Қамданған қапы қалмайды

0
423

Табиғи апат, тосын оқиғалар  көбейді.  Әлемнің  назары  қазір Түркия мен Сирияда.  Бұл   Құдайдың сынағы. Адамдар Алласын ұмытты, сабырлық сарқылды, адамгершілік  жолда  қалды. Зорлық-зомбылық етек алып барады. Бір мемлекеттің екінші мемлекеттің аумағына  көз  алартуы, басқыншылық  әрекеті, қанды-қырғынды  қолдан жасауы, осының бәрі  жаратаушы  Алланың  ескертуі  дейді  ақыр заманның жақындап  қалғанын  айтушылар. 

Құдай жамандықтың бетін әрі қылсын дейміз де, өзіміз сол жаманшылықты шақырып тұрамыз. Апаттың алдын алмақ түгілі оны қолдан жасаудамыз. Ауаны ластап, табиғатты  аялауды қойдық. Қара жерді қадірлемейміз. Аңыз-әпсана бойынша  қара жерді мүйізімен көтеріп  тұрған  көк өгіздің  мүйізі талып, басын шайқап  еді   аузын айға білеген  білдей бір Түркия мемлекеті жермен  жексен болды. Қанша адам ажал құшты, жарақат  алды.  Ай мен күннің аманында  талай халық  баспанасыз қалды. Құдіреті  күшті   құдайдың  ісі деп өзімізді өзіміз жұбатамыз, жұбанамыз. Артынша  сақтық шараларын тағы ойдан шығарамыз. Оның кесірі  өзекті өртер өкініштерге алып келері сөзсіз. Табиғи апаттан бөлек  абайсыздықтан болып жататын су тасқыны, алапат өрт,  жол-көлік  оқиғалары  тағы бар.  Олардың алдын алу үшін төтенше жағдайлармен күресетін департамент  өкілдері  газ электр желісі мен қатты отын пайдаланатын көпқабатты  үйлер мен жеке секторларда  тұратын тұрғындарға қауіпсіздік шаралары туралы жиі айтып жатады.

Тіпті, көгілдір экран арқылы түрлі жарнамалар беріп, өздері тұрғын  үйлер мен базарларды,  кәсіпорындарды аралап, өрт қауіпсіздігіне қатысты  парақшаларды таратып жатады. Бірақ одан сабақ алып, қауіпсіздік шараларын ұстанып жатқандар шамалы. Керісінше көпқабатты үйлерде  газ баллондары  жарылып не болмаса электр желісінің тұйықталуынан, не балалардың  күкірт шырпысымен ойнауынан өрт шығып жататын жағдайлар көбеймесе азаймай тұр.

Жетісу облысында  ағымдағы жылдың 18 қаңтарында  тапа-тал түсте Талдықорған қаласы Красин көшесінде 5 қабатты  тұрғын үйде 18 шаршы метр алаңда жиһаздар мен заттардың жануы орын алған. Дер кезінде дабыл қағылғандықтан өрт жедел сөндірілген. Құдай сақтап  бұл жолы адам шығынына жол берілмеді. Көп пәтерлі тұрғын үй ғой тілсіз жау өршіп кеткенде бір-бірімен іркес-тірес салынған пәтерлер қызыл жалынға оранатын еді. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің жедел іс-әрекеті арқасында  баспалдақ  маршымен 7 адам (оның ішінде 2 бала) эвакуацияланды және өрт сөндіру  автосатысының көмегімен 3 адам (оның ішінде 1 бала) құтқарылған. Абырой болғанда  құтқарылғандар мен эвакуацияланғандар медициналық көмекке мұқтаж  болмапты.

Бұл өртті сөндіруге  Жетісу  облысы  ТЖД  24  қызметкері мен 7 бірлік техникасы, сондай-ақ,  көмекші қызметтер:  полиция департаменті, жедел медициналық жәрдем бригадалары  тартылған. «Өрттің шығуының алдын-ала себебі розеткаға қосылған электр ұзартқыш сымының қысқа тұйықталуы болған», – дейді  ТЖД-ның баспасөз өкілдері.  Ал 19 қаңтарда қаладағы Жансүгіров көшесі, «ISSMILE» фаст-фуд кафесінде 50 шаршы метр алаңындағы  ас дайындау  бөлмесінен  өрт  шыққан.  Таңғы жеті жарымда өршіген қызыл жалынға  ТЖД қызметкерлерінің күшімен 24 қызметкер және 6 бірлік техника жұмылдырып өртті  ауыздықтаған.  Жедел іс-шараның арқасында  адам шығынына  жол берілмеген.

Талдықорған қаласы  №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің  қызметкерлері Равиль Шарафутдинов, Әділ Қалиев және Алмас Сексенбаев өз өмірлерін қатерге тігіп, жанып жатқан бөлмеден  3 оттегі баллоны мен 1 газ баллонын (25 литрлік) шығарды. ТЖД қызметкерлерінің жедел іс-қимылдарының арқасында ауданы 300 шаршы метрден асатын ғимаратта өртті таратуға жол берілмеген. Өрт шығуының себебі  картопты қуыруға арналған табаның электр сымдарында қысқа тұйықталу болған. Орын алған тұрғын үйдегі және асханадағы екі өртте де электр желілерінің тұйықталуы басты себеп болып тұр.

Адамдар көп  шоғырланатын ортада  әсіресе  асхана, мейрамхана, кафелерде өрт қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс қой. Себебі  мұндай орындарда оттегі баллондары жиі қолданылады. Өрт сөндірушілер кешеуіл деп не болмаса өрт машинасы өрт шыққан мекемеге  кіруге кедергілер болған жағдайда,  не болмаса өрт тура оттегі тұрған  балондардың қасынан шығып балондар отқа оранса оның зардабы  өте  ауыр болар еді.

Дәл осындай газ балонының жарылысы  қаңтар айында  Қаратал ауданы, Үштөбе қаласындағы  жеке тұрғын үйде  орын алған болатын.  Көлемі 100  шаршы метр аумақты қамтыған  өрт  салдарынан медициналық мекемеге төрт адам, оның ішінде бір бала жатқызылған. Атап айтсақ 1956 және 1980 жылы туған  әйел адамдар. Олар  денесінің  40-50 пайызын күйік шалып жансақтау бөліміне түседі. Сонымен қатар орташа ауыр  күйде 1961 жылы туған  ер адам қолдың күйігі және 2019 жылы туған  бала  қол мен аяқтың жеңіл күйіктерімен дереу медициналық орталыққа жеткізіледі.  Бұл өртке облыстық  ТЖД-дан 5 қызметкер және 2 бірлік техника жұмылдырылған.

Кейін анықталғандай  жарылыс  қатты отынмен жылытылатын пештің жанында 5 литрлік газ баллонының қалып қоюынан болған.  ТЖД  азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға және газ баллондарды жылыту пештерінің жанында және басқа да жылдам қыздыру тәсілдері арқылы жылытпауға шақырады. Қалада  жыл  басынан бері  35 өрт  тіркелкен. Алматы облысында  2022  жылғы маусымында  425  өрт тіркелсе, Жетісу облысында 2022 жылы 518 өрт тіркелген.  Міне, абайсыздықтың салдары неге апарып соғатынын болған өрттерден көруге болады. Бұл тілсіз жаудың адам баласына да, қоғамға да тигізер зардабы өте ауыр.

Өрт салдарынан қаншама адамның ғұмыры қиылды, қаншасы ауыр жарақаттар алды. Сондықтан жылдың төрт мезгілінде де өрт қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауға болмайды. Әсіресе жылыту пештерінің жанына газ баллондарын қойып жылыту дегенді мүлде қою керек. Апаттың үлкен-кішісі болмайды. Оның зардабынан ең  үлкен қасірет  адам шығыны болады.  Мәселен  Түркия мен Сириядағы зілзала кезіндегі қасіретті айтуға болады. Ол елдерде салынған баспаналардың сапасыздығы адам шығынының көп болуына себеп болып тұр.

Үш ай, тоқсан күн қаһарын төккен қытымыр қыста жылыстап, қар көбесі сөгіліп, көктемніңде құлағы қылтиды. Әлем жаңалықтарына құлақ түрсек жер дүмпулері  мен су тасқыны биыл көп болатын сыңайлы. Қыстың көзі қырауда  күн күрт жылынып  Түркістан облысында тасқын болып елді әбігерге салған-ды.  Сол себепті қазгидромет өкілдері  «Елімізде  жаңбыр мен ылғалды  қар түріндегі қатты жауын-шашын  23-24 ақпан аралығында температуралық  фонның жоғарылауына байланысты Жетісу облысында қарқынды қар еруі, еріген және еңіс ағынының қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі күтіліп, су тасқыны болуы мүмкін», – деп ескертеді.

Ескертуді елемегендер өкініште қалуы бек мүмкін. Ал облыстың солтүстігі мен шығысында оңтүстік-шығыстан 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады, Жалаңашкөл көлінің маңында екпіні 23-28 м/с жетуі мүмкін. Жетісу облыстық ТЖД азаматтарды іргелес аумақтардағы арық  желілері мен құбырлы өткелдерді қардан, мұздан және қоқыстан тазарту бойынша шаралар қабылдауға, сонымен қатар көрсетілген кезеңде және қарқынды қар еру кезеңінде тау жорықтарын жасамауға шақыруда. Қазіргі таңда  Жетісу облысының  Төтенше жағдайлар департаменттерінде су тасқыны болуы мүмкін  деген жағдайдын алдын ала бағалау жұмыстары жүргізілуде.

«Бүгінгі таңда өңірдегі су тасқыны жағдайы тұрақты. Су тасқыны  кезеңінің  алдын  алу  мақсатында дайындық жұмыстары 2022 жылдан басталды. Оқу-жаттығу аясында бірқатар профилактикалық іс-шаралар, инженерлік-техникалық  жұмыстар, арықтарды, каналдарды, сондай-ақ, құбырлы өткелдерді тазарту жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдар  «Қазселденқорғау» мекемесінің қызметкерлері және басқа да мүдделі органдар  облыстық ТЖД-мен бірлесіп, су тасқынына  қарсы  іс-шаралар бойынша барлық жұмысты ұйымдастырды. Сондай-ақ  аймақтағы жағдай  ушығып  кеткен  кезде  туындаған  мәселелерді жою үшін дереу төтенше жағдай  орнына жіберілетін күштер мен құралдар  да бар», – дейді Ринат Тазабеков.  Қабылданған су тасқынына қарсы шаралардың арқасында 2021 жылдан бастап облыс бойынша 13 су тасқыны қауіпті учаскелерді барынша азайтуға мүмкіндік туған. Нәтижесінде облыс аумағында бүгінгі таңда су басу қаупі бар 7 учаске бар.

«Қазселденқорғау» мамандары Жетісу өңіріндегі өзен алаптарына күнделікті мониторинг жүргізеді. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда су шығыны бірдей. Дегенмен,  Кербұлақ ауданы мен Текелі қаласында, сондай-ақ, Сарқан ауданында қар жамылғысы бар екенін ескерсек, температура фонының жоғарылауымен өзендерде  су ағынының ұлғаюы мүмкін. Сондай-ақ егер жаңбыр  түрінде жауын-шашын болса, өзендерде  су мөлшерінің жоғарылауы да анықталуы мүмкін.

2023 жылғы су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық бойынша бекітілген облыстық жоспардың бағыт-бағдарымен таныстырған ТЖД-нің өкілдері  су  тасқыны  кезеңіне  алдын ала дайындық жүргізу мақсатында  2022 жылғы  қазан айында және ағымдағы жылдың 3 ақпан күні «Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою» бойынша комиссия отырысы өткізіліп, нәтижелері бойынша тиісті мемлекеттік органдарға, аудандар мен қалалардың әкімдеріне арықтарды, арналарды, су өткізу құбырларын уақтылы тазалауды ұйымдастыру, гидротехникалық құрылыстарды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, күштер мен құралдар топтарының дайындығын қамтамасыз ету, облыс аумағында орналасқан су тасқынына бейім учаскелерді көзбен шолып тексеру бойынша жұмыстар жүргізу туралы қосымша нұсқаулар берілгенін айтты. Су тасқыны қаупін азайту шаралары туралы халықты оқыту және ақпараттандыру бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар жарияланып, су тасқыны кезінде адамдардың жедел іс-әрекет ету бойынша іс-қимылдар туралы жиындар өткізіліп, ақпараттық парақшалар мен кітапшалар таратылуда.

Су тасқыны қауіпті ахуалдың күнделікті мониторинг жүргізу үшін 52 гидробекет  қойылды (оның ішінде «Қазгидромет» РМК — 29 және «Қазселденқорғау» ММ — 23). Қазіргі таңда аталған гидробекеттер өзендердегі су деңгейінің көтерілуін бақылау үшін тәуліктік режимде жұмыс жасауда. Су тасқыны құбылысы бұл табиғи жағдай. Елді мекендердегі су тасқыны құбылыстары негізінде «Қазгидромет» РМК-ның қар жамылғысының биіктігі мен топырақтың тоңы туралы деректерін ескере отырып, ықтимал су тасқыны жағдайына алдын ала бағалау жүргізді. Осыған сәйкес, ауа температуралық фон күрт көтеріліп, жаңбыр түрінде жауын-шашын мол түскен жағдайда, таулы беткейлердің төменінде орналасқан елді мекен аумақтарында су тасқыны құбылыстары болуы мүмкін.

Жетісу облысы аумағында су тасқыны жағдайы күрделенуі салдарына ертеден қою мақсатында жедел штабтар құрылды, көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларды жою үшін тартылатын азаматтық қорғау қызметтерінің 837 жеке құрам адамы, 233 бірлік техникасы, 63 дана мотопомпалар және 6 бірлік жүзу құралдары мөлшерінде, күштер мен құралдар топтамасы қалыптастырылды. Қалай десек те,  қамданған қапы қалмайтынын естен шығармайық.

А. БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ