Өркенді өзгерістер бастауы

0
283

Жомарт ИГІМАН, Қазақстанның Құрметті журналисі: «Жыл жаңарып, ай алмасып, уақыт озған сайын өмір өзіндік өзгерістерін ұсынады. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстан құру жолындағы саяси реформалары қалың көпшіліктің көкейіндегі үміт шоғын үрлеп келеді.

Бүгінде халықтың 40 пайызға жуығы ауылда тұрады дейді ресми статистика. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы ауылдағы әлеуметтің мәселесін басты назарға алды. Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығын дамытуға арналған кешенді іс-шаралар, пилоттық жобалар жемісін бере бастады. Шаруалардың табысын арттыруға орайластырылған жобалардан бөлек бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтаруға мықтап көңіл бөлінгені баршаға белгілі.  Алдындағы ақ-адал малына нуы мен суы мол жер бұйырмаған шаруалар енді келешегінен үмітті. Президент тапсырмасынан соң латифундистердің өзіне де, өзгеге де көзі қимаған игерілмеген жерлері ел игілігіне қайтарыла бастады. 

Осындай өркенді өзгерістер елді келешекке құлшындырған кезеңде, наурыздың 19-ында Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы болатыны жұртшылыққа аян. Парламент Мәжілісінің, сонымен бірге облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды ұсынудағы ерекшелік сайлаушылар көңіліне қонады. Сайлау пропорционалды өкілдік ету, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайлау жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Ал аудандар мен қалалардың депутаттығына кандидаттарды ұсыну рәсімі толығымен мажоритарлық жүйе негізінде, яғни, бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша өтеді. 

Сайлаушылар саяси науқанға қатысатын партиялар туралы күнделікті теледидар арқылы ақпарат алып отырады. Мәжіліс депутаттығына кандидаттар партиялық тізім бойынша «Қазақстан Халық партиясынан», «Ақ жол» демократиялық партиясынан, «Жалпыұлттық социал — демократиялық» партиясынан, «Байтақ» жасылдар партиясынан, «Ауыл» халықтық – демократиялық патриоттық партиясынан, «Respublica» партиясынан, «Amanat» партиясынан саяси додаға түспек.

Сарқан аудандық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша аудандық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес кандидаттарды ұсыну мерзімі 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанда сағат 18-00-де аяқталды. Кандидаттар толық тіркеуден өткеннен кейін 18 ақпаннан бастап үгіт-насихат жұмыстары бастауын алады. Демократиялық үрдіске сай алдағы сайлау тартысты өтеді, сайлаушылар өз таңдауын жасау үшін саяси науқанға белсене атсалысса ғана ел мүддесін көздейтін тұлғалар Парламенттен, мәслихаттардан орын алары анық.


ПІКІР ЖАЗУ