ҚР мемлекеттік академиялық би театры Талдықорғанда өнер көрсетті

0
503

Қазақ балет өнерінің майталманы, Қазақстан Республикасының халық әртісі Болат Аюханов негізін қалаған  ҚР мемлекеттік академиялық би театры гастрольдік сапармен Талдықорған келді.

І. Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында өткен кеште ине шаншырлық орын болмады. Оған  себеп,  «Gala Ballet»  классикалық балеттың жауһарлары таңдаулы туындыларын қала тұрғындарының назарына ұсынды. Концерт барысында 40-қа жуық бишілер өнерлерін паш етті. Келген әрбір адам  классикалық және заманауи балет атмосферасын сезіне алды. Атап  айтсақ,  австриялық композитор  Густав  Малердің  музыкасымен қойылған «қызыл және ақ» композициясын прима-балерина Гүлнәр Камалова мен балеттің жетекші әртісі орындады. Махаббат хикаясының тамаша көрінісі көптің көңілінен шықты. Сондай-ақ  балет әртісі  Мәди  Қасымов  пен  Сымбат  Мақсұт суретші және аққудың бейнесін жоғарғы деңгейде орындап шықты.

Кештің соңы өзіндік ырғағы бар, мәнерлі, ұлттық «Ер-Тұран» биімен аяқталды. Театрдың атын шығарып жүрген бұл туынды еліміздің,  Еуропаның ірі қалаларында орындалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Ұлттық бидің сан қырлы иірімдері мен көркем музыка көрермендерді еш уақытта бей-жай қалдырған емес, костюмдері де көз тартарлық. Ұлттық  нақыштағы би мен музыканың үйлесіміне қарап, би үйретуіші  А. Садықованың  шеберлігі  мен  қазіргі  заман  хореографиясының  жоғары деңгейге көтерілгенін бағамдауға болады.

Қайталанбас пластикалық би  өрнегі мен бишілердің көркем бейнелері көздің жауын алып, ұлттық бидің бірегей үлгісін паш етеді. Туындының тартымдылығы мен ой тереңдігі көрерменнің көңілін тербеп, тамсандырмай қоймады.

 «Бұл  салада  өнер көрсетіп жүргеніме сегіз жылдай уақыт болды. Бүгінге дейін  біз Қазақстанның көптеген қаласына  гастрольдік сапармен бардық.

Соның  ішінде Шымкент, Түркістан, Семей, Павлодар қалаларында болдық.

Бұл  соңғы гастроліміз.  Алдағы уақытта басқа қалаларға да сапарлайтын  боламыз. Мәселен, елордаға барып,  үлкен кеш өткізу жоспарымызда бар», – дейді балет әртісі Олжас Атишев.

Атап өтейік, 55 маусымда балет театры еліміздің  әр қаласында гастрольдік сапармен болды. Ендігіде академиялық би теарты өзінің 56-шы жылдық мерейтойын атап өтуді жоспарлауда.

Балетшілердің репертуарында әлемдік және отандық классиканың жауһарлары,  бірегей  хореографиялық қойылымдар көп. Олардың саналуандығы, бишілердің шеберлігі, сахнаны безендірудің көркемдік биігінің арқасында ҚР мемлекеттік академиялық би театры өз елінде ғана емес, шет елдерде де зор қошеметке ие.

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Әлия Байтемірова, қала тұрғыны: «Өнерсүйер қауым үшін балет жұлдыздарының қаламызға келуі өте үлкен мереке. Әсерлі  қойылымдарды  тамашалау үшін билетті алдын ала алып қойдық. Және осы күнді асыға күттік. Мұнда әр туындыны тамашалай отырып, жүрегім елжіреп, көзіме еріксіз жас  келді. Өзімді мұндай күйде сезінгенім  – әртістердің хас шеберліктерінің арқасы ғой деп білемін. Балет әртістеріне шығармашылық табыс тілеп, одан әрі көрермендерді қуанта беруін тілеймін». 

Арайлым НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ