Қадірі қашқан қарттар көбейіп барады

0
748

«Неменеге жетістің, бала батыр?

Қариялар азайып бара жатыр.

Бірі мініп келместің кемесіне,

Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр» – деп мұзбалақ Мұқағали ақын жырлағандай, бүгінгі қоғамда қарттардың қадірі қашып, оларға деген құрметтің сиыр құймашақтанып бара жатқанын көресің. Осындайда аталы сөздің  сананың шаңын қағып, тіліңнің ұшына орала кететіні бар. «Құдай бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең  ала  бер»  деп бабалардың бекер айтпағанын түсінесің. Неге бүгінгі қоғамда төрде малдас құрып отырып, өнеге өсиетін айтатын қарттардың орны ойсырады. Әкенің тәлімін-тағылымын, тәрбиесін алған бала, үйдің алтын қазығы атанған ананың ақылын тыңдаған қыз әке-шешесін қарттар үйіне өткізе ме? Бар гәп тәлім-тәрбиеде болып тұр.

Әйелді еркекпен алыстырған кешегі октябрь революциясы берген тәлім-тәрбие ұлттық идеологияның түп-тамырына балта шауып, солақай саясат жұлынға кірген құрттай кеулеп, баланы әкеге, қызын анасына қарсы қойды. Байырғы үлкеннің алдын кеспейтін, жолдан жолаушы келсе аттан түсіп, қолына су құйып, батасын алатын, құйма құлақ қарттардың өсиетін, бабадан қалған әдеп-ғұрыпты бойына сіңіріп өскен ұрпақты ұлтараққа айналдырды. Бірінші ділінен, сонан соң тілінен ажыратты. Шоқындырды, ит ішпейтін сары сумен, құмыраның ішіндегі  жынмен жолдас қылды. Тәуелсіздік алғаннан кейін жоғалғанымыз табылатын болды, өз қолымыз аузымызға жетті деп бөрікті аспанға аттық. Жоқ, жаңылыппыз. Батыстан үлгі аламыз деп жалаңаштандық. Еуропаға еліктеп есімізден тандық. Жаһанданудың жұтқыншағында жыланға арбалған торғайдай жұтылып кеттік.

Салт — дәстүріміз дүбәраға айналды. Жат ағымның жетегінде кеткендер қаншама. Қысқа балақты шалбар киіп, жасына жетпей қартайып ұзын сақал қойғандар намаз оқымаған әке-шешелерін кәпір деп  үйден қуды. Қазақтың еш салтында әке-шешесін қаңғыртып үйден қуып жіберу, қарттар үйіне өткізу жоқ еді. Қазақ керісінше  «Әкең жынды болса байлап бақ» деп тағылым айтқан. Әкеге қол көтеру, шешенің шашынан жұлу, енесін төбесімен жүргізу дәстүрімізде бар ма еді?! Керісінше жетімді асырап бауырға басып, жесірді қаңғытпай панасына алған қазақ едік қой біз. Енді міне екі күннің бірінде бала-шағасынан немесе келінінен жәбір көрген қариялар мен кейуаналар көше кезіп, автобекеттер мен теміржол вокзалдарында түнеп жүргендерін көресің. Неге бұлай деп  түбін зерттеген блогерлер мен тележурналистерге көбіне балалары мен  келіндері  қарияның  ішетінін не болмаса сабырсыздығын желеу ететіндігін айтады. Тіпті кезінде үлкен қызмет жасағандар да келінмен балаға сыймадым деп қарттар үйіне өздері баратын көрінеді. Қазақтың «орта жолда атың, орта жаста қатының өлмесін» дегені рас екен.

«Бәйбішем дүние салған соң, күнім қараң болды. Немерелерімді сағындым, екі-үш айда бір сұранып  баланың үйіне барып, немерелерді иіскеп мауқымды басып келемін. Үйде бала жоқ болса бармаймын да, ұялы телефонмен немерелерге қоңырау шалам», – деген қарттар үйіндегі қарияның аянышты халін көріп, апыр-ай деп жағамызды ұстаған едік. Осы мәселенің түп төркінінен отбасындағы тәлім-тәрбиенің о баста дұрыс жолға қойылмағанын аңғаруға болады. Әйтпесе үлкен қызметтер атқарған, кезінде аяғы жерге тимей ат үстінде жүрген қарияның қартайғанда балаларына керек болмай қалғанын немен түсіндіруге болады. Балалары да лауазымды қызметтер атқарады. Баласы тұрмақ немерелері министрлікте істейді. Басқаша айтсақ елдің қамын жеген азаматтар ғой. Ал әкелері қарттар үйінде мейірімнен мақұрым болып отыр. Сонда деймін-ау сол министірлікте  не болмаса заң органдарында істейтін әлгі бастықсымақтар әкелерінен іргесін аулақ салып, халыққа қандай үлгі өнеге көрсетеді. Қаңтар айында да келіні үйден қуып жіберген 74 жастағы қария теміржолда түнеп жүр деген  ақпарат желіні жарған болатын. Қарияға жаны ашыған теміржол қызметкерлері өздерінің шағын бөлмелеріне кіргізген. Сол жерде 2 күннен бері түнетіп жүргендерін айтқан болатын.

«Келіндері қуып жіберген. Қарияның асқазаны ауырады, тамақ ішпейді. Кім көмектесе алады. Қарттар үйіне баруға келісіп отыр. Сол жаққа орналастыруға қолұшын созсаңыздар. Бала-шағасы бар, бірақ тастап кеткен»,  – дейді  бейнежазба авторы. Кейін қария өзін толық таныстырады. Айтуынша 1949 жылы туған. Есімі Жусанбай Оңғарбаев. Шу қаласының тұрғыны екен. «Туысқандары танып жатсаңыздар көмектесіңіздер. Баласы Алматыда дейді, аты-жөні Оңғарбаев Айдын. Ештеңе жеген жоқ. Тек ұйықтай береді», – деген бейнежазбаға жазылған пікір көп. Басым бөлігі әке-шешенің қадірін білмеген ұрпақты сынға алуда. Тіпті арасында үйіне алуға ұсыныс қалдырғандар да бар болып шықты. Басқа-басқа ауру қарияны үйден қуған келін көгеріп көктей ме?! Қарияның баласы әкесіне араша түсе алмаса, оның несі бала. «Әкеңе не істесең алдыңа сол келеді» деген тәмсілді, әйелінің ырқынан шыға алмаған баласы сезінді ме жоқ па  ол жағы бізге беймәлім.

Әңгіменің түп төркіні тәлім-тәрбиеден деп отырмыз ғой, ендеше бабалар сөзіне бір зер салып көріңіз.

– Елді кім, үйді кім бүлдіреді? – деп сұрапты қарт немересінен.

– Ата елді өсекші бүлдіреді, үйді ақылсыз бала бүлдіреді.

–  Жоқ, балам олай емес! Есіңде болсын ақылсыз басшы елді бүлдіреді, ақылсыз әйел үйді бүлдіреді… Демек, кезінде қызмет жасап, қазір қарттар үйін паналаған басшы елді емес  тәлім-тәрбиені бүлдірді. Оның ақылсыз әйелі үйді бүлдірді.

– Әкім ақылсыз болса, ел тозады. Өсек әкімді өсірмейді. Өсекті тыңдау әкімге жараспайды, өсиетті тыңдамау тақтағы ханға жараспайды, – депті қария.

– Үйдегі алтын қазық кім, – депті қарт.

– Ата үйдегі алтын қазық ер жігіт, – депті немересі.

–  Жоқ балам, үйдегі алтын қазық – ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі қызға үлгі, әке тәрбиесі ұлға үлгі. Ана ақылшың, әке қамқоршың, ағаң қорғаушың, інің сүйенішің, қарындасың қанатың екенін ұмытпа. Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем. Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілде. Ақылы сөзінде, – дейді қарт.

– Өмір сүру үшін не қажет? – депті қарт.

– Ата, өмір сүру үшін алтын, ақша, нан, мал қажет, – депті бала.

– Жоқ балам, адамның өмір сүруі үшін су, от, тұз, қыз, ақыл қажет. Су –   тіршіліктің нәрін береді, от өмірдің сәнін береді, тұз астың дәмін келтіреді, қыз көңілдің сәнін келтіреді, ақыл өмірдің мәнін береді. Адам ақылмен ағайынды табады, ақылсыз адам ағайыннан безеді – депті қарт.

– Шындықты не бұзады? – депті қарт.

– Ата, шындықты тіл бұзады, – дейді немересі.

– Дұрыс балам, шындықты тіл бұзса өкініші көбейеді не өсек көбейеді. Шындықты білу қиын, айтылған сөзді тоқтату қиын. Адал адам шындықты білсе өсек қылады. Өсек ерді бұзады. Өсекті көп айтқан шындықты білмейді, шындықты білген өсекшіге ере бермейді. Өмірде шындықты өсек бұзады, – депті қарт. Адамға ақыл беретін кімдер? – депті қарт.

– Ана тілі ғой ақыл беретін, – депті немересі.

– Жоқ балам, ана тілі ойды өсіреді. Адамға ақыл беретін ата-ана, ұстаз, досы екенін ұмытпа. Ата-ана ақылын баласы мен қызына айтады, ұстаз шәкіртіне айтады. Жақсы ақыл адамды тез есейтеді. Адамға ақыл беретін адал дос. Адал дос ақылшың, ақылшы дос жақының. Досы көптің табысы көп, табысы көптің жақыны көп. Достықтың көзі ақылдан басталады, – дейді қарт сонда.

– Адамның ақылы қайда? – депті қарт.

– Адамның ақылы тілінде, – депті жігіт.

– Жоқ балам, тіл ақылдың айнасы, ақыл істің пайдасы. Есіңде болсын, ханның ақылы тағында, әкімнің ақылы жанында, ғалымының ақылы басында, анананың ақылы жасында, жігіттің ақылы жақсылығында, ақымақтың ақылы кім көрінгеннің қалтасында – депті». Міне, осындай  бабалар  сөзі кезінде қызмет атқарған, бүгінде қарттар үйін паналаған кейуаналар мен қариялардың отбасында тұрақты айтылып тұрмағандықтан кесірін  қартайғанда көріп отыр.

Тағы бір 80 жасқа таяған ақсақал қарттар үйіне қалай тап болғанын, «Сұрауы бар» бағдарламасында айтып берді. Сексеннің сеңгіріне шыққан Батырхан Балтин Астанадағы жеке меншік қарттар үйлерінің бірін паналапты. Ол өзін алақанында ұстап, жақсы күтім жасаған ұлы көз жұмған соң, басқа балаларына салмақ салғысы келмеген. Неге өзге балалары  қарияны қамқорлықтарына алмады? Неге үлкен кісіден жалт бұрылды? Үлкен баласы көрсеткен қамқорлықты өзге балалары неге  көрсете алмады? Батырхан Балтин үш жасында әкеден жетім қалған. Тағдыр тауқыметіне мойымаған ол еңбек етуден қашпай, түрлі орден марапатқа ие болған.

Тіпті өзінің авторлық кітабын да жарыққа шығарған. Алайда соңғы бір жарым жылын қарттар үйінде өткізген қарт: «Осыдан 15 жыл бұрын жұбайым  қайтыс болды. Екеуміз елу жыл бірге өмір сүрдік. Ең үлкен қызымыз да ауырып, 52 жасында көз жұмды. Ол қызым  журналист еді. Мен сегіз бала көрдім. Оның бірі қыз, қалғаны  ұл. Тағы бір ұлым қайтыс болды, енді үшеуі қалды. Ең үлкен ұлымның бес баласы бар. Үш рет үйленген. Қазір әйелі жоқ, жалғыз тұрады. 57 жаста, кіші емес қой. Одан кейінгі ұлым 52 жаста. Оның әйелінің інісі инсульт алып, ерекше күтімді қажет етеді. Әйелі інісінің қасында. Ең кіші ұлым орыс тілінде жаңалықтар жүргізеді. Әйелі кәріс. Өзінен он жас үлкен. Ол үйленді деп біз бір табақ ет аспадық. Олар да бізді бір табақ етке шақырмады. Әрбір балама: «Сен мына қызға үйлен»,  деп айтқан жоқпын. Айтпаймын да… Бұдан басқа балаларыма қазақтың салтымен той жасайтынбыз. Әйтеуір, қосылды ғой… Ет асуды білмейтін болар, шайға да шақырған жоқ. Осыдан екі жыл бұрын қайтыс болған Еркін деген балам келініммен бірге алақанда ұстады. Мен де ешкімге бағынышты болмай, 80 жасқа дейін жұмыс істеп, еңбекақы алып келдім. Аяқ асты балам қайтыс болған соң, мені күтетін ешкім болмай, осында келдім. Бұл үй ашылғанда алғашқылардың бірі болып келгенмін. Бір жарым жыл болды, осындамын. Балаларымды, үлкен немерелерімді оқыттым», – деген қарияның бір немересі білдей бір министрлікте қызмет атқарады.

Келіндерінің бірі журналист. Үлкен баласы үш рет шаңырақ құрып, аяғында әйелсіз қалған. Оның бес баласы бар. Немерелеріде қарияны іздемейді екен. Міне, бабалар сөзіндегі ақылдың кімге қежет екенін осыдан-ақ пайымдай беріңіз. Осындай тағы бір сойқан жаңалық ғаламторды шулатты. Естігенде естен тандық. Үш ұл мен қызды тәрбиелеген қария, қартайғанда бала-шаға мен немерелерінің ортасында отырмай қарттар үйін паналауға мәжбүр  болған. Жалғыз басты қария 48 жылдан бері пәтер жалдап, жалғыз өзі тұрыпты… Ақсақалдың балалары анау-мынау емес заң саласының қызметкерлері екен. Қариямен кездейсоқ кездесіп қалған көлік жүргізушісі оны видеоға түсіріп алған. Сол видеоролик фейсбук парақшасында тарады.

«Жаңа бір ата Қарағандыға бармайсың ба, балам деді. Соған көмектесіп жатынмын. Неге көшіп жатқанын сұрасам, балалары қарттар үйіне жіберіп жатыр екен. Масқара иә?,  –  дейді ер адам. «Ақсақалдың айтуынша, өзі заңгер мамандығы бойынша оқыған. Балаларының барлығы әке жолын қуған. Үлкен ұлым Қарағанды облысында тергеуші. Екінші ұлым прокурор, – дейді  зейнеткер. Үш ұл, бір қызды тәрбиелеген қарт перзенттерінен қайыр жоқ екенін алға тартады. Айтуынша, ұлдарын 6 жылдан бері көрмепті. Қызымен де жүздеспегеніне бірнеше жыл болған. Қария 48 жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып келген. Жұбайы қайтыс болған».

Бұл видеороликті көрген желі қол-данушылары қарттар үйін паналауға мәжбүр болып отырған қарияға жанашырлық танытып, перзенттеріне сана беруін тіледі. «Жетесіз балалардан  Құдай сақтасын», «Бүйтіп артына ұрпақ қалдырмай-ақ қойғаны жақсы. Жанашыр жансерігі – кемпірі де ерте кетіп қалыпты-ау», «Алла сақтасын! Бала берсең, сана бер деген осы екен», «Алла тағала сізге жар болсын», «Алла жазасын оңдырмай береді. Бірақ ол кезде кеш болады», «Елдің ортасында әкесін үкіметке өткізіп, ел тізгінін қалай ұстап отыр?» деп жазды желі қолданушылары. Бұл видеоны көзі шалған ҚР Парламентінің экс депутаты (қазір сайлауға қайта түсіп жатыр)  Қазыбек Иса  бірінші болып үн қатты. Экс-депутат әкесін қарттар үйіне өткізіп   отырған  үш ұл  мектепті  орысша оқығаны анық деп санайды. «Әкесін  қарттар үйіне өткізіп отырған үш ұлы да  мектепті орысша оқығаны анық! Өйткені 15-20 жыл бұрын менің тапсырмаммен  «ҚАЗАҚ ҮНІ» газетінің  журналистері  Алматыдағы қарттар үйіне сауал жасағанда, қарттар үйіндегілердің 97 пайызы орыс мектептерінде оқыған болып шықты…

Қарттар үйіне кетіп бара жатқан бұл қарияның Қарағандыдағы тергеуші, Абай қаласындағы прокурор, Алматыдағы заңгер ұлдарының аты-жөндерін анықтау керек! Ол үшін осы видеоны барынша таратайық! Үш ұлына олардың балалары да қарттар үйінен орын дайындап қойған болар. Өйткені, әке-шешеңе не істесең, алдыңа сол келеді! «Әкең жынды болса байлап бақ» деген дана қазақ, – деп жазды Қазыбек Иса өзінің  фейсбук парақшасында. Бүгінгі қоғамның кескін-келбеті  кішінің үлкенге деген құрметінің қай деңгейде екенін көрсетіп тұр. Адам баласы Құдайдан не үшін ұрпақ сұрайды. Егер қартайғанда сол бала-шағасының қызығын көрмесе. Неге білдей бір министрлік пен тергеуші прокурорлар әкелерін қолдарына алғысы келмесе жеке пәтер алып беріп күтуші жалдамайды. Оларға не жетпейді. Онымен қоймай қоғамды шулатып, балаларының мейірімсіз екендері жайлы әлемге жар салған әкелеріне ренжіп жүрген шығар. Орыс тілді тәрбие алғандар ғана осындай опасыздыққа барады дегенге өз басым сенбеймін.

Таза қазақи отбасында тәлім-тәрбие алғандар да әке-шешелерін қарттар үйіне қуалап жүр. Сенбесеңіз қарттар үйіне барыңызшы, 90 пайыз қазақтар. Олардың тағдыры алуан түрлі. Тілдескенбіз, сырласқанбыз. Жан-дүниеңді сыздатады. Астана қаласындағы жекеменшік қарттар үйнінің басшысы Аманжол Қасымқызы «Сұрауы бар» жобасына берген сұхбатында балалары қымбат көлікпен әкеліп тастап, әкелерінен бас тартады дейді. Қарттар отбасын сағынып жылайтынын, соларды жұбатумен әлек болатын айтады. «Мысалы, біреулердің кредиті бар, біреулер жолдасымен дұрыс тұрмайды. Біреулерге әке-шешесі кедергі болады. Көбісі отбасылық жағдаймен бізге бас тірейді. Өмірде қаншама жағдай бар. Кейде қарттар жылап, теміржол вокзалдарына түнейді. Қарттарымыз көшеде қаңғырып қалмасын деп, өз ниетіммен аштым», – дейді Аманжол Қасымқызы. Қарттар үйі басшысының айтуынша ол бұл мекемені табыс көру үшін емес, мейірім сыйлау үшін ашқан. «Мен табыс көрейін деп, қызығушылықпен ашқан жоқпын. Өзімнің мамандығым бойынша аштым.

Бұл жерден ешқандай бизнес көріп тұрған жоқпын. Тұрып жатқан үйді жалға алдық. Ай сайын 600 мың теңге төлейміз. Одан бөлек, жұмыскерлерге жалақы береміз. Олардың тамағы, қажетті дүниелері бар… Өз балалары берген ақша қарттардың өзіне жұмсалады. Мемлекеттен көмек жоқ. Қарттар үйін ашқанда түрлі әкімдіктерге бардым. Ешкім ешқандай көмек бере алмайтынын айтты», – деген Аманжол Қасымқызы ашылғанына үш жылдың жүзі болып қалған қарттар үйіне  ата-анасын алып келіп, қайта алып кеткендердің көп екенін айтады. Отбасылық жағдай, қаржылық мәселе көп деген қарттар үйінің басшысы «Әке-шешесінің жағдайын сұрап, қымбат көліктермен келетіндер бар. Олар әке-шешелерін алып кетуге талпынбайды да», –  дейді. Бұл қазақ қоғамы үшін үлкен трагедия. Бағып-қағып білім беріп ұлды ұяға, қызды қияға қондырғанда, өз қолдары өз аузына жеткен балаларының ата-ана қадірін білмей қарттар үйін паналатып жүргендері ақылсыздықтарынан ба? Бірақ ақылсыз адам билікте министр, прокурор, тергеуші болып отырмайды емес пе. Мейлі ол мың жерден орыс тілді тәрбие көрсін қанында қазақ менталитетінің тамшыдай  түйірі болса, оның сұрауы  барын білмейді емес, біледі.

Қанша жерден таршылық, несие деп  күн көріс қиындаса да ата-ананы жылатып, екі көздерін мөлдіретіп қарттар үйіне паналату қазаққа жат дүние. Қымбат көлік мініп ойқастап жүргендердің де әл-қуаты кемір, көз жанарлары су алар, бойындағы  күш-жігерлері сарқылар сол кезде олардың да балалары қарттар үйіне апарып тастағанда сезінер қандай қателік жасағандарын. Өйткені «балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» деген аталы сөз бар.  Әке-шешесін қарттар үйіне тығып қойып, анда-санда барып қал жағдайын біліп тұру деген саналы адамға жарасатын тірлік пе? Ауру болса емдеп, аузына су тамызып, баладай күтіп баптаған талай келіндер, сол қариялардың ақ батасын алып, ақтық сапарға шығарып салып көктеп-көгеріп отырған жоқ па.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырда, үлкенге жасаған құрметіңді бала-шағаң алдыңнан шығарарын әке-шешесін үйден қуып жүрген баласы мен келіні білмейді емес біледі. Қай өңірдің қарттар үйі болсын барсаңыз көздерінен бір мұң, қабақтарынан қайғының бұлтын көресіз. Оларға мың жерден әлеуметтік жағдай жасап, төрт мезгіл тамақ беріп жайлы төсек салып берсеңде өз үйіндей бола алмайды. Ал қара шаңырақтарында бала-шағасының ортасында отырып, қатықсыз бір кесе қара су ішсе де соған пейілдері тоқ болар еді.

Немерелері ата-апа деп мойындарына асылып отырса жараспас па еді. Неге біздің қазақ балалары, келіндері осыны әлі күнге түсінбейді. Қызметте  жүрміз қартқа көңіл бөлетін уақыт жоқ дейтіндерге сендер кімге үлгі көрсетіп жүрсіңдер дейтін едім. Мемлекет қарттарға қарсы қатал заң қабылдау керек. Әке-шешесін қарттар үйіне өткізген балаларға шара қолданып, абақтыға тоғытуға дейін шара қолдану керек. Бұлай жасамаса  қазақ қоғамында тастанды баламен қараусыз қарт көбейе бермек. Әке-шешесін қарттар үйіне беріп, өздері жайдары өмір сүріп жүрген балалары неге  тайраңдап жүруі  керек?! 

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ