«Поэзия! Кел бері, сырласалық!»

0
763

Қазақтың қара өлеңіне жырдан үкі тағып, адалдық пен адамдықтың символына айналған ақындар қашанда ел есінде. Солардың бірі әрі бірегейі –  ақын  Қайрат Әлімбеков.  Жалынды жырларымен оқырман жүрегіне жол тапқан Қайрат ағамыз  өмірінің соңына дейін халқына адал қызмет етіп, еселі еңбегін елін қуантуға арнады.

«Отаным ғой – мекен еткен

менің ғажап  достарым.

Бақытым сол – мына өмірде найзағайдай қас қағым.

Арасында жүрсем болды,

Керегі жоқ басқаның!»,  – деп жырлаған ҚР Жазушылар одағының мүшесі, жетісулық жерлесіміз – ақын Қайрат Әлімбектің 60 жылдығы қарсаңында Жетісу Халық шығармашылығы орталығының қолдауымен (еске алу) поэзиялық сағат өтті. Әдеби шараға  ҚР Құрметті журналисі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әміре Әрін және ақынның ағасы Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Жұмағұл Әлімбеков, Жетісу облыстық Халық шығармашылығы  орталығының директоры Арнұр Әлімжанұлы, жас ақындар  мен  БАҚ  өкілдері  қатысты.

Поэзиялық сағаттың модераторлығын ақын Жангелді Немеребай атқарды. Сағынышқа толы тартымды кеште ақын Әміре Әрін Қайрат ағамыз  жайлы тұщымды ойларын ортаға салды.

– Қайрат – қазақи тұрпатты, өзінің лирикалық сарыны бар ғажайып ақын еді. Бозбала Қайратпен ең алғаш  аудандық газетте істеп жүргенде танысқан болатынмын. Небәрі алтыншы сыныпта оқитын бала редакциямызға өзі жазған өлеңдерін тұрақты түрде әкеліп жүрді. Бір-екеуін оқып көріп едім, салмақты ойы мен тереңінен қаузалған  құнды шығармалар екен. Бірте-бірте танысып, білісіп етене жақын араласып кеттік.

Ол  көпшіл еді. Табиғатынан өкпе дегеннің не екенін білмейтін. Сол себептен де болар Қайрат өмірден өткен шақта барлық  Алаш жұрты аза тұтты. Халықтың ақынға деген махаббаты, достарының қимас сөздері біздің Қайрекеңнің жасындай жайдары мінезінің, бауырмашылдығының арқасы деп білемін. Жаста болса, бас бола білген ол менің алғашқы кітабымның шығуына да септігін тигізді. Мен деп кеуде кермей,  бірінші кезекте өнердегі, өмірдегі ағаларын көтерді. Бізді жаңа ортаға кіріктірді. Ол екінің бірінің қолынан келе беретін іс емес. Бүгінгі күні поэзияның жарық жұлдызы саналатын Қайрат бауырымның есімін асқақтату біздің міндетіміз, – деген ақын аға қарымды қаламгер, жүйрік журналистің өмір тақырыбында салған жыр-суреттерінің ғұмыры мәңгілік болуы үшін барын салатынын жеткізді.

Поэзия кеші әрмен қарай ақынның туған елі мен жеріне, өмір баспалдақтарына, адамзат тағдырына, көңілдің кейбір кездеріне арналып жазылған өлеңдерімен жалғасты.

Ақын Қайрат Әлімбек  жүректен шыққан жырларын «Поэзия, кел бері, сырласалық, Қиналғанда саламын жырға салық», – деп ақ қағазға таңғы шықтай мөлдіретіп төккен болса, кешке келген жас ақындар шайырдың  жырларын нақышына келтіре оқыды.  Өмірінің ғажап сәттері бейнеленген ақын өлеңдері тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Өлең болған жерде әннің шырқалуы заңдылық. Сол себептен поэзия кешінде әсем ән де  шырқалды. Талдықорған әуендері ансамблінің сазгері Нұржан Ахметбек  жыр сүйер қауымның ақынға деген сағынышын басты.

Мұнан кейін ақынның ағасы Жұмағұл Әлімбеков бауыры туралы жан тебірентер естеліктерімен бөлісті.

– Мен есепке жақын болсам, Қайрат мектеп кезінен әдебиетті сүйіп оқыды. Кітапқа деген құмарлығы сонша түнде көрпе астында шам жағып алып оқитын. Біраз есейген соң қиыспайтын сөздерді қиыннан әкеліп қиюластырып, ешкімге ұқсамайтын өзіндік мәнермен өлең жаза бастады. Жоғарғы оқу орнында да араласатын ортасы, бөлмелестері елдік мұратты ұстанған жастар еді. Болашақта елге танымал азаматтар боларын сол кездің өзінде-ақ аңғартып тастаған. Бүгінде өзіндік қолтаңбалары қалыптасқан, өмірден өз орындарын тапқан кіл мықтылар. Мысалы Қазақ энциклопедиясының директоры Бауыржан Жақып, жазушы – сатирик Базарбек Түкібаев, қаламы қарымды журналистер Мұратбек Оспанов, Төрехан Данияр. Міне, Қайраттың да жүрек лүпілі осылармен қатар соғып, бар қазақтың баласын құшағына алғысы келіп жүруші еді-ау. Журналистік қабілет қарымы мықты Қайраттың мақала, очерк жазғанда қиналып, қағазға шұқшиып отырғанын көрмеппін. Жауапты мақалалардың өзін машинист қыздардың қасына тұрып алып ауызба-ауыз айтатын. Және сол шығармалары әрқашан да сәтті шығатын. Қайрат ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты ерекше жақсы көріп, еліктейтін. 

 Қайратымның шығармашылық жоспары да көп болатын. Өмірге деген құштарлығы да ерекше еді. Көңілімізге жалғыз медеу болар жәйт бауырымның артында оның жарқын бейнесін жадында мәңгі сақтайтын қалың жұрты қалды, – деп  жанына ыстық естеліктерді еске түсірген Жұмағұл Әлімбеков  бір сәт көзіне еріксіз жас алды…

Поэзия – өмірдің әрі мен нәрі. Поэзия жайында нақты бір тұжырым ой айту қиын. Өйткені ол бір болмысты ғана емес, мыңдаған болмыстың жиынтығы. Олай дейтініміз, оның бойында әуен де, сыр да, мұң да, қуаныш та, жалпы адам баласына тән барлық қасиет атаулы бар. Ал Қайрат ақынның бойында осы қасиеттің барлығы үйлесім тапқан десек артық айтпаймыз.

Мерейтойлық шараның бастамасы болған басқосуда отты жырларға сусындаған кеш қонақтары алдағы уақытта ақынды еске алуға арналған ауқымды шығармашылық кеш ұйымдастырып, авторлық кітабын шығару керек деген ұсыныстар да айтты. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған» демекші, бұл кеш Қайрат ағамыздың жырларының мәңгілік екенін тағы бір мәрте көрсетті. Ақынын құрметтеген халық барда, өлеңнің де ғұмыры өміршең болары анық.

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ