Жеңіл асқа сұраныс артты

0
269

Қазіргі таңда дұрыс тамақтанбау мәселесі дүниежүзіндегі басты проблемалардың бірі  болып отыр. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, соңғы жылдары елімізде де  фаст-фуд тағамдарын тұтынушылардың саны екі есеге артқан. Осыған байланысты жылдам тамақтану орындары да көбеюде. Уақыт тапшылығын сылтаурататын адамдар үшін бұндай тамақтану орындары өте ыңғайлы екені анық. Ал кіші және орта бизнеспен айналысатындар үшін бұл нағыз табыстың көзі. Себебі мұндай тамақтандыру орындары жылдам қызмет көрсетесетеді. Келушілер де мейрамханада ұзақ отырмайды. Соның арқасында жылдам тамақтанатын орындар кәдімгі асхана, мейрамханаларға қарағанда бір тәулікте екі есеге дейін көп пайда табады. Карантин кезінде де мейрамханалар мен кафелерге барушылардың азайғандығы байқалса, фаст-фудпен тамақтанушылар саны сол қалпында қалған. «Қоғамдық экспертиза» бірлестігінің зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстанда фаст-фуд тағамдарын тұрақты пайдаланушылардың 74 пайызы студенттер екен. Яғни, 70 пайыздан астам білімгер өз денсаулығына салғырт қарайды деген сөз. Бұл жайында мамандар дабыл қағуда. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «Егер алдын алу шаралары жүргізіліп,  фаст-фуд тағамдарын тұтыну азаймаса, алдағы 20-30 жылда елдегі сырқаттар санын қазіргі жастар көбейтуі мүмкін» дейді.Олар фаст-фуд тағамдарына деген  құмарлықтарынан семіздікке шалдығып, оның арты диабет пен жүрек ауруларына айналады. Оған қоса психологиялық және химиялық тәуелділік те пайда болады. Өйткені аталған өнімдерді жасаушылар оның дәмін күшейтетін арнайы қоспаларды қосады да, сол арқылы тұтынушыларды өзіне тартады екен. Тез тамақтанудың кесірінен ас қорыту жолдары да қиындайды. Осылайша күн өткен сайын ауру үдей түседі. Біздің халқымыз әрқашан бірінші байлық – денсаулық деп дұрыс тамақтануға, салауатты өмір салтын ұстануға  қатты мән берген. Бірақ бүгінде жеңіл асқа жерік болғандар осы сөздердің салмағы мен жауапкершілігін сезбейтін де, мойындамайтын да сыңайлы. Неге?

Айдана Смағұл


ПІКІР ЖАЗУ