Келелі мәселелер қаралды

0
301

Жетісу облыстық мәслихатының денсаулық сақтау, білім, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет, дін, тіл, этносаралық қатынастар және ішкі саясат мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Комиссия отырысына облыстық мәслихат депутаты Жүнісхан Ермұхан төрағалық етті. Жиында ҮЕҰ өзара  іс-қимыл жасау әлеуметтік бағдарламаларды, жобаларды іске асыру, жастардың әлеуметтенуі, жастармен жұмыс жасау жоспарлары мен перспективалары және Жетісу облысында діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу бойынша жұмыс барысы жайында екі мәселе қаралды. Қос тақырып бойынша облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Болат Керімбек баяндады.Жетісу өңірінде 559 үкіметтік емес ұйым тіркелсе, оның нақты 320-ы қызмет етеді.

Биыл осы құрылымдар 43 әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда. Бұл бағытта бюджет қалтасынан 96,2 млн. теңге қаралған. Мұндай көлемді қаржыға жыл көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Ендігі ретте алдағы жылдың еншісіндегі атқарылар жұмыстардың да тіні тарқатылды. Болат Керімбектің сөзінше, келер жылы ҮЕҰ жұмысына 92 млн. теңге қажет. Бұл сомаға өңірде қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру, патриоттық шараларды ұйымдастыру, белгілі журналист Бейсен Құранбек мектебін ұйымдастыру, бас бостандығын айыру орындарынан босатылған өңір тұрғындарымен жұмыс жүргізу, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында  ауыз толтырып айтылатын жұмыстар атқарылмақ.

Болат Бақбергенұлы өңірдегі діни ахуал жайында да пысықтай өтті. Облыстың екіге бөліну нәтижесінде Дін істер басқармасы таратылып, қоғамдық даму басқармасы жанынан «Дін саласындағы проблемаларды зерттеу және оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Бүгінде бұл орталық өңірдегі діни тұрақтылықты қалыптастыру бағытында жұмыс істеп жатыр.

Себебі өңірде 11 конфессияға бөлінген 250 діни бірлестік пен филиалдар бар. Алдағы уақытта өңірдегі діни ахуалды қалыпты ұстау үшін жұмыс істеп жүрген имамдардың білімін діни ірі оқу орталықтары бар елдерге тәжірибе алмасу үшін оқыту, интернет ресурстарында және әлеуметтік желіде деструктивті діни идеологияның таралуына жол бермеу және киберқадағалау, жастар арасында діни адасушылықты болдырмау үшін дінтанушылардың, исламтанушылардың, теолог мамандардың ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру көзделген. Комиссия мүшелері дін саласында атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

Комиссия отырысында берілген барлық ұсыныс мақұлданып, қаулы шығарылды. Айта кететін жайт, алты айдан соң аталған жобаларда туындаған өзгерістер мен толықтырулар, атқарылған жұмыстар жайы қайта пысықталады.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ