Әлем чемпионатына жол тартпақ
Жетісулықтар көгалдағы хоккей спорт түрінен әлем чемпионатына жол тартпақ. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Рустам Али әлемдік аренада ел намысын қорғайтын индорхоккейдің құрама командасымен кездесті.
«Жерлестеріміз намысты қолдан бермей, Жетісу атын тағы бір мәрте асқақтататынына еш күмән жоқ. Жеңіс тұғырынан қол бұлғап, елге жақсы жаңалықпен оралады деп сенеміз. Сәттілік серіктерің болсын!», – деді Рустам Али.
Құраманың ойыншылары болса, қолдау танытып жатқан барлық жандарға алғыс білдіре отырып, әлем чемпионатында сенімді ақтау үшін барын салатындарын айтты.
«Азия чемпионатын жеңу бір басқа. Ал әлем чемпионатынан олжалы қайту – көп дайындықты қажет етеді. Іріктеу ойындарының өзінде бізге лицензияны жеңіп алу оңай болған жоқ. Әлем чемпионатында қазақ елінің көк туын желбірету үшін мықты дайындықпен баруымыз керек. Дайындық кезеңдері ойдағыдай жүріп жатыр. Хоккейшілердің спорттық дайындығынан бөлек, психологиялық дайындығы өте жақсы. Біз бар мүмкіндігімізді пайдаланып, қолымыздан келгенше жоғары нәтиже көрсетуге тырысамыз», – дейді құрама жаттықтырушысы Нұржан Бейбітов.
Айта кетсек, индорхоккейдің құрама командасы қазан айында өткен Азия Чемпионатының жүлдегерлері атанды. Дәл сондай нәтижені осы жолы да көрсетеді деген үміт бар.
Көптен күткен индорхоккейден әлем чемпионаты 2023 жылдың 5-11 ақпан күндері Оңтүстік Африка Республикасының астанасы Претория қаласында өтеді.
Республика көлемінде көгалдағы хоккейден жетісулықтардың мерейі жоғары. Өйткені индорхоккейден аға жаттықтырушы Нұржан Бейбітов жаттықтыратын спортшылар ел мерейін республика көлемінде де, шет елдерде де сан мәрте асқақтатып жүр. Сол себепті көгалдағы хоккейді айтқанда жерлестеріміздің серпіні айқын аңғарылады.
Хоккейшілер ел намысын қорғап, әлемдік аренада өнер көрсетпек. Тартысты доданың басталуына санаулы күндер қалды. Жерлестеріміз байрақты бәсекеде жеңіс тұғырына көтеріліп, көк байрақты желбіретеді деп сенеміз.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ