Аграрлық сала жаңаша қарқын алмақ

0
457

Үш рет жабылып, үш  рет ашылған бұрынғы (Талдықорған) қазіргі Жетісу облысының «Жетісу» деген атауына зер салсаңыз тарихы әріде жатыр. Экономикалық жағдайларға байланысты бір ашылып, бір жабылған облыстың  тарихи  кезеңі  24  жылға созылды.

Талдықорған облысы 1998 жылы таратылып, Алматы облысына қосылған болатын. Құдайға шүкір деп айталық,  2003 жылы Алматы облысының орталығы Талдықорғанға көшкеннен бері қала  орталығының  реңі  кіріп, экономикалық ахуалы жанданып, халықтың демографиялық саны өсті.

Енді Жетісу атауына сәл шегініс жасап тарихи кезеңдерге көз жүгіртсек. Облыс 1867 жылы 23 шілдеде құрылған. Облыстық үкімет 1868 жылы 2 наурызда ашылды. Мемлекеттік кеңестің 1891 жылғы 12 сәуірдегі ең жоғары бекітілген пікірі бойынша Дала генерал-губернаторлығының билігіне беруімен өзгертілді. 1899 жылы 13 шілдеде, 1898 жылы 7 қаңтардағы басқарушы Сенаттың жеке жоғары қаулысына сәйкес Түркістан генерал-губернаторлығының құзырына берілді.

1918 жылы 30 сәуірде облыс Түркістан АКСР құрамына енді. 1924 жылы 27 қазанда ұлттық, аумақтық межелеудің нәтижесінде бөлінді. Облыстың солтүстік бөлігі – Қырғыз АКСР Жетісу губерниясы, ал оңтүстік бөлігі – РКФСР-ге тікелей бағынышты Қарақырғыз АО болды.

Ресей империясының Жеті-су облысы солтүстікте Семей облысымен, оңтүстік пен шығысында Қытай жерімен, батысында Ферғана, Сырдария және Ақмола облыстарымен шектесті. Ауданы – 402,200 км² (353,430 шақырым²).

Әкімшілік жағынан Жетісу облысы 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторлығының құрамында құрылды. XX ғасырдың басында облыс 6 уезге бөлінді: олар  Верный, Жаркент, Қапал, Лепсі, Тоқмақ, Пржевал. 1921 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Түркістан республикасының құрамындағы облыс 7 уезден тұрды: Алматы (Верный) 24 болыс, Жаркент 9 болыс, Қарақол 20 болыс, Қапал (Талдықорған) 14 болыс, Лепсі 9 болыс, Нарын 9 болыс, Тоқмақ 10 болыс болған. Жалпы Жетісу облысының тасқа басылып, қағазға қапталған, архивке жүктелген қысқаша тарихы, міне осындай.

Тәуелсіз мемлекеттің айдарлап қойған Жетісу облысының ендігі ғұмыры қаншалықты ұзақ  болары  қазақ  мемлекетінің құзырында. «Жүрекке жылы, тілге жеңіл» облыс атауының ғұмыры ұзақ болғанын облыс тұрғындары да қалайды. Себебі сонау советтік кезеңнен бері бір ашылып, бір жабылып келген облысты мекендейтін тұрғындардың да салы сан мәрте суға кетіп, күйзеліске түскен кездері аз болмаған.

«Жаңа Қазақстан», «Әділетті  Қазақстан» құруды басты назарға алған Президент Қасым-Жомарт  Кемелұлы жыл басында жалпы қазақстандық қараша қауым  дүрліккен  қаңтар  оқиғасынан  кейін Конституциялық реформалар жасап, 1998 жылдары жабылып қалған  Жезқазған, Семей, Талдықорған облыстарының көне атауларын жаңартып, Жезқазғанға – Ұлытау,  Семейге – Абай,  Талдықорғанға – Жетісу атауын беріп, облыстық статусын бекітіп берді. Құрамында сегіз аудан, екі қаласы бар Жетісу облысының негізгі өндіріс көзі ауылшаруашылық саласы болып саналады. Енді тарихи әпсанасын қоя тұрып, негізгі тіршілік көзі – ауылшаруашылығына бағытталған. Облыстың жер көлемі 118 648 км², рес-публика бойынша 12-ші орында тұр.

«Бидай қырда, күріш сырда, түрлі жеміс Жетісуда» деген тәмсілдің түп-төркіні жері құнарлы, сулы  да, нулы өлкеде дәнді-дақылдармен қатар мал шаруашылығына басымдық берілген.

Заман ағымына қарай кәсіпкерліктің қайнар көзінің бірі өнім өндіретін ірі кәсіпорындар Жетісуда саусақпен санарлық қана. Туризм, құрылыс саласымен Текелі қаласындағы кен орындары мен Талдықорған қаласындағы «Қайнар» аккумулятор, бетон және шағын өндіріс орындары болмаса, негізгі тірлік ауылшаруашылығында.

18 893 шаруашылықтың 6191 (ҰММ, ІҚМ) аралас мал шаруашылығы. Мал өнімін өндіретін өндірістер саны 39. Оның ішінде 12  сүт, 11 ет, 3 балық, 1 бал өнімдері, 1 құс өсіру фабрикасы, 1 тері өңдеу өнімдері бар. Жетісу облысы бөлінгеннен бастап экспортқа шығарылған өнімдер көлемі бойынша:

Балапандар – 95000 бас Тәжікстанға;

Құс еті – 54 тонна.  Ресей мен Қырғызстанға;

Балық – 32 тонна;

Балық өнімдері – 360 тонна. Дания, Украина  және  Ресейге;

Жұмыртқа порошогі – 10 тонна;

Қой еті – 50 тонна;

Субпродукты (өкпе-бауыр) 16 тонна Өзбекстан, Тәжікстанға;

Кебек – 862 тонна Өзбекстан, Тәжікстан;

Жмых – 320 тонна Өзбекстан, Тәжікстан;

Жүгері – 455 тонна Өзбекстан, Тәжікстан;

Шрот – 1105 тонна Өзбекстан, Тәжікстан;

Кишечное  сырье (ІҚ малдың қатпарлы қарны) – 32 тонна Гонконг;

Қой жүні – 22 тонна. Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан, Қытай елдеріне экспортқа шығарылуда. Заман ағымына орай экономиканың өсу қарқынын ұлғайту үшін инвестиция тарту басты шарт. «Бұл бағытта жақында Чехиядан келген азаматтармен кездесу жоғарғы деңгейде өтті», – дейді Жетісу облысының ауылшаруашылық басқармасы. Жиында инвестиция тарту, мал сату, ауыл шаруашылық техникаларын жандандыру, балық шаруашылығы бойынша сұрақтар талқыланған. Облыс бойынша мал шаруашылығының саны 6191. Төрт-түліктен жылқы, ірі қара, түйе, қой ешкі өсіріп отырған бұл шаруашылықтар мал азығын жеткілікті мөлшерде жинап алғандарын айтты.

Мысалы шөп – 974,3 мың тонна, пішендеме – 103,3 мың тонна, сабан – 175,8 мың тонна, жем-шөпке арналған астық – 214,0 мың тонна және сүрлем 173,4 мың тонна 100%-ға қамтамасыз етілген. Мал шаруашылығынан бөлек, облыста жылдық қуаттылығы 360 млн дана жұмыртқа өндіруге бағытталған «Көгер ЛТД» ірі құс фабрикасы жұмыс істейді. Облыстағы ең ірі аудандар санатында Панфилов және Алакөл ауданы ауызға алынады.  Бірі Жоңғар қақпасының аузында тұрса, екіншісі «Жібек жолы» атанған Ұлы Қытай мемлекетімен тұмсығы түйісіп тұр. Аралықты Достық және Қорғас шекаралық бекеті ғана бөліп тұр. Жалпы облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 517,2 мың га құрайды.  Бүгінгі таңда дәнді-дақылдар толық орылып, 308,6 мың га 828,3 мың тонна өнім бастырылып, орташа өнімділік гектарына 26,6 центнерді құраған. «Дәнді-дақылдардың егіс алқабы 1,6 мың гектарға ұлғайтылған. Мәселен, аяқталуға жақын қалған күзгі науқан бойынша дала аруы жүгерінің 42,7 мың гектары немесе 96,1% жиналып, 278,3 мың тонна өнім алынған. Орташа өнімділік гектарына 65,2 центнерді құрайды», – дейді Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбеков. Қызылша өнімі бойынша Алакөл ауданы келер жылдан бастап 500 гектарға тәтті түбір өсіруді жоспарлауда.

Аудан  бойынша  2022  жылдың өніміне  85038  га  егістік  жер игерілген.

дәнді дақылдар – 41905 га,

майлы дақылдар – 27215 га,

азықтық дақылдар – 13321 га,

бақша, картоп, көкеніс – 2597 га.

41905 га-ның дәнді дақылдың 41 905 гектары жиналып, 85 086 тонна өнім алынып, орташа түсім 19,9 центнерге жеткен.

Күздік бидайдың 7600 гектары жиналып, 15 124 тонна өнім алынса, 8553 гектар жаздық бидайдың 8495 гектары жиналып, 16 905 тонна өнімнен орташа түсім 19,9 центнер болған. 25094 гектар арпаның 25094 гектары жиналып, 50 190 тонна өнім алынса, 196 гектар сұлының 196 гектары жиналып, 352,8 тонна өнім жиналып,  орташа түсім 18 центнерден  айналған. Бұдан бөлек майлы дақылдардан күнбағыс, зығыр, майбұршақтардың да көрсеткіші жоғары.

Сарқан ауданы 1200 гектардан орташа есеппен  394 центнерден  өнім алып, Көксу зауытына 16 000 тонна өткізсе, Көксу  ауданында 1200 гектардың 921 гектарынан 23 700 тонна балтүбірді аудандағы қант зауытына өткізген. Орташа есеппен  259 центнерден өнім алуда. Қызылша науқаны әлі толық аяқталған жоқ. Облыс бойынша қант қызылшасының 3,0 мың гектары немесе 69,8% жиналып, зауытқа 105,1 мың тонна өнім  өткізілсе, орташа өнімділік гектарына  350,0 центнерден айналған.

Сондай-ақ майлы дақылдар (96,1 мың га), картоп (11,8 мың га), көкөніс (7,3 мың га), бақша дақылдары (1,8 мың га) толығымен жиналып алынған. Аграрлық саланың қарқын алуы заманауи техникаларға жүгініп, егістік көлемін ұлғайтып, ғылыми негіздегі тыңайтқыштар арқылы жердің құнарлығын сақтай отырып мол өнім алу. Бұл мақсатта жаңа шаңырақ көтерген Жетісу облысы келер жылға жан-жақты жоспарлар құрып, ауылшаруашылығын ірі корпорацияларға айналдырып, инвестиция көптеп тартуды басты назарға ұстап отыр.

Айтақын МҰХАМАДИ

Сурет ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ