Әлем чемпионы атанды

0
382

Испанияның Мальграт де  Мар қаласында  Джиу джитсудың комбат түрінен өткен әлем біріншілігінде  жетісулық  жерлесіміз Аружан  ЖАҚАН  әлем чемпионы атанды. Дүбірлі додаға дүниежүзінің 25 елінен 43-ке тарта спортшы қатысты.

Аружан қыздар арасында 50 келі салмақ дәрежесінде сайысқа түсіп, барлық қарсыласын айқын басымдылықпен жеңді. Әлемдік аренада лайықты өнер көрсетіп, жүлдемен оралған чемпионды туған жері, достары мен туыстары құшақ жая қарсы алды.

Аружан  Асанқызы  Жетісу облысы,  Ақсу ауданы,  Н. Есеболатов ауылының тумасы. Қазіргі таңда Алматы қаласында номер 1 АҚМГП колледжінің 2 курс студенті. Спортқа ең алғаш 8 жасында келді. Ауылдағы мектепте бапкері Азат Мұсабаев ағайымен боксты үйрене бастады. Кейіннен джуи джитсудың комбат түріне ауысып, жаттыға бастады. 9-шы сыныпты бітіріп, қалаға оқуға түскен Аружан бапкерінің ұсынысы бойынша Джиу-джитсу және дзу-дзутцю комбат федерациясының президенті Қанат Тлеумбетовтың залына барып дайындығын одан әрі жүргізеді.

«Қанат сэнсейдің тренировкасы қызық өтетіні сонша, бірде бір жаттығуын қалдырмаймын. Ол кісінің де көзіне бірден түстім. Әуелі мені Қазақстан чемпионатына дайындап бастады. Кейіннен Қазақстан чемпионы болған соң, сенен әлем чемпионын жасаймын деп дайындықты күшейте түсті», – дейді Аружан.

Бапкерінің айтуынша, Аружан   алдына қойған мақсатынан қайтпайтын, ойлағанына жете білетін, қайтпас қайсар мінезді болып өсті.

«Аружанды  2 сыныптан 10 сыныпқа дейін өзім дайындадым. Қазіргі таңда Алматы қаласында Қанат Тілеумбетов ағайымен дайындалып, Испания мемлекетіне сборный Қазақстан командасымен барды. Өзім бара алмасам да, онлайн байланысты үзбей отырдым. Өзіне деген күш жігері мен сенімділігін арттыруға тырыстым. Оқушымның жетістігі – менің жетістігім. Ол қандай да бір биік белесті бағындырса, менің де сол асуды бағындырғаным болып саналады», – дейді Азат Мұсабаев ағынан жарылып.

Аружанның   алға қойған мақсаты бір жерде тоқтап қалмай, одан әрі шыңдалып, әр жыл сайын әлемдік деңгейде еліміздің көк туын желбіретіп, әнұранын шырқата беру, әлемдік деңгейде спортшыларды жаттықтыру.

Қазақстанның атын шығарған  жерлесімізді алған жүлдесімен шын жүректен құттықтап, одан әрі  де биік белестерді бағындыра беруін тілейміз!

А. БЕЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ