Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек

0
413

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Жаңа Қазақстан құрамыз, демократиялы ел боламыз», – деп қалың бұқараға уәде берген-ді. «Уәде, Құдай сөзі» ел сенімін арқалған Мемлекет басшысы саяси реформаларды біртіндеп жүзеге асырып келеді. Әуелі, Ата заңдағы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында қабылданған заңдардың күшін жойды.

Сот, прокуратура,  жалпы заң құрылымдарына қастысты заңдар қайта қаралуда. Кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан реформалар қатарындағы  Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2023 жылдың 19-наурызында өтпек. Кезекті депутат таңдауында 12 млн-ға жуық азамат дауыс береді  деп күтілуде.

Бұл сайлаудың бұрынғы сайлаудан өзгешелігі сол Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы – бірмандатты округтерден сайланбақ. Үміткерлер сайлауға партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың атынан қатыса алады және өзін-өзі  ұсынуға да  мүмкіндіктері бар.

Республикалық маңызы бар қалалар мен облыстарда депутаттардың 50 пайызы  мажоритарлық  жүйе  бойынша, ал қалған 50 пайызы  партиялық  тізімдер бойынша  сайланбақ. Ал аудандар мен қалалардың мәслихаттарына сайлау толық мажоритарлық жүйе бойынша  өтеді. Мажоритарлық  жүйеде саяси  партиялар ғана  емес, жеке тұлғалар да дауысқа  түсе алады. Қоғам белсенділері мен саяси шолушылардың мәжіліс сайлауына қатысты пікірлеріне құлақ түрсек «Қазақстанда шынымен демократияның лебі еседі», – дейді.

«Демократия – бұл, ең алдымен, өз сөзің мен ісіңе жауапкершілікпен қарау. Бәріміз бір шаңырақ астында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан әрбір азамат, кез-келген қоғам қайраткері, барша саяси күш ел болашағы үшін өзінің тікелей жауапкершілігін сезінуі қажет. Барша отандастарыма айтарым: әлемде бұрын-соңды болмаған күрделі геосаяси ахуал кезінде еліміздің тыныштығы мен ырыс-берекесін сақтау тек өзімізге, бірлігіміз бен ынтымағымызға байланысты.

Тәуелсіздігімізді сақтау және оны нығайту аса маңызды міндет екенін тағы да еске саламын. Бұл – халқымыздың басты құндылығы», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы. Президенттің айтуынша, біз конструктивті реформа бағытымен алға қарай нық қадам басып, мемлекеттілігімізді нығайтып, қоғамды біріктіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Саяси жауапкершіліктің биік мәдениеті мен азаматтарымыздың  шынайы  патриотизмі  мұның  кепілі бола алады.

«Бірнеше  аптадан кейін саяси  науқан  басталады. Кандидаттар  үгіт-насихат  жұмысына  кіріседі. Олар  дауыс  жинау  үшін  түрлі  тәсілдерді  қолданады. Бұл – қалыпты  демократиялық  үдеріс. Қазақстанда пікір алуандығына ешқандай  шектеу  қойылмайды. Заңға  қайшы  келмейтін барлық  іс-әрекетке  рұқсат  беріледі. Дегенмен, бір  нәрсені  бәріміз қаперде  ұстауымыз  керек. Сайлау  елді  бөлетін  емес, біріктіретін науқан болуы керек. Тағы да айтқым келеді, үміткерлер қоғамға  ірткі салатын әрекетте аулақ болғаны жөн.

Аңдамай айтылған артық  сөз немесе ойланбай жасалған оқыс қадам бүкіл елдің  болашағына  кесірін  тигізеді. Әрбір  отандасымыз осыны дұрыс түсінуге тиіс», – деген  Қасым-Жомарт Кемелұлының салиқалы саясатын әркім өзінше түсінеді. Парламенттегі мәжіліске талас-тартыс қазір қоғамда да қызу талас туғызып тұр. Тіпті жергілікті мәслихаттардыңда бәсекесі артып тұр. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы саяси партиялардың құжаттарын қабылдап, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына жеті партияның тіркелгенін хабарлады.

Олар:  «Қазақстан Халық партиясы»; «Ақ жол» демократиялық партиясы  «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы; «Байтақ» жасылдар партиясы; «Ауыл» халықтық-демократиялық  патриоттық партиясы;  «Аманат» партиясы;  «Respublika» партиясы. Осы партиялар арасындағы Парламент және жергілікті мәслихат сайлауына бәсеке тартысты өтпек. Бұдан бөлек өзін-өзі ұсынып жатқан кандидаттар да бар. Бұлар да орталық сайлау комиссиясының сүзгісінен өтіп, тіркелген соң аламанға ат қосатын болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, сайлауға түсуге бел буғандар түрлі тәсіл қолданатыны айдан анық. Қызу қандылары жұрттың  басын біріктіретін саяси сөз жарысында елді алатайдай бүлдіріп алмаса болғаны. Өйткені қазақта «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» деген тәмсіл бар.

Аламан басталғалы бері ғаламторға  көз жүгіртсеңіз бұрын оппозициялық бағытта жүрген бірлі-жарым кандидаттарды билік жағына шығып кетті деген қаралау сөздерді көресіз. Онсыз да қарға тамырлы қазекем бір-бірін табалаудан, жаралаудан алдына жан салмайтын еді. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы қай бағытта өрбиді гәп осында. Бәсеке, тартыс болған жерде алуан түрлі пікірде болады. Біз жер-көктен түрлі мысал іздемей-ақ, Абайдың үшінші қара сөзін  ықшамдап,  сайлаушыларға әрі сайлауға түсетін кандидаттарға құлаққағыс жасамақпыз. Болыстыққа таласып сайлауға түскен қазақтың мінез-құлқы бүгінгі қоғамда жойылып кеткен жоқ.

Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағынын, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Осы күнде қазақ ішінде «ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты. Оның мәнісі: «ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалылығынан жетерсің» деген сөз. Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы «Сені біз сайламадық па?» деп елдің бұлданғандығымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпенен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап қалып, тағы болыс болып қалуға болар ма екен деп күні өтеді. Енді несі қалды? Осы қазақ халқының осындай бұзықшылыққа тартып, жылдан-жылға төмендеп бара жатқанын көрген соң», – деген Абай хакім  орысша білім жетік болса деген.

Ал қазір қазақтар орыстың өзін жолда қалдырып, ресми тілде сайрағанда, сандуғаш құстан асып түседі. Болыстық сайлау мен депутаттық сайлау екі түрлі. Бірақ арқалайтын міндеттері бір. Екеуі де халықтың өкілі, халық атынан аманат арқалағандар. Парламентке барып ұйықтап отырған талай депутатты қараша қауым көрді. Тіпті, «мені сен сайлаған жоқсың» деп тіксінген экс-депутат Божко мырзаны да көз  көрді.  Сондықтан халықтың аманатын арқалаймын, билік пен халық арасына дәнекер бола аламын деген кандидат өзінің  жауапкершілігін арттырса,  құба-құп болар еді.

Абайдың сөзімен айтсақ: «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәуке ханның Жеті жарғысын білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді.

Ондай кісі аз, яки тіпті жоқ. Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады» деп. Оның мәнісі – тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы әшкере білінгендікпенен түссе, әйтпесе мүлде  түспесе».  Абайдың бұл айтқанына біздің алып қосарымыз жоқ. Бұл болыс немесе  Президент сайлауы емес, Парламент Мәжілісінің сайлауы.

Заман ағымына қарай  Парламентке кім барса да, халықтың мүддесін көздесе болғаны. Мемлекет пен экономиканың өркендеуіне, мемлекеттік тілдің тұғырға қонуына, ауыл шаруашылығының қанат жаюына, әскери құрылымның нығаюына күш салып, елдің  сөзін сөйлеп, билік пен қалың бұқара арасына алтын көпір салатын халық қалаулыларын көргісі келеді. Сайлау алдындағы үгіт-насихат әсіресе қызыл сөзге ұрынбай,  партия-партия болып ырылдаспай береке-бітімді ойлағандары абзал.

Естеріңізге сала кетейік, 19 наурызда өтетін Мәжіліс депутаттарының сайлауында 7 партиядан 283 кандидат бәсекеге түседі. Олардың арасынан әр төртінші үміткер ғана депутат бола алады. Себебі партиялық тізімге бөлінген мандат саны 69. Партиялық тізім бойынша ең көп үміткер ұсынып отырған әдеттегідей «Amanat» партиясы. 90 кандидаты бар.   Ал ең аз үміткер тізімін  «Байтақ» пен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ұсынды. «Ақ жолда» 54, «Қазақстан халқы» партиясында 52, «Ауылда» 25 кандидат бар.

Жетісу  облысы бойынша  ҚР  Парламенті Мә-жілісінің және мәслихатының депутаттарына кандидат ретінде  бірмандаттық аумақтық сайлау округінен парламент мәжілісінің депутатығына 18 кандидат ұсыныс білдіріп,оның 9 кандидаты тіркелді.  Облыстық аудандық, қалалық мәслихат депутатығына 513 кандидат ұсыныс білдіріп, оның 274-і тіркелді. Жетісу облыстық аудандық, қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 2023 жылғы 8 ақпанда сағат 18:00-де аяқталып, облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу мерзімі 2023 жылдың 18 ақпанында жергілікті уақыт бойынша сағат  18.00-ге дейін  жалғасады.

 Айтақын БҰЛҒАҚОВ


ПІКІР ЖАЗУ