде тағайындалды. Бекітілген сенімді өкілдердің жұмысын дұрыс жүргізу мақсатында аудандарда 17, ал қалалық жерде 192 адам жұмыс істейді.

Еске салсақ, 22 қазан күні мемлекет басшысы болуға үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтын коалиция құрылды және рухани өңірде қоғамдық штаб ашылып, өз жұмысын бастады. Осыған орай, Президенттікке үміткердің саяси науқан алдындағы бағдарламасын жан-жақты насихаттауда облыста 18 штаб және 589 сенімді өкіл үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Олардың арасында «Ақ Жол» партиясының 17 және Қазақстанның Халықтық партиясының 4 өкілі бар. Ал насихаттау барысында штаб мүшелері 1800-ден астам іс-шараға қатысып, өз кандидатының сайлауалды бағдарламасын таныстырады.

Алдағы саяси науқанды жоғары деңгейде ұйымдастыруда аталған партия қазір де белсенділікпен жұмыс істеуде. Осы көрсеткіштердің бәрі еліміздің барлық аймағына тән.

Бағдарламасымен  таныстырды

Жетісу жеріне арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Көксу, Кербұлақ, Панфилов аудандарындағы жұртшылықпен жүздесіп, өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Оның айтуынша, соңғы жылдары әлемде су ресурстарының жетіспеушілігіне алаңдаушылық артып отыр. Әсіресе, халық саны ұлғайып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қарқынды дамуға кіріскен кезеңде суды пайдаланудың көлемі ұлғайғаны анық. Осыған орай жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы су үнемдеуге көшу керек. Одан басқа жол жоқ.  Бұл – аса маңызды міндет. Суарудың су үнемдеу технологияларын толық көлемде енгізу су шығынын азайтып, өнімділікті арттыра отырып, суармалы жерлерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік беретінін алға тартқан Жигули Дайрабаев ауылшаруашылық саласында жаңбырлатып суару әдісін енгізудің тиімділігіне тоқталып, диқандардың еңбек өнімділігін арттырудың жолдарын таныстырды.

Одан соң Алматы облысының Іле ауданына барып, қоғамдық көліктің жұмыс кестесімен танысқан кандидат еліміздегі жолаушылар тасымалы саласы мен жол сапасын жақсарту бойынша атқарар жұмыстарын таныстырды.

Дебатқа шақырады

Биылғы сайлауға «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы атынан  үміткер ретінде ұсынылған Нұрлан  Әуесбаев үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, өзін қолдаушылармен кездесулер өткізуде.

Одан  бөлек, Нұрлан  Әуесбаев  әлеуметтік  желідегі  парақшасына  бейнеүндеу жариялап, өзінің әрбір өңірдегі сайлаушылармен кездесіп жүргенін, сондай-ақ, дебатқа түсуге қарсы емес екенін жеткізді.

– Қазір өңірлерді аралап, жергілікті халықпен өзекті мәселелерді талқылап жүрмін. «Ауыл» партиясынан президенттікке үміткер Жигули Дайрабаев менің сөздеріме ренжіп, ашық дебатқа шақырыпты. Жигули Дайрабаевқа айтарым, менің айтқан сөздерім шындық. Ал, шындыққа ренжуге болмайды, – деген кандидат өзінің ешкіммен пікірталасқа түскісі келмейтінін, бірақ дебатқа түсуден қорықпайтынын, Орталық сайлау комиссиясынан республикалық деңгейде ашық дебат өткізуді талап ететінін, сол дебатқа Ерлан Қошановты және басқа да салмақты саясаткерлерді шақыратынын жеткізді.

Зияткерлік меншіктің маңызы зор

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына кандидат ретінде қатысып, өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын таныстырған Салтанат Тұрсынбекова Алматы қаласында зияткерлік меншікті қорғау мәселелері бойынша кеңес өткізді.

– Әлемдегі жағдай өзгеруде. Қоғамның өркендеуінің ең үлкен құндылығын қазір табиғи ресурстар, мұнай мен газ кен орындары жасамайды. Ең көп нәтижені жаңа технологиялар, ноу-хау, зияткерлік меншік сияқты білім экономикасы береді, – деп сөз бастаған құқық қорғаушы әлемдік зияткерлік меншікті қорғау жүйесін, ережелері мен институттарын таныстырып өтті.

– Қазір Қазақстанда зияткерлік меншікті қорғау іс жүзінде жұмыс істемейді. Адамдар бәріне қол сұғуға көшкен. Әсіресе, әлеуметтік желіде жарияланған нәрселер. Фотосуреттер, мәтіндер, фильмдер, музыка мен кітаптардың айналасында құқықбұзушылар көп. АҚШ-та немесе Еуропада платформалар үшін төлем жасамаса немесе фильм билетін сатып алмаса музыка тыңдау немесе фильм көру мүмкін емес. Қазақстанда контент үшін ақша төлеу ұят деп есептеледі. Құқық қорғау үшін сотқа жүгіну мәдениеті жоқ. Мәселен, микротолқынды пеш ұрлағаны үшін адам түрмеге түссе, өнер туындысын ұрлағаны үшін жазадан құтыла алады. Сондықтан бір нәрсені ұрлау – ұят, ал ақыл-ой еңбегінің өнімін сұрамай-ақ тартып алу – қалыпты жағдай болып кеткен.

Ел тарихындағы орны ерекше қала Алматыда кеңес өткізген Салтанат Тұрсынбекова қала тұрғындарымен кездесіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады.  Бұған  дейін Астана, Қарағанды, Шымкент қалалары мен Ақмола, Түркістан облыстарына барды.

 Еңбек қатынасына өзгерістер қажет

ҚР Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен облыстық сайлауалды штабтармен zoom-конференция өткізіп, үш облыста өткен сапар нәтижесін, ірі кәсіпорындар қызметкерлерімен, студенттермен, жас кәсіпкерлермен және кәсіподақ мүшелерімен болған кездесулерді таныстырып, сенімді өкілдерінен өңірлердегі штабтар жұмысы туралы есеп алды.

Мұнан кейін  кәсіподақтар мен бизнес-қоғамдастық  өкілдерімен  кездескен   кандидат еңбек және әлеуметтік қатынастарды реттеу тақырыптарын талқылады.

–  Әлемдік тәжірибеде екі тарап – жұмыс беруші мен қызметкердің пікірлері бір жерден шықпаса, онда талқылау барысында олар өзара тиімді шешімдерге қол жеткізеді. Осыдан соң олар заң жүзінде, белгілі бір нормалар мен ережелерді қабылдау үшін мемлекетке тең серіктес ретінде көмекке жүгінеді, – деген Мейрам Қажыкен еңбек қатынасының аса өзекті сала екендігін атап өтті. – Бұл біз алдағы уақытта қол жеткізетін, тараптардың қарым-қатынасының жаңа форматы болмақ. Алайда бұл қиын жол, себебі көптеген кәсіпкер  жұмысшыларға сенбейді және болашақ қызметкерлер де жұмыс берушілерге көп жағдайда сене бермейді. Мұның барлығы өткенде қалуы тиіс, біз бұл тәжірибеден біртіндеп бас тартуымыз керек.

 Сайлаушылармен жүздесті

Сайлауалды науқан басталғалы бері ел аймақтарын аралап, өңірлік сайлаушылармен кездескен Қарақат Әбден Қызылорда, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарындағы сайлаушылармен кездесу өткізеді.

Павлодар қаласындағы «Дарынды балаларға арналған музыкалық колледжде» ұстаздармен  жүздескен Қарақат Әбден білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, жастарға ұлттық мерекелерді дәріптеудің маңыздылығын түсіндірді.

– Мен өзімді консервативті адам деп есептемеймін. Өйткені жастармен жақсы жұмыс істеймін әрі жасөспірім балаларым бар.  Жалпы,  жақсыны  жақсы деп, жаманды жаман деп тіке айту керек, – деген кандидат өз пікірін ортаға салды. – Алдымызда  түкке  керегі жоқ  «Әулие Валентин күні» деген мереке келе жатыр. Біз өз ұлттық құндылықтарымызды шаршамай  айта  беруміз керек.  Ұлттық  мерекелерімізді дәріптеуіміз қажет.

Бұған дейін жастарға ұлттық құндылық пен салт-дәстүрді үйретуді атап өткен үміткер Қарақат Әбден ұлттық дүниетанымға жат ұғымдарға мемлекеттік деңгейде тыйым салу керектігін айтқан еді.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Сурет  ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ