Күш, айла-тәсіл және ақыл болса…

2
826

Қазіргі  таңда  облысымызда спорт деңгейі жақсы дамып келеді. Еліміздің көк туын әлемге желбіретіп жүрген спортшылардың артында,  жеңіске жетуге себепші болып жүрген бапкердің тұрғанын айтпай кетпеске  болмас. Солардың бірі  –  Тимур  СЫДЫҚОВ.

Тимур  Советұлы  1988 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп спортқа жаны құмар болып өсті. Барлық бос уақытын спортқа сарп етті.  Мектеп бітірген  соң  І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша жоғары білім алып, 2008 жылдан бері мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде және облыстық жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде джиу-джитсудан  жоғары санаттағы жаттықтырушысы болып  қызмет атқарып келеді.

Оның спортты таңдауына бірден бір себепші  болған – атасы,  қазақ күресі, самбо және  еркін  күрестен  КСРО-ның  3  дүркін  чемпионы, спорт шебері, Қазақстан Республикасының 17 дүркін чемпионы  –  Сыдықов Саурық  Сейітбатқаұлы  болатын.

Бүгінде Тимур да халықаралық дәрежедегі спорт шебері,  бірнеше  дүркін  Қазақстан Республикасының чемпионы, 3 дүркін Әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ, Азия чемпионатында  2-ші  және  3-ші  орындарды  иеленді.

Спортшының  айтуынша,  яғни, «жеңу үшін мойынсұнуды» білдіреді. Джиу-джитсу  –  күш,  айла-тәсіл, ақылды  қажет етеді. Адам бойындағы осы үш қасиеті аталмыш күрестің басты қаруы. Басқа спорт түрлеріне  қарағанда  бұл көпсалалы спорт түріне жатады. Қазір әлемдегі танымал спорт түріне айналып, қарқынды дамып келеді. Бүгінде жастар мен балалар, тіпті, ересектер арасында джиу-джитсуға қызығушылық танытып жатқандар көп.

 «Баптап жүрген балаларға тек оқушы ретінде қарамай, досымдай көріп, жаныма жақын тартамын. Әрқайсысының ішкі жан-дүниесін түсінуге тырысамын. Себебі чемпионды дайындау үшін оны бес саусағыңдай білу керексің. Ол мықты болу үшін жөндейсің, тезге саласың. Жонасың, күзейсің, нәтижесінде шәкірт озады. Ал халқымызда «Ұстаздан шәкірт озса игі» дейді. Жарыстарға үкілеп апарған балаларым үздіктер қатарынан көрініп жүрсе, маған  тәлім берген ұстазым, бапкерім  Елкеев  Нұржан  Кенжеұлының еңбегінің нәтижесі деп білемін», – дейді бапкер.

Тимур Советұлы спортшылар залда бапкерлердің арнайы бағдарламалары арқылы  дайындалатынын тілге тиек етті. Бірақ ол бәріне бірдей қойылмайды, өйткені бұрыннан қатысып келетіндер бар, жаңадан қосылғандар бар. Жаттығушылар әр топқа бөлініп жеке бағдарлама қойылатынын айтады.

Бүгінде ол джитсерлерді шыңдау жолында тынымсыз еңбек етуде. Шәкірттерінің барлығын мектеп стадионына жинап, арнайы жаттығулар жасатады. Бойындағы  бар қасиетін, күш-жігерін  оларға  сіңіріп,  ел намысын қорғайтын мықты спортшы дайындауда. Соның нәтижесі болар, шәкірттері де талай байрақты бәсекелерде облыс, республика намысын қорғап, үнемі жүлделі орындардан көрініп жүр. Атап айтсақ, Самат Сәрсенұлы, Санат  Сәрсенұлы,  Махарбек  Балаев бүгінде халықаралық жарыстарда, ел чемпионаттарында топ жарып, тұғырдың ең жоғарғы сатысынан көрініп жүр.

Жуырда ғана шәкірттерінің  бірі  әлем чемпионы атанды. Біріккен Араб  Әмірлігінің  астанасы Абу-Даби  қаласында  Самат Сәрсенұлы 56 келі салмақ  дәрежесіндегі спортшылар арасында үздік атаныпты.

Кейіпкер сөзінше, бұл спорт түрінде  әр спортшының өзіндік тактикасы мен техникасы болады. Оны әр джитсер айта бермейді. Дегенмен мұндағы техника белгілі бір жұмсақтықпен және тіпті жеңілдігімен ерекшеленеді. Сыртқы жағынан джиу-джитсу жауынгерлік биге ұқсайды. Джитсердің қозғалысы жеңіл, босаңсыған және табиғи  болуы керек. Ал керісінше неғұрлым өткір, күрделі қимылдар болса, соғұрлым техникасы джиу-джитсуға ұқсамайды.

Өңірімізде жақсы қарқынмен дамып келетін бұл спорт түріне қатысушылар қатары жылдан-жылға көбеюде. Қазіргі таңда  Алматы және Жетісу облысы республика бойынша бірінші орында тұр. Еліміздің қоржынына түскен медальдардың жартысынан көбі Жетісу, Алматы облысының спортшыларының еншісінде екен.

«Джиу-джитсуға кез келген бала қатыса бермейді. Ол үшін адамда ең бастысы өз-өзіне деген сенімділік қажет. Екінші табандылық пен төзімділік қажет. Спортшылар әр түрлі жағдайларды басынан өткеруі мүмкін. Сондай жағдайлардан өтуге оларға тек осы қасиеттері көмектесе алады», – дейді  Т. Сыдықов.

Осы уақытқа дейін талай баланың бабын келістіріп, бағын ашқан бапкер чемпиондар шығарсам деген арман жолында аянбай тер төгіп келеді. Жасөспірімдердің спортпен дұрыс айналысуына ат салысып, жоғары нәтижеден көрінуін көздеген жаттықтырушының мақсаты да орындалуда. Облыстың ғана емес, республика абыройын алға қойған бапкердің еңбегі ақтала бергей.

Арайлым  НҰРЖАПАР

 


2 пікір

  1. Бекмырза 27 января, 2023 at 15:10 Ответить

    Ассалаумагалейкум баршаларынызга! Менде Сыдыков Тимур Советулынын окушысы болгам сол кисинин колында тарбие алып джиу-джитсу спротымен айналыстым.Тимур агай жасоспиримдерды аркашанда спортка баулып жаксы жол корсетип дурыс багыт багдар береды,окушысы болып журген уакыт аралыгында озин мен узтаз сен окушысын деп болген емес озимен тендей корип озинин билгенин корсетип уретип журетин.Тимур агайдын аркасында джиу-джитсудан бираз жетиске жетип сол жетистер казирги танда омирлик жолда коп комегин тигизип жатыр,Тимур устазыма мын алгыс Алланын нуры жаусын ол кисиге «жылкы ишинде жуйрик коп казанаты бир болек,ел ишинде жигит коп азаматы бир болек» т/б Мухаметов Бекмырза Баймырзаулы