Камилланың жеңісі

0
319

Ғылым мен білімнің дамыған заманында кішкентайынан өзінің қабілет-қарымымен, дарынымен  көзге  түсетін  балалар  көп. Соның бірі  –  Талдықорған қаласындағы физика-математикалық  бағыттағы  Назарбаев  зияткерлік  мектебінің  4-сынып оқушысы Камилла  Сапабекова.

Ол  балабақшада  жүрген  кезінен-ақ  алғыр,  зерек  болып  өскен. Үш жасында әліпбидегі барлық әріпті танып, төрт  жасында өлең  жаттап, ән айтып, сахнаға шықты. Республикалық  ән  жарыстарына  қатысып,  жүлделі  орындардан көрінді.

Камилланың әжесі жыршы  кісі болыпты. Кезінде  ауыл балаларының барлығын жинап  алып, аңыз-әңгімесін, өлең-жырын айтып отырады  екен. Онымен қоса суырыпсалмалық өнері де болған. Содан  болар мүмкін, Камиллаға қандай ақынның болмасын поэма, небір күрделі  жырларын жаттау мүлдем қиынға соқпайды.

Білімге құштар  болып  өскен  оны  ата-анасы  Назарбаев  зияткерлік мектебіне береді. Бұл мектепте дарындылықты  тек тест арқылы  анықтамайды. Сонымен қатар арнайы бағдарламалар бойынша кезеңді түрде іске асырады.

Камилла да тест тапсырып, өзін жан-жақты  көрсетіп,  үш  жүз баланың  ішінен іріктеліп, мектепке қабылданады. Бүгінде ол мектептің үздік, бетке ұстар оқушыларының  бірі.

Назарбаев зияткерлік мектебінде дарынды  балалар  жыл сайын ғылыми  жобалар  байқауларына  қатысып, топ  жарып  жүр. Оның айқын дәлелі  дәстүрлі  «Зерде» байқауы.

Қараша айында  бастауыш сыныптар  арасында  «Зерде»  зерттеу жұмыстары  мен  жобаларының  конкурсы  өтті.  Байқауға  4-5 сыныптың оқушылары  қатысты. Оқушылар  мұнда  түрлі  бағыт бойынша бақтарын сынады. Аталмыш  додада  өзінің  қызықты  жобасымен  Камилла  да  көзге түсті.

Ол бірінші сыныптан бастап, ұстазымен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылыми  жобалар жасаған. Мәселен, 1-сыныпта қазақ  тілі  пәнінен «Қазақ танымындағы қоңыр  түстің  тілдік  сипатын» зерттесе,  2-сыныпта «Абайдың  рухани  жаңғыруы» туралы  жоба қорғайды. Ал  3-сыныпта  «Денсаулық  үшін математиканың маңызы қандай?» деген тақырыпта ғылыми  жұмыс  жазады. Биыл  «Математика  мен  музыканың  байланысы » атты ғылыми  жобаны  зерттеп,  2-ші  орынды  иеленді.

«Ғылыми  жұмысқа  бір  жылдан  астам уақыт кетті. Жобаны ұстазыммен бірге зерттедік. Жазғы демалыста да кітапханаға  барып, көп кітапты  ақтарып,  керек мәліметтерді жинап жүрдім. Бұл зерттеуімнің мақсаты – математика мен  музыканың байланысу тарихы,  ұқсастықтары мен айырмашылықтары,  музыканың математикалық қабілетке  әсерін анықтай отырып, оның маңызын білу болды. Ғылыми  зерттеудің  заңдарын  сақтай отырып, бастан-аяқ  жатық  тілмен жазып шықтым. Осындай  ғылыми  жобаларды  зерттеуді  үйретіп, жол  сілтеп  жүрген ұстазым  –  Айнагүл  Копжановаға  айтар  алғысым  шексіз», – дейді  жас ғалым.

Камилланың  бойында  мұнан  да бөлек  қырлары жетіп артылады. Ол ән айтып, би  билеуден бөлек, өнер мектебіне барып,  флейта  және  фортепиано секілді  аспаптарды  жетік  меңгерген. Сонымен  қатар  жүзуге  де қатысқанды  жанындай  жақсы  көреді.

Анасы  Камилланың  бойындағы  дарынымен  қоса,  есімінің  өзінде  де ерекшелік  бар екенін айтты.

«Қызымның әжесінің есімі Кәмила болған екен. Ол кісі білімді, сөзге шешен болғандықтан ырымдап  апасының  атын  беруді  жөн  көрдік. Алайда қазақта  нақты  есім берілмейтіндіктен  Кәмила  деп  емес, Камилла деп қойдық», –  деп ағынан жарылды  ол.

«Камилла 1 сыныпқа  конкурстық  іріктеуден өткен оқушы. Назарбаев Зияткерлік мектебінде 1 сыныптан бастап оқиды. Шыққан тегі, отбасының берген тәрбиесі өте жақсы. Ата-анасы баланы жан-жақты дамуына жағдай жасап отырған, үлгі тұтатындай адамдар. Камилланың адамгершілік қасиеті жоғары, талабы таудай, зерек, берген тапсырманы жауапкершілікпен орындайтын оқушыларымның бірі. Қағылез, ұғымтал, мектептің  кез келген іс-шарасына қатысып отырады. Әрқашан ата-анасының баланы қолдап, ілгері қадам басуына үлестері зор. Ғылыми-жобаға 1 сыныптан бастап қатысады. Ізденімпаз, еңбекқорлығының арқасында биіктен көрінетін бала. Алла  бұйыртса  еліне  қызмет ететін азаматша болады деп сенемін», – дейді ұстазы Айнагүл  Бекболатқызы.

Кішкентай  ғалым  алдағы  уақытта  кезекті  жобасына  қызу дайындық  үстінде. Ол  алдағы  уақытта  қандай  ғылыми  жұмыс  жазсам  да математикамен  байланысты болады дейді. Жас дарын болашақта  зерттеулер  жасап,  ғалым  болғысы келетінін айтады. Ендеше, бізде  Камиллаға  арманыңа жетіп, биік белестерді бағындыра бер дейміз.

Арайлым  БЕЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ