Көкек әкелер көбейді

0
453

Соңғы уақытта елімізде ажырасу дерегі көп тіркелгендіктен  көкек әкелердің де қатары көбейген. Бұл жөнінде  сот орындаушы  мамандар «алимент өндіру жөніндегі шыққан әрбір төртінші сот шешімі орындалмайды. Өз баласына ақша  төлемес үшін аталған әкелер түрлі айла-шарғы қолданып әуре», – дейді. Статистикаға көз жүгіртсек  бауыр еті баласына алимент төлеуден жалтарып жүргендердің саны соңғы бес жылда 30 пайызға артқан.  Жетісу облысының өзінде бүгінде  қашып-пысып жүрген 200-ге жуық  борышкер  бар екен.

– Жетісу облысында өткен жылы алимент бойынша  берешек 165 миллион теңгені құраған. Бүгінде  65 миллион теңгеден астамы өндірілді. Алимент төлеуден жалтарған 23 борышкер әкімшілік  жауапкершілікке тартылып,  5-уіне қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар тұрақты жұмысы жоқ 214 борышкер анықталды. Оның 34-і жұмысқа орналастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жалғастырып жатырмыз, –  дейді Жетісу облысы прокурорының көмекшісі Әлішер Айшев.

Туған баласының несібесін аузынан жырып, қара басының ғана қамын ойлап кеткен мұндай әкелер ар алдында да, көз жасына қалған отбасының алдында да жауапты екендерін ұқпай жүр. Ал қайтсемде баламды өз ортасынан кем қылмаймын деген жалғызбасты аналар сот орындаушылардың табалдырықтарын әбден тоздырған. Солардың бірі Талдықорған қаласының тұрғыны М. есімді азаматша.  Үш баламен жалғыз қалған ана күнкөрістің қамын күйттеп таңғы алтыдан сегізге дейін банкте  еден жуып, сонан соң  түнгі 11-ге дейін дүкенде сатушы қызметін атқарады. 2013 жылы жұбайымен арадағы ұрыс-керістің салдарынан балаларымен бөлек шыққан ол бірден алиментке өтінім берген. Бастапқы кездері төленіп жүрген алимент жұбайының аяқ асты жұмыстан шығуына байланысты тоқтатылған. Содан бергі берешек 5 млн. 860 мың теңгеге жеткен. 

«Сот орындаушылар жұбайымның  қайда екенін  таппайынша әрекет жасауға құлықсыз екендерін айтты. Оның қайда жүргенін  табу үшін менен тағы да  қосымша қаражат сұрап отыр», –  деген  келіншек  енді қайда барып, кімнің есігін қағарын білмей дал.  Ал, сот орындаушылары болса жұмыс орындарын жасырып, жалақысын бухгалтерия арқылы бірнеше есе төмендетіп, дүние-мүлкін жақын-жуықтарына таратып сот орындаушыларынан қашып-пысып, көздеріне түспеуге дейін баратын көкек әкелерді тығылған жерлерінен  табудың өзі қиын дейді. Отбасындағы осындай келеңсіз оқиғалардан кейін баланың психологиясы бұзылып, өмірге деген көзқарасы өзгеретіні анық. Ата-ана арасында болып жатқан дау-жанжалдан соң «туған әкемізге керек емес екенбіз» деген ой түйген ұл баланың өзі   келешекте «көкек әке» атанбауына  кім кепіл?!  Олай болса, көпті алаңдатқан  мәселені жылы жауып қойып,  үнсіз отыра беруге болмас…

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ