Қыздар әуес боп жүрген қай насыбай

0
713

Қазақтың «Ет бұзылса тұз себер, тұз бұзылса не себер» деген мақалы еріксіз ойға оралып тұрғаны. Бұзылып тұрған ет емес, қыз ғой… Енді не себеміз. Ішімдік  ішетін де, шылым шегетін де, бұзақылық жасайтын да, тапқан баласын сатып, одан қалса күл  қоқысқа тастай салатын да, төбелессе еркектерді  жолда  қалдаратын да осы қыздар.

Бәрін бірдей даттаудан аулақпыз.  «Бір  қарын  майды бір құмалақ шірітетіні» сияқты жалпы  қыздарға  кір  келтіріп тұрған: «өзі үйде, қылығы түзде» жүргендердің іс-әрекеті ғой. Әй дейтін әжесі, қой дейтін қожасы болмаған соң, жастық шақта сайрандап қалайық дейтін шығар. Бірақ оның түбі өкініш екенін бойжеткендер  білмейді  емес,  біледі.

Жалпы «Қыз балаға қырық үйден тыйым» дегенді қазақ бекер айтпаған. Қыз қызғалдақтай құлпырып, жұпарын  жоғалтпай тұрғанға не жетсін шіркін. Базар мен сауда үйлерінің, не болмаса мемлекеттік мекемелердің маңайынан  өтіңізші…  Ауыздарында  түтіні будақтаған темекіні құшарлана тартып тұрған  қыз-келіншектерді  көресіз. Көрген көзге әбес көрінеді. Тіпті бір  үйлерге  қонаққа  барсаңыз  ері мен әйелі екі жақтап шылымды будақтатқанда барған үйіңнен безіп шыққың келеді. «Не болды ей, сонша, екеуіңнің бірің тоқтай тұруға болмай ма?» десең «Әңгімеміздің тұздығы осы ғой» деп ыржалаңдайды ғой. Осыдан кейін әлгілер балаларына жат қылықтан аулақ болыңдар деп қайтіп айтады екен дейсің. Түтіннің көкесін түнгі клубтардан  көресің.

Темекені қойдыра  алмай жүрсек, енді насыбай ататын қыздар көбейді деген ақпаратты оқып, бұл қоғамда бұзылмаған  не  қалды өзі  деп ойға шомып отырғаның… Насыбай дегенді бұрын ауылда үлкендер ғана атушы еді. Асанәлі Әшімовтың «Қозы-Көрпеш – Баян  Сұлу  фильміне  шақырту  алып, киноға түсіп жүргенімде сол фильмге түскен сыншы әрі халық  жазушысы  Ақселеу  Сейдімбеков  ағамыз  насыбай ататын. Күмістен жасалған шақшасы бар еді жарықтықтың, соны алақанына сілкіп-сілкіп насыбай түсіріп, ернінің астына салып жатушы еді. Сол кісінің насыбай атқанының  өзі  бір  әдемі еді. Жұрт  көзінше соны қақырып-түкіріп жатқанын көрмеппін. Одан  соң әнші экс-депутат  Бекболат Тілеуханның насыбай атқанын көрдім. Оның құрамында не барын да сұрамаппын. Әйтеуір күлдің  ұнтағы араласады дегенді естігенім бар.  Насыбайға әуес қыздар көбейді деген соң оның анық-қанығын білу мақсатында  ғаламторға  үңілдік.

– Насыбай – темекі ұнтағына күл, қалампыр қосып жасалатын ащы, күшті иісті зат. Оны құмарлық үшін атады. Саптыаяқ (үккіш) темекі жапырағын әбден ұнтақтап, арша немесе сексеуіл, қайың, тобылғы, қылша күлін қосып, оған су  сеуіп әзірлейді. Оның бұйра  Н.  деген түрі  де болады. Бұйра насыбайды ұнтақтап, су сепкен соң тесік қалбырдан өткізеді. Оны көбінесе астыңғы ерінге кейде тілдің астына салады. Оны атпай, тек иіскеу үшін пайдаланатындар да бар. Дәстүрлі  қазақ  қоғамында  насыбай  әшекейленіп жасалынған  мүйіз  шақшаға,  құтыға салынған. Насыбайдың  денсаулыққа зияны көп дейді. Ендеше  оған  аңсары  ауып  жүрген бойжеткендер неге оның денсаулыққа зиян екенін біле тұра ынтығып  жүр.

Айтыскер Бөрібай ақын: «Темекі, насыбаймен 55  жыл жолдас болдым.. Темекі өкпе арқылы қанға өтеді. Ал,  насыбай  бірден  миға әсер етеді. Оның  түр-түрі бар. Оны  жасаушылар  айла  тәсілін біледі. Менің әкем де насыбай атты. Оған «әкті» (известі) көп қосып жіберсе таңдайды ойып жібереді. Насыбайдың  ауыр  және  жеңіл түрі бар. Бізде Шымкентте және Жетісайда саудаланады. Оның бір қорабында 12-13 тал бар, бағасы 250 теңге. Ауырын,  ащысын  атсаң (кайф) терлеп-тепшіп, бусанып отырасың. Мен біресе темекі тарттым, біресе насыбай аттым. Темекіні ұзақ тартып тастап кетуге болады.  Ал  насыбайды  тастау  қиынның қиыны. Мұны қазақтың зиялыларының  көбі  Ғабит  Мүсіреповтен бастап  бәрі дерлік атты ғой», – дейді.

Жүрегіме  «стенд»  қоятын  кезде  барлық медициналық сараптамадан өттім. Темекімен де көп жолдас болдым ғой. Өкпем біткен шығар деп ойлағанмын. Бірақ дәрігерлер өкпең  дін аман дегенде қайран қалдым. Осы күні қайтадан насыбайға көштім,  күніне екі-үш рет атам. Ал темекіні нан сияқты жейтін едім, оны тоқтаттым. «Ой  құрсын,  екеуі  де зиян, насыбайдың ащысына әуестігім артып,  рахат  қудық қой  дегеніне қарағанда насыбайға құмартып жүрген қыздар да  ащысынан дәм татып «кайф» ұстап жүрген шығар деген ойға қалдық.  Демек, насыбайға әуестеніп алғанда есірткіге елтігендей іздеп тұратын болуы керек. Оны Бөрібай ақынның сөзінен аңғаруға болады. «Насыбайға құмартып алсаң оны тастау қиынның қиыны» дегені бекер емес-ті. Оны саудалаушылар оның алуан түрін шығарыпты. Мәселен, еріннің астына салып қоятын жұмсақ пластика тәрізді түрін жасаған.

«Мұны ерінге, не таңдайдың астына салғанда ұзақ уақыт ауызда сақталады. Бұл насыбай ататын адамдарға  өте пайдалы, жиындарда немесе мерекелерде отырғанда одан бөлінетін сөлді бірден түкіріп тастамаймыз,  –  дейді насыбайшы Бөрібай Оразымбетов.

Ал енді осы насыбайды мұқият зерттегендер оның құрамында есірткі мен психотропты заттың барын анықтаған. Осыған қатысты Қазақстанда насыбайға тыйым салынғанымен  оның саудасы қызып тұр. Оны бұрын үлкендер ғана атса, қазір жастар бейім болып алған. Бейімделгені сондай, насыбайға қыз балалардың да құмары артыпты. Насыбай, темекінің жапырағынан әрі сексеуіл, тобылғы, арша ағаштарының күлінен жасалса, оған әк «извест» қосылса, бұдан адам баласы керісінше жиіркенсе керек еді. Дәрігерлердің  мәліметінше, кез келген адам басында оны атудан жиіркенеді. Алайда  бір  рет  дәмін  татқаннан  кейін қалай  тәуелді  болғанын байқамай қалады. Тіпті психотропты затты қолдану жүрек пен миға, ішкі органдарға зиян дейді.

«Біз оның 1-2 зиянын ғана зерттеп, анықтадық. Ал толық зерттеу көрсетілмеген. Созылмалы обструктивті өкпенің аурулары көп тарап, қатерлі ісіктер пайда болып жатыр, –  деді «Астана» телеарнасына жауап берген  нарколог Тоқтар  Қойшыбеков.

«2011 жылы насыбайдың құрамында  есірткі  мен психотропты  заттың бары анықталған.  Ал  оған  заң  жүзінде 7 жыл бұрын шектеу қойылған. Алайда насыбай  сатушыларды  жіті бақылауға  алып  жатқан құзырлы органды байқамайсың. Базарға  барып,  насыбай  керек  еді десеңіз, саудалаушылар үстел астынан түйіршегін суырып алып бере қояды. Насыбай  сатып ұсталған саудагерлерге әуелі ескерту жарияланады.  Кейін олар 5 АЕК айыппұл төлейді.  Шағын  және орта  кәсіпкерлерге 20 АЕК  айыппұлға дейін салынады. Өйткені насыбай  –  бәрібір  темекінің бір түрі, тәуелділікке әкелетін зат», – дейді заңгер Ерқанат Бейсенов.

Ал  бұған қыз балалардың  құмартуы қоғамды алаңдатарлық жағдай. Өз денсаулықтарына немқұрайлы қараған қаракөздер болашақ ана екендерін естерінен шығармаулары тиіс. Насыбайға тәуелді болған қыздар тұрмыс құрғанда оны тастап кетуі екі талай. Себеп, Бөрібай ақын айтқандай насыбайды тастау қиынның қиыны екенін ескерсек, оның ащы түріне үйір болған  қыздар мең-зең  күйге түсіп, шамның жарығын айналған жынды көбелектей аңсап тұратыны ақиқат. Темекіге  құмартқан ерлі-зайыпты сияқты, тұрмыс  құрған  қыздың  ері  де  насыбай  атса, оларда  өмірге келген ұрпақтың  дені  қалай  боларын бір Құдай ғана білмесе, бізге беймәлім.

Дәрігерлердің айтуынша  оның  құрамына  есірткі мен психотропты заттың барын ескерсек, насыбайға әуестенген қазақтың арулары қай бағытқа кетіп барады. Жастықтың әсерімен қызылды-жасылға әуестеніп жүрген бозбала да, бойжеткен де мәңгі жас болып тұра бермейді. Ес біліп оң-солын таныған жастар ненің зиян, ненің пайдалы екенін жақсы білулері керек. Мамандардың зерттеуінше, насыбайды  тұтынушылар,  әсіресе  соңғы  20 жылда  кең етек жайыпты. Оны сатуға тыйым салынғанын базардағы саудалаушыларда жіті білмейді. «Мұны сатуға тыйым салынғанын білесіз бе?» десеңіз басын шайқайды.

Насыбай сатушыларды сөзге тартсаңыз үлкендерден  гөрі  жастардың  көп сатып алатынын айтады. Темекі бағасы аспандады. Насыбай арзан, Шымкентте бір қорабы 250 теңге тұратынын Бөрібай  досым айтқан. Ал оның  құрамында есірткі мен психотроптық заттардың барын оған құмартқан жастар білмейді дегенге сенім жоқ. Қолдарындағы ұялы телефонның ғаламторына кірсе, насыбайдың зиянды әрі денсаулыққа кері әсері бары тайға таңба басқандай жазулы тұр.

Тіпті  насыбай  жасаушылар оған  кейде тауықтың қиын да қосады екен. Ол өте  улы, оны мал  жесе өліп  қалады.

Сонда әлгі бозбалалар мен бойжеткендер ауыздарына не салып жүргенін білмей ме? Әлде білгілері келмей ме? Болашақтың тұтқасын ұстайтын жастардың есірткіге елітіп, насыбайға құмартып жүргені қоғам үшін аса қауіпті. Бұл  жағдайды  барынша  дабыл  қағып, мемлекет арнайы бағдарлама жасап, оған  қарсы есірткімен күрескендей күреспесе, кең етек алған насыбай саудасы  мен  әуестенушілердің саны арта беретіні хақ. Ал, оған қыз балалардың әуестеніп жүргені  көңіл алаңдатады. Шіркіндердің танауын  құрт  тесіп, езулеріне салатын түк таппай  жүрсе, таңдайларына таза өнім сүттен жасалған құртты салып жүрсе ғой дейсің. Бірақ  оны  тындайтын  насыбай атып жүрген бойжеткендерде құлақ бар ма? Керісінше, қоғамда насыбай ататын және шылым шегетін нәзік жандылар көбейіп барады.

Біз келесі тақырыпта шылым шегетін арулар жайлы мақала жариялайтын боламыз. Тоқсаныншы жылы республикалық сарайда өткен Аламан айтыста марқұм Ерік Асқаровтың қарсыласы  Нәсілхан Тоқтасынова сахна сыртында  Еріктің шақшасын төңкеріп  насыбай  атқанын  көріп, соны айтыста тіліне тиек еткен-ді. Қарсыласының әжуасын түсіне қойған Ерік:

Шақша батып барады жамбасым-ай,

Таңдайымнан барады ән тасып-ай,

Нәсілхан жұмбақтамай ашып айтшы,

Сенің айтып тұрғаның қай насыбай  – дегені бар еді. Сол марқұм Ерік ақын айтпақшы, біздің айтып отырғанымыз  қыздар  атып  жүрген улы насыбай…

А.БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ