«Қызға қырық үйден тыю» қайда қалды?

0
346

Күні кеше әлеуметтік желіде тараған талдықорғандық қыздар арасындағы жанжалдың бейнежазбасы бүкіл елді шулатты. Бейнетүсірілімде  үш қыз бір қызды жабылып аяусыз соққыға жыққан.

Оқиғаға қатысты  Жетісу облыстық полиция департаменті түсініктеме берді. Төбелескен  жасөспірімдердің  кім екендері  анықталып, олардан жауап алынды. Кәмелетке толмаған  қыздар  облыс орталығы  мен  Қаратал  ауданының  білімгерлері болып  шықты.

Оқушыны аяусыз ұрған үш қыздың ата-анасына қатысты сот отырысы өтіп, әрқайсысына 69 мың теңгеден айыппұл салынды. Ал жеткіншектердің өздеріне қатысты әкімшілік іс сотта қаралуда. Оларға да айыппұл  жазылады немесе 15-20 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

ҚР  Парламент Мәжілісінің  депутаты Берік  ДҮЙСЕНБИНОВ қыздардың бұл ісін бұлай қалдырмауын  жеткізді.

– Мына қыздардың қылығын көріп, қыз деп айтуға ауыз бармайды. Қоғамды кінәлап қажет емес. Бұған тікелей кінәлі  әке-шешесі.  Мен осы Ішкі істер министрлігінің қоғамдық кеңесінің мүшесінде бармын. Бұл бейнетүсірілімді олардың қарауына жіберемін. Өйткені мәз-мейрам болып жазадан құтылып кеттік деп отыр ғой.  Мәселе жазада емес. Мұндай іске шығып келе жатқан жерінен балта шабу керек,  – деді.

Жетісу облысы  білім  басқармасы  да осы  мәселеге қатысты мәлімдеме жасап, жағдайға байланысты басқарманың, құқық  қорғау  органдарының, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылғанын жеткізді.

«Тексеру  комиссиясы  оқып  жатқан, күш қолданған қыздардың білім беру ұйымдарында  ары  қарай  оқу мәселесі де қарастырылатын болады. Жәбірленген қызға  барлық қажетті  психологиялық  көмек  көрсетілуде. Бұл оқиға Талдықорғандағы пәтерлердің бірінде  сабақтан тыс уақытта болған», – деп мәлімдеген басқарма  хабарламасында.

Оқиғаға қатысты бейнежазбаны әлеуметтік желіге жүктеген жасөспірім және оның әкесі кешірім сұрады. Бұл туралы полиция департаментінің ресми парақшасында жарияланды.

Қазақ халқы әрқашан қыздың тәрбиесіне баса назар аударған. Қызға қырық үйден тыйым салып, жүріс-тұрысын қадағалаған. Ал бүгінде бесіктен белі шықпай жатып өзімшілдікке, қатігездікке салынатын балалардың тәрбиесіне, тізгінді бос жіберген ата-ананы жазғырамыз ба, әлде әдеттегідей кінәні қоғамнан іздейміз бе?!

А. БЕЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ