Аламан басталды, таяқ жерге тасталды

0
363

19 наурызда өтетін  Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауына  үгіт насихат жұмысы басталды. «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, Президент сайлауы өтпей жатып-ақ «Парламент әне тарайды, міне тарайды»  деген қауесет ел ішінде де, ғаламтор желілерінде де өрттей қаулаған болатын.  Бүгінгі қоғамда заманауи техниканың арқасында ауыз екі сөздің жылдам тарап кететіні белгілі. Қалай болғанда да қаулаған қауесеттің түбі шындыққа айналды.

Ескі Парламентте отырған депутаттардың көбі ұйқыдан көз ашпады. Шынын айтқанда халық солардың бірлі-жарымын ғана танитын. Депутат болып сайланып ант бергенде екі ауыз сөзді жаттап ала алмай, танауларының астынан міңгірлегендер қалың бұқараға күлкі де болған-ды. Себебі Парламентке барып қонжиған әлгі шенділер  мемлекеттік тілді жетік білмеді. Елге қызмет жасамады. Енді жаңа сайланатын мәжілісмендер партия-партияға бөлініп, кейбірі өзін-өзі ұсынып: «Халықтың сөзін сөйлеймін, жоғын-жоқтаймын,  мұңын мұңдаймын», – деп, ақпарат құралдарына бағдарламаларын жариялап, ала шапқын болып жатыр.  Соған қарағанда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының аламаны аса тартысты өтетіндей. Партиялық, бірмандаттық және өзін-өзі ұсынушылар арасындағы тізімдерді қарасаңыз көптеген өзгешелікті көруге болады.

«Сайлау басталды, таяқ жерге тасталды», – деп жеті атасы мен әулиелерге тағзым етіп, елді шарлап жүрген басты партиялардың бірі «Аманат» партиясы. Аманатқа адал болса игі. Бұл партияның құрамында сен тұр,  мен атайын дейтін ірі тұлғалар мен дәйім биліккке сын айтып жүрген айтыскер Ринат Заитовта бар. Нар тәуекел деп белін бекем буып, «Билік мінберінен тек елдің сөзін айтамыз», –  деген барлық кандидатқа  ақ жол дегеннен басқа  айтарымыз жоқ.  Алғашқы іс сапарларын Түркістан облысынан бастаған «Amanat» партиясының  қарқыны қатты. Әр партияның,  әр кандидаттың  алдарына қойған арман-мақсаттары, ұран сөздері, жарнамасы жаңғырып тұр. Өзін-өзі Мәжіліске ұсынған канидат Ауыт Мұқитбек Жетісулықтарға «Заңдар кемелді, Мәжіліс беделді болсын десеңіздер маған дауыс беріңіздер», – деп қана қоймай,  кандидат Руслан Қожасбаевты теледебатқа шақырды.

Жетісу облысы бойынша өзін-өзі ұсыну тәртібімен  Мәжіліс депутаттығына 15 үміткер таласуда. «Өңшең ғана ақсұңқар-ай» демекші,  кандидаттардың барлығы да қоғамда өз орындары бар биік тұлғалар. Бүгінде  елмен  жүздесіп, тілдесіп жүрген кандидаттардың көсемдігі, белсенділігі, іскерлігі айғақталатын сәт туды. Бір ай бойы шаршы алаңды шаңдатып шапқан кандидаттардан қайсысының озып келерін әуелі бір Құдай біледі, сонан соң көпшіліктен жиналған дауыс арқылы белгілі болады. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына тіркеуден өткен 7 партия бар. Олар «Қазақстан Халық партиясы», «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы»,  «Байтақ» жасылдар партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Amanat» партиясы, «RespubIika» партиясы.

Шынтуайтында бұл бәйгені әр қадамын нақты жоспарлай білген жан ұтады. Кандидаттарға ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы демократиялық бағытта дұрыс жол көрсетіп отыр. Әділетті Қазақстанның саяси қазаны қайнауда. Бұқара халықта еліміздің мейлінше мүдделі, демократиялы мемлекет болғанын қалайды. Осы тілектерді орындаймыз деген партиялар бүгінде білектерін түріп, белбеулерін буынып сайлауалды бағдарламаларын ұсыну үшін республиканы шарлап, съездерін өткізіп жүр.  Мәселен, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы үгіт-насихат жұмыстарын Жамбыл облысынан бастауда. Саяси ұйым өкілдері Тараз қаласында полиэтилен және полипропилен материалынан қап пен жіп өндіретін зауытқа барып, жұмысшылармен жүздескен. Олар халыққа партияның саяси бағдарламасын түсіндіріп, сайлау науқанына атсалысып, дауыс берудің маңыздылығын айтса,  зауыт қызметкерлері  өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жауап алды.

Аталған 7 партияда команда-командаға бөлініп барлық елді мекенді аралауда.  Сапарларын Жамбыл облысынан бастаған «Ауыл» партиясының өкілдері алдағы уақытта республиканың барлық өңіріне баруды көздеп отыр. Халықпен жүздесіп, көп дауыс жинауды көздеп отырған қалған 7 партияда қазіргі таңда елдің өңір-өңірін аралап ала шапқын болып жүр. Солардың бірі жаңадан құрылған «Respubliкa» партиясы. Партия өкілдері Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында жақтастар форумын өткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Партия төрағасы Айдарбек Ходжаназаров пен тең төрағалары Динара Шукижанова, Сырымбек Тау және Парламент Мәжілісі мен облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар жиынға келгендерді партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. «Партияның басты мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесінде қазақстандық кәсіпкерлердің мүдделерін топтастыруға және ұсынуға арналған саяси күш құру», – деген партия мүшелері кәсіпкерлерді қолдауға баса назар аударып, нақты және тұрақты ережелері бар бизнес ортаны қалыптастыруға күш салатындарын айтты.

Сондай-ақ  білім беру мен денсаулық саласында сапалы өзгерістер қалыптастырамыз деген  RespubIikaлықтар еліміздің барлық өңірінде өз филиалдарын ашып, арнайы сайлауалды штабтарын жасақтаған. Партия атынан биылғы сайлауға 182 кандидат қатыспақшы. Олардың 23-і ҚР Парламенті Мәжілісіне, 159-ы аймақтық мәслихаттарға кандидат. Солардың ішінен 8 кандидат Жетісу облысынан  аудандық мәслихаттарға ұсынылып отыр. Сайлауда үгіт-насихат жұмыстарын бастаған партиялардың бағдарламалары бір-бірінен алшақ емес екенін аңғаруға болады. Барлығының қаузаған мәселелері мемлекет мүддесі мен кәсіпкерлік, ауылшаруашылық, денсаулық, білім саласының айналасы.

Кешегі кеңестік кезеңнен қалған коммунистер партиясы бертінде атауын «Қазақстан халық партиясы» деп өзгерткен болатын. Бұл саяси ұйым өз бағдарламаларында әлеуметтік салаға басымдық берген екен. Ол жөнінде Астанада өткен «Аналар құрылтайында» айтқан. Партия алтын құрсақты аналардың мәртебесін көтеру, бала тәрбиесі, тұрғын үй, жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді. Алайда бүгінгі күні партия төрағасы Ермухамет Ертісбаевтің сөзі қоғамда қызу талқыға түсуде. Ол «Орыс халқына бас иемін» деп Путиннің саясатын ашық қолдайтынын айтып «Соловьёв  Live»  арнасына сұхбат берген болатын.

Келесі кезектегі «Байтақ» жасылдар партиясының да үгіт-насихат жұмысы қарқынды жүруде. «Сайлаушылар тарапынан түсіп жатқан сұрақтар саралануда», – деген партия өкілдері іс-шаралардың кестеге сай жүргізіліп жатқанын айтуда. Ал «Ақ жол» партиясының кандидаттары алғашқы іс-сапарларын Астана су арнасы мекемесінің қызметкерлерімен кездесуден бастаған. Жиында жұмысшылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген партия төрағасы Азат Перуашев әрмен қарай сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, ел ішіндегі өзекті мәселелерді талқыланған-ды. Келесі кезектегі «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы үгіт-насихат жұмыстарын Қарағанды өңірінен бастаған.

Партия өкілдері жергілікті сайлаушылармен кездескендерін, елді алаңдатып отырған мәселелерді талқылағандарын айтып, әлі талай істің басын қайырамыз деп отыр. «Біздің кандидаттар депутат болып сайланып жатса халықтың мұң-мұқтажын көтеретін болады, үлкен өзерістер болады деп сенеміз», – дейді олар. Бұл сайлауда көп өзгешелік болады деген қалың бұқара  Мәжіліске өзін-өзі ұсынған кандидаттар арасынан «Дат» газетінің бас редакторы Ермұрат Бапиға  қолдау көрсетуде. Алматы қаласы Әуезов ауданынан депутаттыққа түсіп жатқан оппозиционердің ғаламтордағы жарнамасы да айғайлап тұр. «Өзгеріс –  бізден, дауыс –  сізден. Елді өзгерту – биліктің ғана міндеті емес! Жаңа Қазақстанды «Диванда жатып» құра алмаймыз! Елдің ертеңі – ердің мойында!» деген кандидаттың ұраны да ұлттың көңілінен шығып тұр. Халықтан асқан сыншы, сарапшы жоқ. Өзін-өзі ұсынып жатқан және Мәжіліске таласып жатқан кандидаттар арасынан көптің көңілінен шықпайтын кандидаттарға қаратып дәстүрлі  әнші  Айгүл  ЕЛШІБАЕВА:      

Біздің кейбір апа-қарындастар, аға-бауырлар қолынан келсін-келмесін, сауаты жетсін-жетпесін өзін-өзі депутаттыққа ұсынып әлек.

«Әй, көке, қойсаңшы, мұның ұят болды ғой» деп айналасындағы бір ағайын-туысы айтпай ма екен» деп айдаладағы мен ұялып отырмын. Жалпы, депутаттардың бойында тілге, елге, жерге, қазақи салт-дәстүрге, өнерге деген құрметі;  экономиканы, ғылым-білімді, кәсіп-керлікті, ауыл шаруашылығын қолдап, дамытуға үлес қоса алатын ақыл-білімі, пайым-парасаты, өзінен шені үлкендерге жағымпазданбайтын тік мінезі және қараша жұртты басынбайтын қарапайымдылығы, берген уәдесін орындайтын іскерлігі, ел басына екі талай күн туғанда халықтың атынан сөйлей алатын рухы, шыншылдығы, әділдігі болса деймін.

Құрметті  апа-қарындастар, аға-бауырлар, сайлау деген «Қазақстан аруы» немесе «Жігіт сұлтаны» емес! Қолынан іс келетін азаматтардың жолына тұрмасаңыздар мемлекетке тигізген пайдаларыңыз сол болар еді! (Ақын Ершат Қайболдиннің фейсбуктағы жазбасынан.)

Ақынның аман болса тіл мен жағы, айтылады халықтың мұң мен зары. Жарайсың, Ершат, – деген жазбасын кандидаттар арасында босқа далақтап шауып жүргендердің қаншасы оқыды екен, ә!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ