Жетісу облысында 24 қар басу учаскесі бар

0
408

Қара жолдың үстінде құмырсқадай құжынап жүрген көліктің есебінен жаңыласың. Мемлекеттік тіркеу орындарының есебі бойынша, бір ғана Алматы облысында  56 324 автокөлік  пен  мотоцикл бар екен. Бұл ауыр және жеңіл көліктердің жалпы саны. Екі күннің бірінде жол апатынан адам шығыны туралы суық хабарды естіп жатамыз. Адамды темір жұтып жатқан заманда көлікті тізгіндегендер де жол ережелерін мұқият сақтай бермейді. Жылдамдықты шамадан тыс арттырып жіберетіндер өмірлерін қауіп-қатерге тігуде. Жылдың төрт мезгілінде де көлік апаты толастамай тұр.

Бір ғана Алматы облысында ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша автожолдарда 1409 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3,8%-ға  артық (1357)  ЖКО-да  285  адам қаза тапқан.  (2021 жылы – 279), 1941 азамат жараланған. Жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан 285 адамның 212-сі оқиға орнында, 63-і ауруханада, 10-ы ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмған.

Республикалық маңызы бар жолдарда жол-көлік оқиғасының саны  – 2,6  (584-тен  569-ға дейін)  төмендеді,  ЖКО саны қаза тапқандармен (173-тен  174-ке дейін) және зардап шеккендермен 1,3%  (850-ден 861-ге дейін) өскен. Жергілікті маңызы бар жолдарда  ЖКО  санының  8,7 пайызға  (773-тен  840-қа дейін), қаза тапқандар 4,7 пайызға,   (106-дан 111-ге дейін)  және зардап шеккендер 3,5 пайызға  (1043-тен 1080-ге дейін) артқан.

Жол-көлік оқиғаларының ауырлығы  (100 жәбірленушіге шаққанда қаза тапқандар саны) 12,8% бұл көрсеткіш өткен жылда (2021 жылы – 12,8) құраған. 100 мың тұрғынға шаққанда қаза тапқандар саны 23 (2021 жылы  – 22,1).  Ірі  ЖКО тіркелген (Жамбыл – 1111,  Еңбекшіқазақ – 153, 173,) салдарынан 13 адам қаза тауып, 17 адам жарақат алған. «Апат айтып келмейді» деген қағиданы көлік тізгіндегендер жадынан шығармау керек. Көзді ашып жұмғанша, күз айының тоқсан күні де өте шықты.

Қараша айының жауынды-шашынды болуы, қара жердің тоңазуы, жауын соңы қарға ұласып, қарлы боран ұйытқып, Сарыөзек, Жаркент, Арқарлы, Алтын-Емел, Талдықорған, Алакөл бағытындағы күре жолдардың жабылуына ұласты. Ауа райының құбылуын ескермей, Төтенше жағдайлар департаментінің дабылына құлақ аспаған жолаушылар мен көлік тізгіндегендер бұрқасын астында қалып, оларды құтқаруға төтенше департаменті жұмылдырылды. Әсіресе қыс айларында жолдардың көк тайғақ болуы, ауа-райының тұманды күндері жолға шығып кетіп, қарлы боранда далада қалған көлік иелері құтқарылған. Жол қауіпсіздігі әсіресе, қыстың көзі қырауда алыс жолға шыққандарға аса сақтықты қажет етеді.

Алматы облысы жолдарының жалпы ұзындығы 3988,457 км құрайды, оның ішінде республикалық маңызы бар – 1034 шақырым, облыстық маңызы бар –  2954,457 шақырым жолдар бар.  Бұл ауыр және жеңіл көліктердің бәріне қатысты. Алайда көптеген көлік тізгіндеушілер сақтық шараларын қаперлерінен шығаруда. Тізгіндеген автокөліктерінің техникалық ахауларына немқұрайды қарағандарынан, автокөліктерінің қыстық доңғалағын ауыстырмай, салғыртыққа салынуы орны толмас өкініштерге алып келуде.

«Құдай да сақтанғанды сақтаймын» дегенін автокөлік иелері білмейді емес, біледі. Себебі күре жолдардың бәрі тақтайдай тегіс емес. Әрі айналымдарымен белесті-еңісті жолдарда жолдың тайғақтығын естен шығарып, жылдамдықты арттыратындар апатты жағдайларға тап болатындарын естен шығармаулары тиіс. Көлік ішінде бір ғана өзі отырса бір сәрі, жолаушыларды салып алып, «Су бетімен жүгірген сүлеймендей» зулап жүретіндер көлік ішіндегі адам өміріне жауапты екендерін елеп-ескере бермейді.

«Жетісу облысының аумағында 24 қар басу учаскесі бар, оның ішінде республикалық автожолдарда – 10, облыстық автожолдарда – 14. Қар басатын учаскелердің жалпы ұзындығы – 403 км, оның ішінде республикалық – 233 шақырым, облыстық – 170 шақырым», – дейді Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз өкілдері. Міне осы қауіпті аймақтарды автокөлік жүргізушілері жетік білулері керек. Себеп, қар басып қалатын аймақтарда қауіпсіздік шаралары жиі бұзылады. Облыс бойынша жол желісінің бір бөлігі 2 асудан өтеді (Арқарлы, Алтын-Емел). Жыл сайын  ауа  райының қолайсыздығына байланысты қыс мезгілінде 100-ден астам жүк және жеңіл авто көлік қар құрсауында қалады. Бұл  өз  кезегінде адамдардың өмірімен денсаулығына тікелей қауіп дейді төтеншеліктер.

2022-2023 жылдардағы қысқы кезеңде бірінші кезектегі авариялық құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша бес мәрте рейдке  шығып, төтенше жағдайда қалған  4 адам құтқарылып, 19 адам ТЖ аймағынан эвакуацияланған. Бұл жұмыстарға 12 бірлік техника шығарылған. Ауа райының нашарлауына байланысты облыстың әртүрлі өңірлерінде республикалық және облыстық маңызы бар авто жолдарда көлік қозғалысына 14  рет шектеу енгізілген. Облыс аумағында 2 трассалық-медициналық құтқару пункттері бар, олар қажет болған жағдайда жылыту пункттері ретінде де пайдаланылатын болады дейді. Бұл жолда жүрген жолаушылардың назарына берілген анықтама. («Сарқан» трассасының 400 км. Алматы-Өскемен трассасының  400  км., «Үшарал» Алматы-Өскемен трассасының 555 км.). 30 жылыту пункті дайындалған.

Оның ішінде 3 пункт ЖПУ базасында, 18 елді мекеннің орта мектеп базасында, 2 тамақтану пункттері (жол бойындағы кафелер), 1 автовокзал. ТЖД-нен Қамаз және Урал базасындағы жылжымалы жылыту пункті (вахтовка) орналасқан. Ауа райы күрт құбылып, жолдар жабылған сәттерде көлік тізгіндеген ауыр және жеңіл автокөлік иелері мен жолаушылар осы пункттерге аялдай алады. Сақтық шаралары ретінде қарастырылған бұл пункттерді орналастырудағы басты мақсат – адамдар өмірін қауіп-қатерден сақтау. Алдағы қыс мезгіліне профилактикалық іс-шаралар мақсатында қыс мезгілінде қауіпсіздік қағидаларын сақтау бойынша 2500-ден  астам үгіт-насихат материалдары дайындалды және тұрақты түрде таратылған. Төтенше жағдайлар департаменті ұдайы сақтық шараларына қатысты үгіт насихат жұмыстарын тоқтаусыз жүргізіп келеді. Жазғы шомылу және тұрғын үйлер мен жеке сектордағы өрт қауіпсіздігіне, сондай-ақ, қыста қар қалың түсетін аймақтардағы жол қауіпсіздігін жолаушылар назарына жиі салып тұрады.

Алайда өкінішке орай, ауа райының қолайсыз болатынын алдын-ала айтып, дабыл қағылып жатса да, көптеген көлік тізгіндеушілер «Құдай сақтасын» деп алған бағыттарынан қайтпай, қар құрсауында, ақ түтек боранда қалып қоятындары бар. Бұл абайсыздық емес, төтенше жағдайлар ескерткен ескеруді елемей, жолға шығып кеткендер жоғарыдағы жол бойларымен мектеп аймағында орналастырылған пункттерге аялдауға мәжбүр. Қыстың көзі қырауда, сақылдаған сары аязда, боранда болатын түрлі апаттың алдын алу үшін жасалған қаракеттерге қарамастан көліктер соқтығысып немесе аударылып жатады. Бұған басты себеп, ауа райының күрт суытуы, боранды болуы, қардың қалың түсуі десек те, автожолдардағы жағдайдың орын алуына автокөлік жүргізушілері де кінәлі болып жатады. Осы бағытқа 237 адам және 79 бірлік жоғары өтімді техника бар күштер мен құралдар топтамасы құрылған.

Қыста алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамымен танысып, оның өзгеруін және SMS-хабарламаларды бақылау қажет екенін төтеншеліктер ұдайы айтуда.

Әрбір автомобильде шұғыл жағдайда өмірді құтқаратын заттар – дәнекерлеу шамдары, арқандар, доңғалақтарға арналған тізбектер, күректер, парафинді шамдар, сондай-ақ, жылы киім, қажетті заттар, тамақпен су қоры болуы шарт.

Қатты аяз немесе қар жауған кезде бірнеше автомобильге топтасу қажет, содан кейін сынған жағдайда колонадан басқа жүргізушілер көмекке келе алады.

Қар құрсауында қалғанда немесе боран кезінде автокөлігіңіз тоқтап қалса:

– «112» нөмірі бойынша көмек шақыру қажет;

– дабыл беріп, авариялық сигналды қосып, автокөлік антенасына жарқын мата іліп қою қажет;

– есіктердің бірін мезгіл-мезгілімен ашып, сыртқа шығуға кедергі келтірмейтіндей етіп, қар құрсауынан тазалау қажет;

– газ автомобиль астына емес, атмосфераға шығуы үшін газды шығару құбырын қазып тұру қажет деп ескертуде.

Бұл ережелер қыстың күні жолға шыққан автокөлік тізгіндеген барлық жолаушылардың назарында болуы тиіс. Қыстың аты қыс, аяқ астынан құбылған ауа райына сақадай-сай болу, әсіресе, алыс жолға шығатын ауыр көлік иелерінің дауылды қарлы күндері бір-бірімен топтасып жүруінің қажет екені айтпаса да түсінікті. Бір-бірлеріне жәрдем беріп жүрсе, қауіп-қатерге төтеп беруге тура келеді.

Алматы мен Шеңгелді ауылына дейінгі цемент бетонмен жасалған жолдар қыстың күні түгілі, жазда жауған жаңбырдан тайғақ болып жататынын көлік тізгіндегендердің өздері айтып жүр. Жолдарда көліктер қарама-қарсы бағытқа шығып кетпес үшін қоршаулар қойылған. Алайда жылдамдықты арттырған кей жүргіншілер бұрылыстарда көлік тізгініне ие бола алмай қоршауларды бұзып-жарып, қарсы бағытта келе жатқан көліктерге соғылып, адамдар бейбіт күнде ажал құшып жатады. Сондықтан қыс мезгілі кезінде такси қызметін атқаратын жеңіл автокөлік иелері жолдың тайғақтығын қаперінен шығарып, мұз үстінде сырғанағандай, ауыр көліктердің астына кіріп кету қаупі орын алуда.

Мұндай оқиға жақында болды. Алғабас ауылының маңында екі бірдей ауыр жүк көлігі сырғанап қарама-қарсы бағытқа шыққан. Ал екі тараптан қарама-қарсы келе жатқан жеңіл көліктер осы ауыр жүк көліктеріне соғылып адам шығынына жол берілген. Тура сол күні ауа райы күрт құбылып, қарлы боранға ұласты. Алты ай қыс болатын мезгілді ескерсек, автокөлік жүргізушілер қара жолға қарайлап жүргендері абзал болар еді. Ауа райына қарап, алыс жолға шығатындар төтенше жағдайлар айтқан ескертпені ұмытпай, қауіп-қатерге бой алдырмағандары дұрыс. Алыс жолға шығарда атыңды сайлап, абайлап жүрмесең, тосыннан келген табиғат апатының құрбанына айналасың.

Жамандық  шақырғанымыз  емес, желтоқсан айы басталмай жатып, қар құрсауында қалған қаншама адамды құтқарған Төтенше жағдайлар департаменті мен Алматы облысы, Ішкі істер департаменті берген мәліметтерге қарап, қара жолда болып жатқан жол оқиғаларының құрбаны көбейгенін көруге болады. Бұл тек қана қыс мезгілінде ескеріліп, күн жылығанда ұмытатын шаруа емес.

Сүйегі кілең қаңылтыр мен пластмассадан қапталған жеңіл көліктер соқтыққанда ғана емес, жұдырықпен қатты ұрып қалсаңда майысып қалады. Ал оның аударылып немесе екі көліктің соқтығысының салдары қалай болатынын пайымдай беріңіз. Қыстың күні ақ қар, көк мұзда тайғанаған көліктерде есеп жоқ, ауыры да, жеңілі де қара жолдан шығып кетіп жатады. Жолдың тайғақтығын ескермей, көліктің доңғалағына сеніп жүйткитіндер автокөлігінің ішінде адамдар отырғанын ұмытып кетеді.

Мұз айдынындай болып жатқан қара жол ажалдың апанына айналмасын десек, автокөлік жүргізушілері өздеріңе-өздерің сақ болыңдар. Әсілі, ауа райы құбылып, қар қалың жауған күні алыс жолға, сапарға шықпағандарың абзал. Шығып кетіп, ауа райы күрт бұзылып, қар бұрқасындаса жол бойындағы арнайы жасақталған пункттерге аялдап, жолдың ашылғанын, қардың басылғанын күткен артық. Өйткені өзіңді де, өзгені де құтқаруға себепкер боласың!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ