Көктемгі тасқын алаңдатып тұр

0
592

Оңтүстік  өңірлерде  биыл қыс жайлы болды дегенімен солтүстікте  қыс боран болып, қар қалың түсті. Аяздың қатты болғаны соншалық, Павлодар қаласы мен Шығыс Қазақстан облыстарында жылу жүйелері  жарылып, қыстың көзі қырауда тұрғындар аяз құрсауында қалды. Бірде қар жауып, ара-тұра күн жылынған Түркістан облысыда сары аязда топан су астында қалды. Көктем шығып, күн көзі жылынғалы еріген қармен  дүркін-дүркін жауған нөсерден елге төнген қауіп-қатер артты.

Республика бойынша, тау бөктерлері мен ойдағы қардың еріп, елді мекендерге қауіп төндіріп тұрғаны  қарапайым халықпен  жергілікті биліктің көңілін алаңдатып тұр. Сақтық шаралары туралы жиі-жиі дабыл қаққан төтенше жағдайлар департаменті апаттың алдын алуда, техникаларын сайлапта қойған. Апаттың айтып келмейтінін күні бұрын ескерген абзал. Болмаса Жетісу облысындағы «Қызылағаш» оқиғасы қайта қайталануы мүмкін. Салғырттықтың кесірі орны толмас өкініштерге алып баратынын  осы  «Қызылағаш қырғыны» айғақтап беріп еді ғой. Әңгімемізде Алматы мен Жетісу облыстарындағы қауіппен шектелмей, жалпы республика бойынша ой қозғамақпыз.

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы Қызылтам ауылының іргесіндегі қауіпті аймақта Сырдария өзенінің арнасынан асып кеткені жайлы ақпарат ғаламтор желілерінде тараған болатын. Осыған байланысты облыстық маңызы бар Жалағаш-Жосалы  жолы уақытша жабылды. Демек  күн көзі күрт ыситын болса,  тез еріген қар суы  бас бермей елді мекендерді басып қалу қауіпі бар екенін жергілікті билік ескеруі тиіс. Ауыл тұрғындары да аулаларындағы арықтардың астын тазалап, аққан судың кедергісіз өтіп кетуі үшін жол ашулары тиіс.

Сыр еліндегі, Сырдария өзені арқылы секундына 778 текше метр су ағып жатыр екен. Жергілікті билік арнайы шарада өзеннің Жаңақорған, Шиелі аудандары, Қызылорда қаласы, сондай-ақ, солтүстік аудандары — Сырдария және Жалағаш учаскелері қауіпсіз етілді дейді. Алтыншы наурызда болған оқиға жайлы әкімдік өкілдері «Қармақшы ауданындағы Қызылтам ауылы маңындағы қауіпті учаскеде өзен арнасынан асып кетті.  Осыған байланысты аудандық маңызы бар ЖалағашЖосалы (Жосалы ауылынан 43 шақырым, Жалағаш ауылынан 31 шақырым, Далдабай мен Қызылтам елді мекендері арасындағы) жолы уақытша жабылды», – дейді.

Қызылорда облысын арнасынан асқан өзен суы алаңдатса, Алматы облысында қар көшкіні жол-дарды басып қалған. «Еңбекшіқазақ ауданында Есік көліне баратын тас жолдың 13-ші шақырымында қар көшкіні жүріп, жолды жауып қалды», — деп хабарлады «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің баспасөз қызметі. Олардың айтуынша түскен қардың көлемі – 175 текше метр. «Қар массасы аудан орталығынан Есік көліне апаратын жолдың бір бөлігін жауып тастаған. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қар көшкіні түнде жауған жауын-шашын мен жылымықтың салдарынан өздігінен түскен», – дейді «Қазселденқорғау» ММ-нің баспасөз қызметі.

Ауа райының бірде жылып, бірде жаңбырлы болуы тау  бөктерлеріндегі қардың көшкінге ұласуы тосын апаттың аяқ асты екенін көрсетуде. Біз осы оқиғаларға қатысты Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз өкілдеріне хабарласқанымызда облыстағы өзендердің су деңгейі көтеріліп жатыр деген болатын. Бұған бірнеше күн бойы қардың қарқынды еруі, күндізгі және түнгі уақытта ауа температурасының күрт жоғарылауы, сондай-ақ жауынша-шынның салдарынан еріген қар және жаңбыр  суының себеп болғанын айтуда.

Су тасқыны жағдайлары Кербұлақ, Алакөл, Ескелді аудандарында тіркелді. Кербұлақ ауданының елді мекендерінің басым бөлігі тау бөктерінде орналасқандықтан, биыл қар көп түскен. Қыста қар жамылғысының биіктігі 100 см-ге дейін жеткен. «Соңғы бірнеше күнде аудандағы температура фоны 10-15 градусқа дейін көтерілді. Сонымен қатар түнгі уақытта да температура нөлден жоғары болып тұр сондықтан қар тез еруде. 7 наурызда Кербұлақ ауданында «Малайсары-Сарыөзек» облыстық маңызы бар автожол төсемін еріген қар суы шайды. Автожолдың су басқан учаскесі ойпатта орналасқан, онда құбырлы өткел бар. Ол егістіктер мен тау бөктеріндегі су жинайтың үлкен алаңнан келетін судың үлкен ағынын өткізе алмады.

Соның салдарынан жергілікті тұрғындар уақытша ауылдан шығып, кіре алмады», – дейді төтенше жағдай департаментінің баспасөз өкілі. Тосын оқиғаға ТЖД-ның 10 қызметкері мен 2 бірлік  техникасы  жергілікті тұрғындарды тасымалдау бойынша көмек көрсеткен. Жалпы, жолдың су шайған учаскесі арқылы 50-ден астам адам, оның ішінде 14 бала тасымалданды. Сағат 22.30-да су деңгейі төмендеп, жүк және жол талғамайтын көліктердің өтуіне мүмкіндік берілген. 8 наурызда облыс ішілік автожолдарды ұстауға жауапты облыстың «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» басқармасы жол жүрудің жұмыс істеуінің бұзылуын жою жөнінде тиісті шаралар қабылдай отырып, тексеруді жүзеге асыратын боламыз деп уәде берген.

Алакөл ауданының Қабанбай және Жайпақ ауылдарында да аула аумақтарын су басу салдары  жойылған. Арнайы шараға жеке құрамнан 10 адам мен 3 техника жұмылдырылған. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.

Ескелді ауданында қардың тез еруі мен арық жүйесінің тазаланбауы салдарынан Жалғызағаш ауылының маңындағы жолды су басқан. Құтқарушылар шұғыл түрде оқиға орнына барып, арналарды тереңдету және тазалау жұмыстарын жүргізді. Еріген су Биғаш өзеніне транзиттік режимде өтеді екен.

Қазгидрометтің  дауылды ескертуіне сәйкес, жауын-шашын болжамына, сондай-ақ 2023 жылғы 6-8 наурыз аралығындағы кезеңде температуралық фонның жоғарылауына байланысты қардың қарқынды еруі күтілуде. Жетісу өңірінде еріген және еңіс ағынының қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі, судың төгілуі мен су басуы мүмкін деген болжамдарда бар.

Көктемгі су тасқынының алдын алуға  байланысты төтенше жағдай саласы мамандарымен бірге  Жетісу облысының әкімі Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев,  Жетісу Алатауының тау қыраттарына және өзен арналарының бастауларына әуеден шолу жүргізді. Жылда көктем мезігілінде, әр өңірлерде су тасқыны болып тұруына байланысты ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі су тасқынының алдын алу мәселесі қаралып, алдағы атқарылатын шаралар кеңінен талқыланған  болатын. Осы мақсатта,  әуеден барлау жасаған өңір басшысы, Жетісу облысы таулы аймақ болғандықтан көктемде күн күрт жылынып қар ерісе, су басу қауіпі жоғары аймақтар барын ескеріп, осыған орай нақты жұмыс жоспарын бекітті.

Қауіпсіздік шарасына төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Е. Жуков және «Қазселденқорғау» ММ ЖААПБ басқармасы басшысының орынбасары С. Сабырбаев қатысты. Аэрошолу таудағы қардың қалыңдығын, мореналық мұздық көлдердің жағдайын, сел қаупі бар аймақтардың гидрологиялық жағдайы мен тау етегіндегі қар еру процестерін анықтауға бағытталған. Аэрошолу барысында 1000- 2000 метр абсолюттік биіктіктегі қар жамылғысы 30-90 см аралығында, ал 2000-3000 метр абсолюттік биіктіктегі қар жамылғысы 1-1,5 м. аралығында екендігі анықталған. Таудың оңтүстік беткейінде өз бетімен қар көшкіні түсу фактілері тіркелген.

Еру процесі жылдағы нормаға сай. Қаратал, Көксу, Өсек, Қорғас өзендеріндегі су өтімі кедергісіз, қауіп жоқ. Бүгінгі таңда гидрологиялық жағдайы қалыпты. «Көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларды жоюға, су тасқыны қаупі жағдайында облыс тұрғындары мен аумақтарын қорғауды ұйымдастыру бойынша басқарушылық шешімдерді пысықтау мақсатында 2023 жылғы 2-3 наурыз аралығында «Көктем – 2023» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығулары өтті. Оған облыстың барлық аудандық және қалалық бөлімшелері қатысты. «Көктем – 2023»  шарасында жоспарға сәйкес су тасқыны сияқты қауіпті метеорологиялық құбылыстарға ұшыраған нақты проблемалық учаскелерде практикалық іс-шаралары пысықталды.

Оқу-жаттығудың орталығы болып  – Ескелді ауданы, Мелькомбинат ауылы белгіленді. Онда айналма канал арнасының жағалауларын тазарту, нығайту және елді  мекеннің  арық  жүйесін  тереңдету  жұмыстары  жүргізілді», – дейді. Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз өкілі Азамат Жұртпаев. Ал Кербұлақ пен Алакөл өңірлеріндегі су тасқыны жағдайы тұрақталғанын Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Игорь Жуков айтты. «Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында 4 ауланы су басқан. Оқиға орнына 19 қызметкер мен 6 техника жұмылдырылған. Қазіргі таңда арық жүйесін тереңдету және тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Жетісу облысы ТЖД Кербұлақ ауданы Сарыөзек-Көктал тас жолы бойында 9 шақырым жерде орналасқан цемент өндіру бойынша «Alacem» ЖШС зауытының аумағын су басу туралы ақпарат түскен жоқ», – дейді. Алайда әлеуметтік желіні шолу кезінде қызметкерлер қар еріп, егістіктерден аққан қызыл су зауыт аумағын түгелдей басып, шайып кеткені туралы бейнероликтерді көруге болады.

«ТЖД-нің көмегімен еріген  суды бұру шаралары жүргізілген.  Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Зауытқада зақым келген жоқ», — деді  Игорь Жуков. Күн көзінің күрт жылуы және су ағатын арналардың тазаланбауы, терең етіліп қазылмауы, өзен арнасының толуы, таулы аймақтардағы қардың еруі, оған жаңбыр суының араласу қауіпті өршітіп тұр. Сондықтан қамданған қапы қалмайтынын ескере отырып, тасқынның алдын алу тек ТЖД қызметкерлері мен билікте отырғандардың шаруасы деп қарамай елді-мекендердегі тұрғындарда аса сақтықпен қарағаны абзал.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ