Саяси өзгерістерге бастар жол

0
314

Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,  Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

–  Мен сайлауға жеті рет қатысқанмын. Алғаш  1975-1976 жылдары Қоңырөлең селолық советінің депутаты болып сайландым. Одан кейін аудандық советтің депутаты болып жүрген уақытта облыстық советтің депутаты болуға үлкен мүмкіндік туды. Сөйтіп № 78-ші Үлкенағаш округі бойынша облыстық советтің депутаты болдым. 1995 жылы жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі сайлау жүйесімен 2 рет Парламент  Мәжілісінің де депутаттығында қызмет атқардым. Кейін ауылға қайта оралған соң облыстық мәслихатта екі мәрте депутаттыққа қайта сайландым. Сайлаудың түр-түрін көрдім. 

Бүгінгі күнгі сайлау, мен көргендерден өзгеше. Себебі облыстық деңгейдегі Текелі сынды қалаларда депутаттар мажоритарлық жүйемен сайланса, облыстық мәслихат депутаттарының 50 пайызы партиялық тізіммен қалған 50 пайызы жеке тұлға ретінде сайланады екен. Парламенттің 70 пайызы партиялық тізіммен, қалған 30 пайызы бірмандаттық сайлаудан өтеді. Бұл Конституцияға өзгерістер еңгізгеннен кейінгі жаңашылдық және  өте дұрыс бағыт. Себебі жеке округтен сайланған депутат халық алдына барып, оларды өз жоспарларымен толықтай таныстырады. Соның арқасында халық кімді сайлап жатқандарын жақсы білетін болады. Ал елдің  алдына жеке кандидат бармай оны партия ұсынатын болса, жұрттың сенімі бірте-бірте азаяды. Неге дейсіз ғой?! Өйткені партияның ішінде кімнің депутат болатынын халық білмейді. Оны партияның ішкі құрылымы шешеді. Дәл осы жерден болашақ депутат пен халық арасындағы байланыс үзіледі. Қарапайым халық  «Бізсіз де шешеді ғой», «Партиялар өздері  біледі», «Кімнің жеңетіні әубастан белгілі ғой» деген тұжырымдарға  келе бастайды. Сенім азаяды. Осының барлығын орнына келтіру үшін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 5-маусымда Конституцияға өзгерістер енгізген кезде осы мәселені де қарастырған болатын. Сол сәттен бері мажоритарлық жүйемен партиялық жүйе аралас түрде өткізілетін болды. Сайлауда бірмандатты округтерден тіркелген кандидаттардың құжаттарында заңға  қайшы келетін әрекеттер болмаса, барлығы да таңдауға түсе алады. Халық дауыс беруге келгенде тіркеуден өтіп, тізімдегі кандидаттардың ішінен таңдау  жасайды. Кім ең жоғары дауыс алса сол сайланған болып есептеледі. Партиялық тізіммен депутаттыққа өтініш берген  адамдар  тек партиялар арасындағы таңдауға түседі. Кейін сайлау қорытындысына байланысты  мандаттар алады. Жалпы Парламент Мәжілісі депутаттығына 98 орын бар. Соның ішіндегі 66 орынды партиялар өзара  бөліссе,  қалған 29 орынды жеке округтер бойынша тіркеуден өткен қатысушылар алады. 

Міне, сайлаудың басты ерекшелігі осы. «Сайлаудан қалмайық» деп жүрген көзі ашық адамдар дәл осы таңдаудан үлкен үміт күтуде.  Сайлаудың қорытындысы қалай болатынын өз уақытында көретін боламыз. Тек жеңіске жеткен депутаттар өз істеріне жауапкершілікпен қарап, халық үмітін ақтаса болғаны.  Біз олардан тың дүниелер күтеміз.


ПІКІР ЖАЗУ