Қоғамның қолдауы қажет

0
474

Бала зорлау қылмысы бойынша Қазақстан ТМД елдерінде көш бастап тұр. Халықаралық  рейтингке көз жүгіртсек  120 мемлекеттің ішінде  46-шы орынға дейін көтеріліпті. Қазақстанды айтпағанда  өзіміздің Жетісу жеріндегі  6 мен 17 жас аралығындағы ұрпақтың зорлық-зомбылыққа ұшырауына қатысты тіркелген деректер жан түршіктіреді. Жетісу облыстық полиция департаменті  баспасөз  қызметінің  бас  маманы  Әлия  Жұмаділованың айтуынша зорлық-зомбылыққа ұшырайтындардың дені 15-17 жас аралығындағы өрендер екен.

– Өткен жылы  облысымызда жасөспірімдерге көрсетілген зорлық-зомбылықтың  7  фактісі  тіркелген болатын.  Биылғы сандар  былтырғымен  салыстырғанда  әлдеқайда артып отыр.  Жыл басынан бері тек  үш айдың  өзінде  9 факт  тіркелді. Олардың барлығы  ашылып,  Қазақстан Республикасы қылмыстық  кодексінің  120-шы бабына сәйкес  іс қозғалып, сотқа дейінгі  тергеу  амалдары жүргізілуде.  Оның ішіндегі  5  жағдай  кәмелетке  толмаған  балалар бойынша тіркелген,  –  дейді Әлия Жұмаділова.

Бұл түйіннің шешімін қайтсек шешеміз деп жүрген уақытта  өңірде  тағы бір жаға ұстатар жағдай орын алды.  Небәрі 8-сынып  оқитын  қаракөз  қазақ қыздарын жезөкшелікпен  айналысуға  мәжбүрлеген жеңгетай  ұсталған.  Екі  күн  бұрын ғана  барлық  ғаламтор желілерін  шулатқан бұл   жағдай   Жетісу облысында  тіркелді. Ұйымдасқан  қылмысқа  қарсы күрес департаментінің бастығы  Қанат  Нұрмағамбетов  жағдайға байланысты  жауап берген  болатын.  Оның айтуынша  қазіргі кезде  кәмелетке толмаған  екі  қызды  жезөкшелікпен  айналысуға  мәжбүрлеп, жеңгетайлық жасаған 30 жастағы әйелге  қылмыстық кодекстің  екі   бірдей  бабы  бойынша  іс  қозғалған.

Әлі кәмелеттік жасқа толмаған екі жеткіншек 9 ай бойы бұл жағдай туралы ешкімге  тіс жармаған. Себебі қорықтық дейді.

Осындай жағдайға ұшыраған бірнеше балаға көмек көрсеткен «Жастарға қызмет көрсету» орталығының  психолог  маманы  Салтанат   Жұмабаева мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ең алдымен мәселенің жай-жапсарын жасырмау керектігін айтады. «Жағдайды  жоққа шығармай, оның ауыр қылмыс екенін балаға ерте кезден түсіндіріп, ашық айта бастау керек Егер ата-аналар балаларының өміріне, олардың эмоциялары мен сезімдеріне көбірек көңіл бөлсе, жасөспірімдерге еркінен  тыс  зорлық-зомбылық  көрсету  аз болатыны сөзсіз»,  – дейді ол.

Бұл жағдайды жақсарту үшін жалғыз заңның аздық ететіні сөзсіз, оған қоғамның да қолдауы қажет. Сол себепті үнсіз қалмайық!

Айдана МОЛДАЛІМ


ПІКІР ЖАЗУ