Жаңа қарқынмен құрылуда

0
331

Облыста бұқаралық спорт пен спорттық инфрақұрылымды дамыту аясында ауыл спортын өркендетуге басымдылық берілді. Өңірдің спорт, мәдениет салаларындағы атқарылған жұмыстар жайымен облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли  БАҚ  өкілдерімен кездесуде айтты. Бүгінде облыста 1715 спорт нысаны мен 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Алдағы уақытта 8 нысанды іске қосу жоспарлануда.

Қазіргі таңда 2 дене шынықтыру-сауықтыру және 3 спорт кешені заманауи талаптарға сай жабдықталмақ. Атап айтсақ, Алакөл ауданындағы Лепсі және Достық ауылында құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар Талдықорған, Сарқан қаласындағы спорт алаңдары қайта жаңғыртылуда. Ал, Текелідегі дене шынықтыру кешенін салу бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, Сарыөзек  ауылындағы орталық стадион мен  Басши ауылындағы күрес залын салу жұмыстары жүргізілуде.

«Ауыл спорты бойынша облыс екіге бөлінгелі бері екі нысан ашылды. Ол жоғарғы спорт шеберлік мектебі және футзал клубы. Сонымен қатар ұлттық спорт бойынша бізде мекеме болған. Алайда ол ескіргендіктен біз қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алып жатырмыз. Ат спорты жастар арасында өте кең қолданыстағы спорт», – дейді облыс әкімінің орынбасары.

Биыл облыс бойынша республикалық және халықаралық жарыстарда 2118 медаль жеңіп алынды. Оған халықаралық дәрежедегі 15 және 77 спорт шебері, 372 спорт шеберіне кандидат дайындалды. Алдағы уақытта спортшылар мен ол-ардың бапкерлеріне арналған арнайы марапат тағайындалатын болады.

Жалпы облыста 819 дене шынықтыру және спорт ұжымы бар. Бұл спортпен қамтудың  37,6-ын  құрап тұр.  Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025  жылға  дейін бұл көрсеткішті 50-ға дейін көтеру көзделіп отыр.

Өңірде ерекше күтімге мұқтаж жандар да назардан тыс қалмады. Мәселен, бүгінде «Облыстық мүгедектерге арналған мамандандырылған спорт мектебінде» спорттың 23 түрі бойынша секциялар жұмыс істейді, оған мүмкіндігі шектеулі жандар қатысады, студенттер-дің жалпы контингенті 380 адамды құрайды. Олардың спорт саласына қызығушылық танытатындарының саны 1320 адамды құрайды.

Спорт саласын дамыту жұмыстары өз нәтижесін беруде. 2022 жылдың соңында жетісулық спортшылар 3 халықаралық және 21 республикалық жарысқа қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткізді.

«Жетісу» волейбол командасы Ұлттық лиганың әйелдер командалары арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының 8 дүркін чемпионы. Қазақстан Республикасы кубогының 8 дүркін иегері, суперкубогының 3 дүркін иегері атанды. «Бесарыс» хоккей командасы өткен жылы Азия кубогында ерлер құрамасы 3-орынға ие болды. Ел чемпионатында ерлер арасында 1 орын, әйелдер арасында 1 орынды иеленді. 2023 жылдың ақпан айында құрама Оңтүстік Африкада  өтетін әл-ем чемпионатына қатысады», – дейді спикер.

2022 жылдың тамыз айынан бері Жетісу өңірінің спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жалпы саны 2118 медаль жеңіп алды. Жыл басынан бері 15 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 77 спорт шебері, 372 спорт шеберіне үміткер және 129 бірінші разрядты спортшы дайындалды.

«2022 жылы Жетісу өңірінде дене шынықтыру мен спортты дамытуға бюджеттен 11,2 млрд теңге бөлінді. Дене шынықтыру және спорт саласында көрсеткіштерді жақсарту және жоғары нәтижелерге қол жеткізу бойынша жұмыстар жалғасын табады», – деді Рустам Әли.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ