Көшеге аты берілсе…

0
381

Еркін ауылындағы «Қаратал» көшесіне  Ұлы Отан соғысының ардагері болған әкесі  Бұхарбек  Рахимовтың атын берсе деген өтінішімен  талай жылдан бері ауылдық әкімшіліктің, соңғы жылдарда  облыстық  тілдерді  дамыту  жөніндегі басқарма табалдырығын тоздырған Еркін ауылының тұрғыны Зәуре Рахимова «Алатау»  газетінің  редакциясына  келіп,  өзінің  ішкі  назын жеткізді. 

«Менің әкем Бұхарбек Рахимовты Еркін ауылының барлық тұрғыны жақсы біледі. Ол 1939 жылы соғысқа кетіп, 1945 жылы мамыр айында бір көзінен айырылып,  мүгедек болып үйге оралды. Содан кейінгі бар өмірін  мұғалімдік қызметке арнап, өте  сыйлы азамат болды. Еліне еңбегі сіңген әкемнің есімін «Қаратал» көшесіне берсеңіздер деген өтінішпен Еркін ауылының әкімі Қанат Рысбековке, кейін  облыстық  тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Ермек Ақшабаевқа сан мәрте жолықтым. Бірақ сөзіме құлақ аспай келеді», – деген Зәуре Рахимованың айтқанын алға тартып,  Еркін ауылдық округінің   әкімі Қанат Рыспековке және Жетісу облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына  хабарластық.

 Бұған  қатысты  ауыл  әкімі Қанат Рыспеков былай дейді.

 – Зәуре  Рахимованың  «Еркін  ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне жолданған Еркін ауылындағы «Қаратал» көшесінің атауын әкесі Бұхарбек Рахимовтың атына ауыстыру туралы өтініш хаты қаралған болатын. 2021 жылы 20 желтоқсан күні Қаратал көшесі тұрғындарымен көше атауына қатысты жиын өткізілді. Алайда адамның  аз жиналуына байланысты аталған мәселе оң шешімін тапқан жоқ.

Әдістемелік ұсынымның 9-тармағы, 4-тармақшасында «Құрамдас бөліктерге атау беру және қайта атау кезінде Республикалық ономастика комиссиясы мақұлдаған және ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген «Тарихи тұлғалар» тізімін  басшылыққа алу» мәселесі нақты  қарастырылған. Осыған орай «Талдықорған қаласының мәдениет,  және  тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік  мекемесінен, «Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы» ММ-сі басшысының атына «Тарихи тұлғалар» тізбесін енгізу мақсатында жергілікті өңірдің «Тарихи тұлғалар» тізімін қарастыру үшін екі мәрте хат жолданды.

Ең алдымен ұсыныстарды қарастыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, министрлікке жолданады. Хатта көрсетілген тұлға тізімге енгізілгеннен кейін ғана есімін көшеге беру мүмкіндігі қарастырылады. 

Ал Жетісу облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының берген жауабы мынадай: – Қазіргі кезде еліміздегі ономастикалық жұмыстар Республикалық ономастика комиссиясының 2021 жылғы 16 маусымдағы отырысында мақұлданған Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын Әдістемелік ұсынымдарға (бұдан әрі – Әдістемелік ұсыным) сәйкес жүзеге асырылады.

Әдістемелік ұсыным Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес барлық жергілікті атқарушы органдарға ономастикалық жұмыстарды жүргізу барысында қатаң басшылыққа алу үшін жолданған болатын.

Әдістемелік ұсынымның 9-тармағы 4-тармақшасында құрамдас бөліктерге атау беру және қайта атау кезінде Республикалық ономастика комиссиясы мақұлдаған және ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген «Тарихи тұлғалар» ізімін басшылыққа алу мәселесі қарастырылған.

Осы ретте, аудан, қала әкімдіктерінен  «Қазақстан Республикасындағы Тіл  туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25-5-бабында көрсетілген ономастика жұмысының критерийлеріне сәйкес келетін жергілікті жердегі танымал тұлғалардың тізімдері жинақталып әкімдіктер тарапынан қолдаухат жолданады. Аталған қолдаухат облыстық және республикалық ономастика комиссиясының отырысында қаралады. Нәтижесінде комиссияның оң қорытындысы берілген кісі есімдері тізімге енгізіліп, қолданыстағы заңнама талаптары негізінде есімдерін ұлықтау шаралары жүргізіледі.


ПІКІР ЖАЗУ