Генерал қашып кетті

0
260

Сүттен ақ,   судан  тазамын  деген   генералдың    шетелге    қашқаны   туралы   ақпарат   желіні  жарды. Алматы  облысы  полиция департаментінің   бұрынғы  бастығы генерал-майор Серік Күдебаев сот процесі  кезінде   ешқайда   кетпеу туралы келісімге қол қойған.

Қаңтар оқиғасына байланысты жауапқа тартылып жатқан генералдың ісін Талдықорған қалалық сотының судьясы Үмбетай Абилла қарап жатқан-ды. Қылмыстық іс аяқталуға жақындағанда  прокурор соттан  Серік Күдебаевты тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот процесінен кейін ауырдым деп ауруханаға жатып алған күдікті сотқа үкім жариялау алдындағы  соңғы сөзін айтуға  тиіс болған.  Алайда  Күдебаевтың қорғаушылары   оның ауруханаға  түскені туралы анықтама берген. Осыған байланысты сот отырыстары кейінге қалдырылып отырды. Денсаулығында кінәрат барын айтып емделіп жатқан генерал С.Күдебаевқа қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған болатын.  Дегенмен бас бостандығынан айырылатынын сезген күдікті генерал үш мәрте сотқа келуден бас тартқаннан кейін оны сот мәжбүрлі түрде сотқа әкелуді  рәсімдеп, оны ішкі істер органдарына орындауға жіберген.

 – Бүгінде құқық қорғау органдарынан жасырынып үлгерген күдікті генерал Қырғызстан арқылы өзге мемлекетке кеткені жайлы түрлі ақпараттар тарауда. Күдікті «Маңғыт аузыңа саңғыт» деп қарғаның ірімшігін алдап жеген түлкідей елден қашып кеткендіктен соттың 2023 жылғы 30 наурызда ҚПК-нің 157 және 355-баптарына сәйкес С.Күдебаевты 3 сәуірге сағат 10:00-ге дейін  сот залына  жеткізу туралы қаулысы орындалмай қалды.  Прокурордың өтініш хаты негізінде сотталушының басқа елдерге одан әрі көшуін болдырмау және оның орналасқан жерін анықтау мақсатында судья сотталушы С.Күдебаевқа халықаралық іздестіру жариялау және бұлтартпау шарасын  «қамауда ұстауға»  өзгерту туралы қаулы шығарды. Бүгінгі күні ҚПК-нің 324-бабына сәйкес іздестіру жариялануына байланысты іс тоқтатылды. Іздестіруді қадағалауды жүзеге асыру үшін қылмыстық іс Жетісу облысының прокуратурасына жіберілді, – дейді Талдықорған қалалық сотының баспасөз  қызметі.

Генералдың қайда қашқаны туралы Қырғыз Республикасының шекара қызметі  «Qaz365.kz» Күдебаев 23-наурыз күні Бішкек қаласындағы «Манас» халықаралық әуежайынан Түркияның Ыстамбұл қаласына ұшып кеткені жайлы ақпарат таратты. Енді қашқын генерал С. Күдебаевтың соңына құрық алып түскен құзырлы орган  өкілдері  оны елге қайтара алама, жоқ па ол алдағы күндердің еншісінде.

Елден  қашып кеткен генералға қатысты ҰҚК маңызды мәлімдеме жасады. Dalanews.kz. сайтының ресми мәліметтеріне сүйенсек Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев Қазақстанның шекарасынан ресми жұмыс істеп тұрған бекеттер арқылы өтпеген. Бүгінгі күні шекаралас  мемлекеттердің шекара өкілдері бірлесе отырып, іздеу-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Жетісудағы қаңтар оқиғасына тікелей жауапты болған генералды қызметтес әріптестері сотта қызғыштай қорғап, оны адал, қаңтар оқиғасында қызметте болды, тіпті басы жарылып таяқта жеді деген еді. Енді сөзін сөйлеген қызметтестері  С. Күдебаев жайлы не  айтар екен. Ары таза болса  генерал Серік Күдебаев  жаланың құрбаны болдым деп, ақиқат үшін күресер еді ғой. Қашқанына қарағанда  қаңтар оқиғасында жәбірленушілерге үтік басып, ұрып соғып, қару қолданғаны рас па дейміз. Әйтпегенде  жауап беруге келгенде жалт бұрылып қи тастаған жабағыдай қашып кетпес еді.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ