Жиырма бір баланы жеткізген КЕНЖЕҚЫЗ ана

2
706

Әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны,  жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы – ана. Бір қолымен бесікті,  бір қолымен әлемді тербеткен аналардың асылдығында шек жок. Мынау ғажайып өмір де аналарымызбен мәнді, шуақты. Ел басына күн туғанда ер азаматтарға тіреу болып, ұрпақ үшін, ел үшін аянбай еңбек еткен де аналарымыз екені даусыз. Солардың бірі – жиырма бір  баланы өсіріп жеткізген  Кенжеқыз НАРЫМБАЙҚЫЗЫ.

Ол  1936 жылы Панфилов ауданының  Ақжазық ауылында дүниеге келді. Бала  шағынан қиындықтың дәмін көп татты.  Өзімен бірге туған екі бауыры соғысқа аттанып, қайтып оралмады. Ағалары соғысқа кеткенде анасы мен жас жеңгесінің, ауыл-аймақтың көз жасын сығып жылап қала бергені әлі күнге көз алдында. Тұлымы желбіреп 7 жасқа толғанда анасы Бағила дүниеден озады.  Арадан біраз жыл өткен соң әкесі  жас әйелге үйленеді. Білім алатын кезінде өзінен кейінгі бауырларын (інілерін) бағып, дұрыс оқи  алмайды. Сөйтіп жүргенде әкесі де  өмірден өтеді. Бұл кезде ол небәрі 13 жаста  екен.  Екінші анасы мен жолдасын сарғая күткен жеңгесінің қолында жүріп, тағдырдың тауқыметін тартып өседі.

Соғыстан кейінгі сүреңсіз жылдар, туған ата-анасынан ерте айырылған тағдыр тәлкегі көзінде оты, жүрегінде қайраты бар жанның өзін жасытып жіберері ақиқат. Алайда,  көкірек көзі ояу Кенжеқыз топыраққа әріп жазып, ұсақ тастарды санап жүріп  сауатын ашады. Бойжетіп,  есейген шағында  келін атанып, өз ошағының отын тұтатады. Алты балалы болған шағында Құдай қосқан қосағы  көлік апатынан қайтыс болып, бір баланы жетектеп, бір баланы құндақтап арқасына байлап жүріп, суыққа тоңдырмай мәпелеп өсіреді.

Тағдыр жолында  «ащы өмірдің тәтті дәні бүр жарған күн  туып»  Қыдырбай деген кісімен бас қосады. Оның да  жары қайтыс болып, он екі баламен қалған екен. Осылайша екі жарты бүтінделіп, үлкен шаңыраққа айналады. Орталарында  дәнекер болсын деп  тұңғыш ұлдың тұңғыш баласын шаранасынан шайқап бауырына басады.  Алла ниетке береді дегендей, бауырға басқан батырдың соңынан екі қыз еріп, отбасының бақыты еселене түседі. Міне, Кенжеқыз ана осындай үлкен әулеттің аяулы да, абзал  анасына айналады.

Бақытқа жетудегі төгілген көздің жасы мен маңдайдың тері өлшеусіз-ақ дерсің…  Шыдамдылық, төзімділік, сабыр мен қажыр қайрат, иман мен иба ғана осындай бақытқа апаратын шығар, бәлкім.  Бүгінде Кенжеқыз Нарымбайқызы өзі өсіріп-жеткізген 21 баладан немере-шөбере сүйіп отырған бақытты әже.

Кенжеқыз апа туралы қызы Ақбөпе Жиенқұлова   былай   дейді: «Анамыз  ауыл-аймағына ардақты, құда-жекжатына қадірлі, бірге жүрген ортасында  сүйікті абысын, үлкендерге аяулы қыз, сыйлы келін, кішілерге үлгі-өнеге бола білген мейірімді жан.  Есігінен екі, төрінен төрт кісі арылмаған қонақжайлылығы, мұнтаздай тазалығы, саусағынан өнер тамған ісмерлігі, күндіз нанын пісіріп, түнде кірін жуып, белін бер шешпей еткен еңбегі ел-жұртына өнеге. Оның бойындағы қасиеті: ешқашан ешкімді ренжітпейді, өзі де ешкімге ренжімейді. Үнемі аузынан тастамайтын «Ардың жібін аттама» дейтін өсиет сөзі де бар. Келіні  мен қыздарына  «Еріңді сыйла! Үш жұртыңды құрметте! Үлкенді ренжітпе!» десе, ұл мен күйеу балаларына «Жаныңдағы жарыңды бағала!» деумен келеді».

Ақжазықта туған  Кенжеқыз апамыздың  өсіп-өнген   жері    Кербұлақ    ауданының  Басши ауылы. Бүгінде  ол   Талдықорған қаласында тұрады.  Сексен бестен асып, тоқсанға қарай  аяқ  басқан анамыз ұлт болашағы мен ұрпақ қамы үшін деп тер төкті.  Ендеше, ғазиз  ананың тәуелсіз елінің тұғырлы болғанына куә болып жүргені де бір бақыт…  Мерекеңіз құтты болсын, абзал ана!

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ


2 пікір

  1. Күпанай 21 марта, 2023 at 20:51 Ответить

    Иә,анамыз бар болса тасымауды,жоқ болса жасымауды,ауыз-бірлікті болуды айтудан шаршамайды. Анашым,алланың берген жасын жасап,ортамызда аман-есен жүрші,сіз тілеген дұға-тілектеріңіздің арқасында, алланың берген несібесін теріп жеп,немере,шөбере,шөпшектеріңіз өсіп -өніп ,аман-есен Қазақстанның түкпір-түкбірінде жүріп жатырмыз.Алла сізге екі дүниенің рахатын берсін!