Танымды кеңейткен тағылымды сапар

0
468

Түркия еліне екінші мәрте табан тіреудің сәті туды. Бұл жолғы сапар да  Түркітілдес журналистер қорының  президенті  Нәзия Жоямергенқызының  ұйытқы болуымен ұйымдастырылып, еліміздің бірнеше қаласынан жиналған  20-ға  жуық  журналист  Еуропа мен Азияны байланыстырған алып шаһар  – Стамбул  мен  жерорта теңізінің толқындары өпкен Балыкесир-Чанаккале  қалаларының ғажаптарына қанығып қайттық.  Бес күндіктегі сапарда журналистер әр шаһардың тарихи жерлері  мен әлеуметтік нысандарын  аралап, кәсіпорын жұмыстарын көзбен көрді.

ТҮРКИЯҒА бару ғана емес, ұшаққа отырып, зеңгір көкте еркін қалықтаудың өзі керемет қой білгенге. Бірде толқыған, бірде буырқанған ішкі тебіреністі айтып жеткізе алмайсың. Алматыдан ұшқан ұшақ  көзді-ашып жұмғанша Стамбулдағы халықаралық әуежайға келіп қонды. Қаладан 40 шақырым қашықтыққа орналасқан  әуежай дүниежүзіндегі ең ірі әуежайлардың бірі  болып табылады. Көзбен көргендей, оның  аумағы бір қаланың көлеміндей. Ал мұндағы туристік сервисті, әуежай кеңдігі мен әсемдігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, мұны тек көзбен көру  керек…

Түркітілдес журналистер қорының қазақ журналистер үшін Түркиядағы Балыкесир әкімдігімен бірлескен жобасы аясындағы  алғашқы күн  Стамбул жерінен  бастау алды.  Осы қаладағы Фатих көшесінде орын тепкен Mustafa Topaloğlu мырзаның ALL SEASONS  қонақүйіне келіп жайғасып,  көп ұзамай сырбаз қаланың көрікті жерлерін көруге шықтық.

Мұндағы тұмса табиғат сұлулығы жанды  керемет әсерге бөледі. Көңілге көп дүниені түйгізген  тарихи орындар мен қорғанға толы қаланың Көне Рим мен ислам мәдениетінің түйіскен бесігі болып табылатындығына көз жеткізе түсесің.

Түркия несімен ерекше?

КЕЗ КЕЛГЕН  жанның көкейінде тұрар сауалға жауап:  әлбетте, Жерорта теңізінің күн сүйген жақұтты жағалаулары, жыл он екі ай дерлік құмырсқаның илеуіндей құжынаған курортты демалыс орындары ауызға алдымен ілігеді.  Мұның сыртында,   мыңдаған «түтінсіз фабрикаларды»  бүкіл осы туризм индустриясын неше түрлі жеміс-жидегімен, көкөнісімен, азық-түлігімен, басқадай да керек-жарағымен қамтамасыз етіп тұрған ауылшаруашылық саласы да туысқан елдің озық дамыған, үйренерлік үрдістері көп мақтаулы бренді саналады…

Жалпы Стамбул  –  ескі шаһар. Мәрмәр теңiзiнiң жағалауында, Босфор бұғазын жағалай орналасқан қалада үнемi теңiзден самал есiп, жан жүрегiңдi жадыратып тұратынын да айтпасақ болмас. Мұнда ежелгi гректер мекен еткен Константинополь мәдениетiнiң қалдықтары әлi де кездеседi. Айя София мешітін айтпағанның  өзiнде Мәрмәр теңiзiнiң жағасында салынған ұзыннан-ұзақ созылған қорғанның қалдықтары да Византия дәуiрiнен сыр шертеді. Географиялық орналасуы геосаяси тұрғыдан аса тиiмдi, Еуропадан бiрден Азияға жол салған кәрi Стамбул арқылы Қаратеңiзден Мәрмәр теңiзiне, одан Жерорта теңiзiне сапар шегуiңiзге мүмкiндiк бар. Бұнда әйгiлi Суэц каналы Африка құрлығына бастайды. Мәрмәр теңiзi мен Қара теңiздi  жалғап жатқан әйгiлi Босфор бұғазы Стамбулға туристердiң келуiне мұрындық болуда. Азия мен Еуропа құрлығын жалғастырған аспалы көпiрдi тек көруге ғана келетiндерде сан жоқ. Екi бiрдей алып империяның  – Византия және Осман империясының жүрегi болған шер көкiрек кәрi қаланың геосаяси тиiмдiлiгi де осында. 1923 жылы Түркия Республикасы жарияланғаннан кейiн елорда дәрежесiн Анкараға тапсырып, елдегi iрi портты және сауда-өнеркәсiп қаласы дәрежесiн сақтап қалған Стамбулдың жан саны 1945 жылы миллионнан сәл ғана асса, 2000 жылғы ресми халық санағы бойынша Стамбул тұрғындарының саны 10 миллион, ал қазіргі таңда мұндағы халық саны 18 миллионды құрайды.

Сырлы Стамбул көшелерінің өзі құдды бір ертегі әлеміне жетелейтіндей. Ал  көрікті жерлері сұлулықтың ең талғампаздарын  да таң қалдырады десем асыра айтты демеңіз. Сонымен, топ басшымыз Нәзия Жоямергенқызы бастаған  журналистер әсем қаланың тарихи жерлерін аралап көрді. Атап айтқанда, Сұлтанахмет мешіті, Айя София мешіті,  сұлтандардың патшалық құрған жері – Топқапы  сарайы,  Базилик  су қоймасы. Бұл жердің бәрінде саяхаттаушылардың қатары қалың.  Яғни, қолына фотоаппаратын ұстап алып, таласа суретке түсіп, таңдайын қаққан туристерде есеп жоқ.

Сондай-ақ бұл жолғы сапарда паромға   отырудың сәті туды. Өздеріңізге мәлім, ұзындығы 30 шақырымға созылып жатқан Босфор бұғазы Қара теңіз бен Мәрмәр теңізін біріктіреді.  Ал  оның үстіндегі атақты көпір Азия мен Еуропаны жалғастырып тұр. Оны тек көзбен көру керек, керемет әдемі екен, әсіресе жағалаудағы ескі архитектуралық стильде салынған үйлер, сарайлар мен ескі қамалдар ерекше көз тартады.

Жалпы түріктер тарихи ескерткіштерін жақсы сақтаған және оларды ұтымды етіп пайдалануда. Жыл сайын миллиондап келетін туристер санымен Еуропа бойынша Стамбул қаласы Лондон мен Парижден кейінгі үшінші орынды алса, Түркияның өзі Әлем бойынша туристерді қабылдаушы он елдің қатарына кіреді.

Түркітілдес журналистер  қоры ұйымдастырған Түркиядағы тамаша саяхаттың алғашқы күні осындай әдемі естеліктерімен есте қаларлық сәтке  толы болды.

«Қан ексең, жан шығатын жер»

БЕС КҮНДІК сапарымыздың  қалған күндері Балыкесир-Чанаккале қалаларында жалғасты. Түркітілдес журналистер қорының делегациясы Балыкесир әкімдігі арнайы жолдаған автобуспен Стамбулдан 4 сағат жол жүріп, діттеген орынға  жетті. Халық саны 1 миллионнан асатын Балыкесир қаласындағы қонақүйде бізді қала әкімдігінің БАҚ-пен байланыс бөлімінің басшысы Өзал ханым мен Балыкесир қаласының Журналистер одағының төрағасы Рамазан Демир күтіп алды.

Қазақ журналистері үшін арнайы дастарқан мәзірін дайындаудан бөлек бауырластар біз үшін  Қазақстанның  көркем жерлерінен арнайы бейнекөрініс дайындап,  мұны төрде тұрған үлкен монитор арқылы көрсетті.  Түрік ағайындары дәмді тағамымен ғана емес, осындай керемет бейнекөрінісімен көңілді көтеріп тастады.

«Сіздер  шет елді жатырқамасын деп, Қазақстанның көркем жерлерінен арнайы бейнекөрініс дайындадық», – деп ағынан жарылды БАҚ-пен байланыс бөлімінің басшысы  Өзал ханым.

Балыкесир әкімдігі ұйытқы болған сапардағы бағдарлама барысында өте қызықты дүниелерге көзайым болдық. Қаладағы бірқатар маңызды деген орынға табан тіредік: жергілікті халыққа әлеуметтік тұрғыда өте пайдалы жұмыс істеп жатқан NEON зерттеу орталығы, зейнеткерлер, жастар, балалар, мүмкіндігі шектеулі жандардың ұйымдарын құрып, олардың талап-тілегі, ұсыныстарын жүзеге асыратын Қала кеңесі, тұрғындардың арыз-шағымы, өтінішіне бірден жауап беруді мақсат еткен Call  Centre, балалар мен жастарға қолөнерді үйрететін Balmek шеберханасы, Çamlık Халық кітапханасы, Стамбулды бағындырған Фатих Сұлтанның ұстазы Загнос Паша салған ескі мешіт. Мұнымен қатар сапар  барысында Түркітілдес журналистер қорының  делегациясы  Балыкесир қаласының мэрі Йүджел Йылмазбен кездесті.

Қазақстаннан келген әріптестерімен   төрт күн бойы  бірге жүрген  Балыкесир қаласының  Журналистер одағының төрағасы Рамазан Демир көктем мен қысы, жазы мен күзі бөлек болатын туған қаласы Балыкесир жайлы кеңінен мағлұмат берді.  Оның сөзінше, қаланың бір жағында Мәрмәр, бір жағында Эгей теңізі орын тепкен. Яғни, екі теңізі  бар, тоғыз жолдың торабындағы қала. Сондай-ақ шаһардың тағы бір ерекшелігі, мақалдап айтқанда, «Қан ексең, жан шыққан топырақ» болып табылатындығы. Бұл дегеніңіз, жердің  шұрайлылығын білдірсе керек-ті.

Балыкесирде өмір сүріп жатқан әр азамат  туған жерін  Түркияның кіндігіне теңейді. Өз сөзінде Рамазан  бей  бұл өңірдің ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы туралы  да айтты. Мәселен, аймақта ет пен сүт өнімдері, зәйтүн майы, сыр өнімінің 50 түрін өндіреді. Түркия бойынша Балыкесир бірінші болса, басқа өнімдер өндіруде үшінші орында екен. Айтуынша, Эрзурум қаласы өздерінің етімен мақтанғанымен,  бұл өңірге ет Балыкесирден жеткізіледі, тіпті дәнді-дақылдар да осы аймақтан тасымалданады. Бүгінгі таңда балыкесирліктер  жергілікті  өнімдерін насихаттауда, сатуда маркетингтегі кемшіліктерін жоюға күш салуда.

– Дәл Балыкесирдегі термальді суларды Түркияның еш жерінен табу мүмкін емес. Бірнеше ауруды емдеуге сеп болған шипалы суды да Балыкесирден таба аласыз. Енді он жылдан кейін сіздер Балыкесирдің  атын  бүкіл әлем бойынша жиі еститін боласыздар, – деген  Рамазан  бей  әңгіме желісінде  журналистика туралы да тұщымды ойларын ортаға салды. Оның сөзінше, дәстүрлі  журналистиканың негізгі шарттарының бірі – журналист әрқашан еркін, бейтарап болғаны жөн. Ешкімнің сойылын соқпауы керек, қажет болған жағдайда ел мүддесі үшін биліктің әрекетін де сынға алуы тиіс. – Әлеуметтік желінің сипат алуымен  қазір көп дүние өзгерді. Осы бір әлеуметтік желінің арқасында қазір менде 150 мың  жазылушы  бар. Жазылушыларымды 150 мың тілшім ретінде көремін – деген әріптесіміз журналистер деген бір-бірімен жолдас, бауырлас, әріптес, яғни, терезесі тең  болуы  керегін, журналистің ешқашан ақшаны бірінші орынға қоймауы тиіс екенін де еске салды.

Қызыққа толы бұл әлем

БАЛЫКЕСИР  қаласындағы  сапарда  Мәдени орталықтың жұмысымен де етене таныстық.  Орталық қызметкері Мұрат бейдің сөзінше бұл жерде түрлі жиналыстар өтеді. Аталмыш ғимаратты салған Балыкесир әкімдігі болып табылады.  Яғни, бұл жер – қаладағы 1 миллион 300 мың халықты бір ортаға жинай алатын ғимарат.

Тұрғындардың арыз-шағымы, өтінішіне бірден жауап беруді мақсат еткен Call Centre. Бұл жерге түсетін арыз-шағымдар  бөлімдерге таратылып беріледі. Мұнда жұмыс істейтін қызметкерлер арасында елмен қаншалықты дұрыс сөйлесті дегенге мониторинг жасалады. Сол бойынша жақсы сөйлескен қызметкерлерге арнайы сыйақы табысталса, дұрыс сөйлеспегендердің білімін ары қарай да жетілдіруге күш салынады екен. Күніне орташа есеппен мыңға жуық  арыз-шағым түсіп, қаралады. Түсетін арыз-шағымдардың  90 пайызы шешімін табатыны да тілге тиек етілді.  Күніне 300-400  сауалға  жауап беріледі, яғни,  кері байланыс жасалады.

Сонымен қатар журналистер үшін  қағазға ою, өрнек  салу жөнінде  де кең көлемде ақпарат берілді. Естіп, білгеніміздей, шамамен 1500 жылдан бері түріктердің  осындай дәстүрлі өнері бар екен. Өзбекстаннан Анадолыға, Түркияға алынған. Бұл 1500 жылдан бері жетілдіріліп,  әлі күнге дейін сақталып келетін өнер. 2016 жылы ЮНЕСКО осы өнердің түріктерде екендігін мойындаған, яғни, 12 дәлелмен  дәлелденген өнер болып табылады. Ол өзге ұлтқа, мемлекетке тән емес. Бұған дейін бұл өнер  түрін көмекші құрал ретінде пайдаланған. Соңғы жүз жылдан бері жеке өнер түрі ретінде бағаланған. Мұндағы әр суретке табиғи бояу дайындалады. Сондай-ақ әр суретке қанша уақыт кететіні де белгісіз. Қызығы сол: суретке арналған  бояу  хайуан  өтінен  дайындалады  және әр түс өзінше жасалады.

Осы орайда көркем сурет шеберханасын да аралап көрдік. Шеберханада түрлі бояулармен суреттер салынады, аптаның  үш күнінде осы өнерді үйренемін деген оқушыларға білім беріледі. Бұл жерде тек балалар ғана емес, зейнетке шыққандар, көркемсурет факультетіне түскісі келетіндер  үшін тегін  сабақтар  өтеді. Мұның  бәрі Балыкесир әкімдігі тарапынан қарастырылған.

Келесі кезекте помидор гүлі туралы ақпарат алдық. Естігеніміздей, мұндағы    әрбір зат, киім-кешек, аяқ-киімге дейін помидор гүлімен безендіріледі. Қызанақ тәріздес  (помидор) гүл – ауыл шаруашылығындағы  жетістіктің белгісі, яғни символы ретінде қарастырылады.

Бұдан кейін Балыкесир ұлттық кітапханасында болдық. Кітапхана қызметкерінің сөзінше  мұнда 100 мыңнан  аса кітап  пен газет-журнал бар. Төрт қабатты ктапхананың жертөлесінде газет-журналдар  сақталады.  Сондай-ақ конференция залы бар. Әр сәрсенбі күні мұнда  кітап пен кітапханаға  байланысты  отырыс  өткізіледі, оған  барлық адам қатыса алады. Кітапханада негізінен батыстық авторларға  басымдық берілген.

Төрт қабатты ғимараттың әр қабатын   әлемнің бар екенін  растайтын төрт элементке бөліпті. Бірінші қабатты  – топырақ, екіншісі – су, үшіншісі – от, төртіншісі – ауа. Әр кітап осы атауларға  сай етіліп қойылған

* * *

БАЛЫКЕСИРДЕГІ  «DiJiTАL»  жастар орталығына да табан тіредік. Орталық қызметкерінің айтуынша, бұл  – Түркиядағы  нөмір бірінші жастар орталығы  болып табылады. Орталық түрлі бөлімдерден тұрады. Соның бірі компьютердегі ойын түрі. Қазіргі таңда бүкіл әлем бойынша осындай ойындар  сәнге айналған.  Және   бұл ойын емес, спорттың бір түрі деп саналады.  Мұндағы   жастарға  кәсібилік тұрғыда  үйретіледі. Жасап  жатқан жұмыстары үшін орталыққа  Еуропа  Одағы мен Түркия Президентінің арнайы  сыйлығы  табысталыпты. Бүгінде  орталықтың 10 мың  мүшесі бар десек, соның  әрбірі  орталыққа келіп,  күніне  екі сағат  тегін ойын ойнай  алады. Сондай-ақ  әрбір  ұлттық мерекеде   жастарды  жинап осы ойыннан жарыс өткізіледі. Әр ай сайын  орталықта  курстар да өтіп тұрады. Онда әлемдік деңгейде мойындалған  оқытушылар  келіп тегін сабақ береді. Қысқа  қайырғанда  бұл орталықта жастардың  уақытын бос өткізбес үшін барлық жағдай жасалған.

Тарихи, мәдени және табиғи сұлулығымен танымал Балыкесирдегі біз барған тағы бір орын Зағнос Паша мешіті.  Аталмыш мешіт 1461 жылы 3 наурызда ерекше салтанатпен ашылған екен. Ал мешітті Стамбулды жаулап алған Фатих Сұлтан Мехметтің уәзірі Зағнос Паша салдырған. Ол – Фатих сұлтанды бала кезінен әскери өнерге баулып өсірген ұстаз. Алғашқыда мешіт, кесене, хамаммен бірге кешен ретінде ашылса, ғимараттың көп бөлігі екі рет (1897 ж. және 1902 ж.) жер сілкінісінен қирап қалып, қайта қалпына келтірілген. Бір мезетте ішіне мың кісі сыятын мешіт –  Балыксирдегі ең үлкен нысан болып табылады.

* * *

ТҮРКІТІЛДЕС  журналистер қорының делегациясы Түркияның Балыкесир қаласындағы сапар  барысында Балыкесир қаласының  Журналистер одағының ғимаратында, Одақтың мұражайында болып, өзара тәжірибе алмасты.

Балыкесир қаласының Журналистер одағының төрағасы Рамазан Демир қазақ әріптестеріне осындай сапар үшін алғыс айтты. Сонымен қатар екіжақты тиімді қатынастарды нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Одақтың мұражайы туралы да қысқаша ақпарат берді.

– Бұл  мұражайдың  арқасында келешек ұрпағымызға өнегелі іс қалсын дейміз. Мұнда күніне ондаған адам келеді, оның ішінде университет студенттері де бар. Осы арқылы біз журналистиканың  даму және пайда болу тарихын көрсеткіміз келеді,  – деді Рамазан бей.

Балыкесир Журналистер одағының  мұражайында сақталған әр зат тарихтан сыр шертеді.  Мұндағы бір бөлме  журналистер одағын құрған, мамандығына адал болған, мафия тарапынан өлтірілген журналиске арналыпты. Сондай-ақ осы бөлмеде Түркияда өлтірілген журналистердің тізімі де ілінген. Олардың бәрі  халықтың  қамы  үшін жұмыс істеп, жан тапсырған журналистер екен.

Делегация тобы  бірқатар БАҚ  редакциясында да  болды. Соның бірі – «Birlik»  және «Demokrat»  жекеменшік  газеттерінің  редакциясы. Бүгінде  екі басылымда 12 адам жұмыс істейді. Екі газеттің қожайындары  бір болғанымен, басылымдағы көтерер тақырыптар бір-біріне  ұқсамайды. Бұл  2014 жылдан бері шығып келетін апталық газеттер.  Екі басылымда  да  елдің үнін  жеткізудегі  көкейкесті дүниелер жарияланады. Таралымы бойынша  «Birlik» –  600, «Demokrat» – 800 данамен шығады.  Басылымдардың сайты да бар.

Жалпы Балыкесирде  күнделікті шығатын  9 басылым бар екен.

* * *

САПАР барысында  барған  тағы бір керемет жер  –  жануарларға арналған  емдік-сауықтыру орталығы. Бұл жерде Балыкесирге қарасты 20 ауданнан алып келетін ит-мысықтарға ота  жасалады,  яғни,  жануарларға қамқорлық көрсетіледі.  Орталық  2017  жылы ашылған. Мұнда 10 ветеринар еңбек етеді. Сонымен қатар 10 күнде 1500 жануарға  ота жасалса, айына 4500 жануарға ем-дом көрсетіледі екен. Мұнымен қоса жануарлар үшін арнайы жедел жәрдем көлігі мен  автобус 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс істейді. Мұндағылар тек ит пен мысыққа ғана емес, киік, бүркітке де көмек беруге әзір. Бір күнде кемінде  20 ота жасалады. Піштіру қажет болса піштіріліп, келген жағына қайта қайтарылады. Сынықтарға гипс салынады, рентген жасайды, қан да құйылады, алынады. Қысқасы, адамдарға арналған  ауруханадағы  қызметтің барлық  түрі  көрсетіледі. Тіпті, буаздарын босандырады да.

Құтырғандарды карантинге жатқызып, 10 күн бойы бақылауға алады. Егер тест нәтижесі оң болса, дем арада зерттеу жүргізіліп,  оның  адамдарға зиян-зиян емесі анықталады.  Арнайы  вакцина  егіледі. Қандай жағдайда да қатарға қосуға күштерін аямайды. Және мұның бәрі тегін жасалады. Айтпақшы, жедел жәрдем көлігінде жануарларға дер кезінде көмек беретін қажетті медициналық  құрал-жабдықтың  бәрі  бар. Бұл орталық Балыкесир әкімдігінің қарамағындағы мекеме болып табылады.

Балыкесирдегі  барған  әрбір  жер кереметтігімен ерекшеленіп, есте қалды. Сондай тамаша орынның бірі геологиялық парк. Бұнда  300, 700, 900, 1000 жыл  бойына өсіп тұрған  шынар ағаштары  бар.  Бұл жердегі  ғимарат 1840 жылы салынған. 1934 жылы бастауыш мектебі болып ашылған. Одан кейін 1988 жылы  бастауыш  мектеп-интернаты ретінде  болды.  Ал, 2019 жылы Балыкесир әкімдігі жалға алып,  мұны  әлеуметтік  шаралар өткізілетін  жерге айналдырған.  Аталмыш орын Түркиядағы екінші геологиялық  парк болып табылады.

Біз барған тағы бір тамаша жер – «Бажем» кәсіпкерлікке  оқыту орталығының бағы. Орталық қызметкерінің сөзінше, бұл жердегі  түрлі шөптен шай, майын алып,  косметикалық бұйымдар, тамаққа қолданылатын сироптар жасалынады.  Айтуынша,  төрт жылдың ішінде 130 түрлі өнім жасап шығарған. Сондай-ақ мұнда түрлі өсімдіктердің көшеттері де  отырғызылады. Өсімдіктерді құрғатып, майын алып тазалайтын жер де осында. Екі түрлі зертханасы бар. Зертханадағы өнімдерден арнайы жобалар да жасалынады екен.  Сондай-ақ  бұл жерде  бір өсімдіктен  6 жасқа дейінгі балалардың киімін бояйтын  бояу  да алады.

Төрт күндік  сапарда Айвалыктағы зәйтүн майын шығаратын фабрикаға да барып, майды қалай жасайтынын көзімізбен көріп қайттық.

Айта кетейік, Түркия елі зәйтүн өндіруден дүниежүзінде үшінші орын алады. Сондай-ақ зәйтүннен сабын, шампунь, крем секілді заттар өндіреді. Алақаптарға арнайы ағаш отырғызылып, баптап, күтіледі. Мұны да көзбен  көру ғана керек…

* * *

ТҮРКІТІЛДЕС  журналистер  қорының  делегациясы  Балыкесир  қаласының мэрі  Йүджел  Йылмазбен  кездесті. Кездесуде делегация жетекшісі, Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы Йүджел мырзаға қазақ журналистеріне жасаған қонақжайлығына алғысын білдірді.

Өз кезегінде Йүджел Йылмаз Балыкесир қаласын тануға қызығушылық танытқандарына   рақмет   айтты.  –  Қазақстанға барған соң  Балыкесирде бастан кешірген әдемі сәттерді отандастарыңызбен бөлісіп, бауырлас халықтар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтады деген сенімдемін. Алдымен достық қарым-қатынас басталсын, кейін екі жаққа да тиімді сауда-саттық, серіктестікке ұлассын. Балыкесирде қазақстандық студенттер бар. Олардың кейбірі Түркияда тұрақтап қалса, кейбірі түрік бауырларға деген дос пейілін еліне ала қайтады», – деді ол.

Кездесу соңында Қор басшысы Нәзия Жоямергенқызы делегация мүшелері атынан қала мэріне қазақы шапан жауып, әл-Фарабидің бейнесі салынған кілемшені сыйға тартты. Сонымен  бірге  Қазақ  журналистердің Балыкесирге сапарлауына себепкер болған журналист Левент Караагачқа да шапан жауып, құрмет көрсетілді.

Тағылымы мол тамаша сапарда  Балыкесир провинциясына қарасты Эдремит қаласына  да  табан тіредік. Бұл күні теңіз өнімдері жақсы дамыған Айвалык қаласына барып,  Джунда  аралында  теңіз тағамдарынан дайындалған дәмнен ауыз тидік.

Сапардың бесінші күні Анадолы мен  Еуропа және Жерорта теңізі мен Қара теңізді байланыстырған аймақ Чанаккалеге де ат басын бұрдық. Қаланың тарихы туралы дереккөз бойынша айтсақ, Чанаккале Түркияның солтүстік батысында орын алған және Еуропа мен Азия құрлықтарын бір-бірінен айырған Дарданел бұғаздың екі жағалауында құрылған бір қала… Анадолы мен Фракия аймақтарының тоғысқан жерінде орын алады. Тұрығы тұрғысынан өте бай бір тарихқа ие. Чанаккалеге б.з.б. 3000 жылдарынан бастап қоныс аудару басталған деседі.

Сондай-ақ бұл қала –  әйгілі Троя соғысы болған жер. Яғни, б.з.б. 1 200 жылға дейін Троя халқы өмір сүрген. Қалада троялықтардың аты тұр. Мұнымен қоса қаланың символы болған сағат күлесін де көрдік. 1896 жылы қойылған сағат бүгінге дейін тоқтаусыз жұмыс істеп келеді.

ТАҒЫЛЫМҒА толы  сапар  туралы  таңды таңға ұрып айта беруге болады-ақ. Ал, әсем қалалардың мыңжылдықтарға созылған тарихын, сан халықтардан сіңген рухани дүниесін, өткен дәуірлерден жеткен жауһарларын түгел бір сапарға шығып қана көріп-түйсіну былай тұрсын, оны айтып жеткізу мүмкін емес. Мұның бәрін көзбен көру ғана керек.

Р.S: Бес күндікте  танымымызды кеңейтіп, тамаша  әсер сыйлаған, осы бір тағылымға толы сапарға ұйытқы болған Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызына, Балыкесир қаласының әкімдігіне шынайы ризашылығымды білдіремін. Шын мәнінде танымды кеңейткен тамаша сапар болды.

Сарби  ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

СТАМБУЛ-БАЛЫКЕСИР-ЧАНАККАЛЕ


ПІКІР ЖАЗУ