Көлік күтіп аялдаған жанға аялдама керек

0
489

Талдықорған  қаласындағы  Шоқан  Уәлиханов  көшесінің  тұрғындары аялдама  бекеті  жоқ  деп  арыздануда.  Адамдар қоғамдық көлікті күту үшін жаз бойы аптап ыстықта, қыс бойы  аязда тұруға мәжбүрміз деп редакциямызға хабарласып, шағымдарын айтты.

«Бізде  аялдаманың  аты  ғана  бар, заты жоқ. Жазда күн ыстықта көлеңке таппай кетеміз. Көктем келгенде тіпті қиын.  Жауын  екі — үш күн тоқтамай жауатын күндер болады. Сол кезде не істерімізді білмейміз. Біздің көшеден тек №12 автобус қатынайды. Бір ғана  автобус  жүргендіктен 15-20 минут күтуге мәжбүрміз. Сол уақытта буыны сырқырап, аяғы ауыратын үлкен кісілерге отыратын орындықта жоқ», – дейді тұрғындар.

Бұған қатысты    «Талдықорған қаласының  жолаушылар  көлігі  және автомобиль  жолдары    бөлімі» ММ-нің   бөлім басшысы  Қанат  Хамитжанов былай дейді.

– Уәлиханов көшесіне 2019-2020 жылы 3,9 шақырым құрайтын  жолға  күрделі жөндеу жұмыстары  жүргізілді.  Мердігер ұйым «Высотник» ЖШС-гі. Жоба-сметалық құжаттамада аялдама кешендерін орнату қарастырылмаған, өйткені осы көшедегі салынған үйлер жолға жақын орналасқан. Аталған көшеде 5.12 «Аялдама орны» жол белгілері орнатылған. 

Қазіргі кезде Талдықорған қаласы бойынша  288 аялдама кешені бар. 2021-2022 жылы қосымша 22 аялдама кешені орнатылды.

Биылғы жылға аялдама кешендерін орнату бойынша жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін қаражат сұратылатын болады. Жеке тұрғын үй иелері аялдама кешенін салуға  жер телімін бөліп беруге келісім бергенде ғана орнатылатын болады.


ПІКІР ЖАЗУ