Букмекерлік кеңселерге тәуелділік артты

0
321

Қазіргі таңда ірі қалалар мен облыс, аудан орталықтарында  букмекерлік кеңселерді көптеп кездестіруге болады. Қоғам үшін  өте қауіпті құмар  ойынына  құныққандар бәс тігуде алдарына жан салмайды. Ақшасын оңай жолмен екі-үш есе көбейтемін деп жүрген  жандар ақыр аяғы тапқан-таянғандарын желге ұшырып, барлық  дүние мүлкінен ең бастысы абырой-беделінен, отбасынан айырылып жатыр. «Кім тәуекел етпейді, сол мұратқа жетпейді» деп ұрандатқан ойыншылар тәуекел мен құмарлықты шатастырып жүргендей. Соның кесірінен ел ішінде отызында орда бұзбақ түгілі, қырығында қамал ала алмайтын масыл ер-азаматтар көбейген. Сол азаматтардың арқасында футболдан әлем чемпионаты кезінде букмекерлік  кеңселердің жұлдызы жанады. Бейресми деректерге сүйенсек бір күнде бір кеңсенің өзінде мыңнан астам адам ұтыс тігіп, бәс тігу бәйгесіне қатысады екен. Олардың арасынан 100 000-нан көп ақшасын желге ұшырғандарды да кездестіруге болады дейді тәуелсіз сарапшылар. Букмекерлік кеңсенің тұрақты қонақтарының көпшілігі бәс тігуді құмар ойындар қатарына жатқызбайды. Себебі  олар мұндағы жеңістер  әр адамның спорт саласындағы білімі мен білігіне байланысты дейді. Ақша жүрген жерде  айла таусылсын ба, бүгінде букмекерлік кеңселер бастапқы бет-бейнесін жоғалтып, адамдарды алдау орталығына айналған. Мысалы, белгілі бір команданың жеңісіне бәс тігушілер саны көп делік және  оның жеңісі айдан анық. Осындай жағдайда букмекерлік кеңселер сол командамен өзара келісіп келеді екен. Ал ел сенген команда ойда-жоқта жеңілістің ащы дәмін татады. Бұндайда көптеген адам  қалтасындағы қомақты қаржыдан қағылады. Ал букмекерлік кеңселер түскен пайданы  спортшылармен бөлісіп алып,  жүре береді. Осыған байланысты жыл басында Сенат депутаты Дана Нұржігіт «Букмекерлік кеңселер халықты қанауда. Оларды  жарнамалауға тыйым салу керек» деген болатын. Конституцияда да құмар  ойындарынан келетін зиянды ескерту мен оның алдын алуға бағытталған заң жүзіндегі қадамдар бар. Бірақ оны елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Керісінше құмарлыққа құныққандар  саны күн санап артуда. Неге?

Айдана  СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ