Заңсыз пәтер сатқан шенділер үй қамақта отыр

0
432

Қоғамдағы  баспана  дауы өзекті мәселеге айналғалы қашан. Қолынан келіп, қонышынан басқандар қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, тұрғын үй кезегінде тұрғандардың арасына өздерінің тамыр-таныстарын тықпалап оларға баспана әпергендері жайлы билік өкілдерінің өздері айтуда.  Дегенмен  мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан құрамыз» деген реформасынан кейін қоғамда сәлде болса жылымық сезіле бастады. Ескі жүйенің  кезінде  түкірсе  түкірігі  жерге түспеген   жоғарыдағылар  мен  жергілікті  биліктегі  әкім-қаралардың теріс қылықтары ашық жариялануда.

Соның  бірі  2014  жылдан бері жалғасып келе жатқан  Талдықорған қаласындағы баспана бөлудегі берекетсіздік, заңсыз берілген пәтерлер. Одан қалса алаяқтық жасады деп сотталған журналист Дина Искакованың ақиқатқа жету мақсатында мәлімдеген экс қала әкімінің қолымен жасалаған заңсыздықтары. Осы пәтер дауына қатысты былықтың  әшкереленуінің арқасында кезінде жауаптан жалтарып бар кінәні бір адамның мойнына іліп, өздері сүттен ақ, судан таза болғандар жауапқа тартылуда.

Мұның жарқын айғағы Талдықорған қаласының әкімі  Әсет Масабаев  пен Жетісу облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, тергеу басқармасының басшысы Жетпісбаев Айдос Бақытбекұлы  қатысқан  «Тұрғын үй мәселелері» туралы  брифингте айтылды. Баспасөз өкілдерімен өткізілген брифингте қала әкімі Әсет Дүйсебекұлы баспана  бөлудегі заңсыздықтарға қатысты журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға кеңінен жауап бере отырып, бұл істің бірізге түсіп келетінін, заңсыз берілген баспаналар қайтарылып, кезектен себепсіз сызылып қалғандарға беріліп жатқанын  айтты.

Талдықорған қаласында 2015 жылдан  2020 жылға дейінгі кезеңде жол берілген тұрғын үй мәселесі бойынша заң бұзушылықтар туралы қайталап жатпай бірден бұл мәселенің нәтижелері мен ағымдағы жағдайына көшемін, – деді қала әкімі. Себебі бұған дейінгі БАҚ өкілдерімен  кездесуде өткен жылдан бергі баспана бөлудегі заңсыздықтар жайлы айтылып, ол ақпарат құралдарына жарияланған болатын. Құрылған комиссия құрамында тәуелсіз сарапшылардың болғанын қайталай тілге тиек етті.

Бірінші кезекте тұрғын үй мәселесі бойынша заң бұзушылықтармен  берілген 1026 пәтердің 669-ы халықтың әлеуметтік осал топтарына, 357-сі мемлекеттік қызметшілерге берілгенін мәлімдеді. Қайтарылып алынған баспаналар мен мемлекеттік қызметшілерге берілген пәтерлер бойынша барлығы – 357, оның 210-ы ведомстволық пайдалану үшін мемлекеттік органдардың балансына берілгенін атап өтті. Қазіргі кезде оның 46-сы беріліп, 62 пәтер бойынша құжаттар дайындалды және 102-сі тапсыру сатысында  деді Әсет Масабаев. Сондай-ақ, тағы 147 пәтер бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет  өкілдері тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Жалпы алғанда тұрғын үй комиссиясында 1026 пәтердің 738 ісі қаралды (мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттегілердің 151 ісі), оның 404-і тұрғын үй комиссиясының оң шешімін алды және 334-іне одан әрі сотқа жүгіну мүмкіндігінен бас тартылды.  Сотқа жүгініп жатқандар арасында экс әкім Амандық Баталовтың кезінде БАҚ өкілдерін жарылқап баспана беріп, ешбір құжат қолдарына ұстатпағанын  айтып  сотқа жүгініп жатқандар да бар. Оң шешім алған 404 пәтердің 169-ы өтініш бойынша, 179-ы сот шешімі бойынша және 56-сы медиация бойынша шешілгенін айтқан қала әкімі  бас тартылған 334 пәтердің  213 ісі бойынша тұрғын үй комиссиясының шешімдеріне сот тәртібімен шағым жасалды. Қазірдің өзінде оң нәтижелер бар, 144 адам соттың оң шешімін алды (99-ы заңды күшіне енді) деді.

Осылайша, бұрын берілген тұрғын үйлерді заңдастыру жөніндегі материалдарды шамамен  наурыз айының соңына дейін  аяқтауды жоспарлап отырғанын айтқан Әсет Дүйсебекұлы заңсыз алған пәтерлерін өз еркімен қайтарып бергендердің арқасында  қалалық тұрғын үй қорына 59 пәтер  қайтарылғанын тілге тиек етті.  Соның ішінде 18 пәтер  «KEZEKTE.KZ» порталында кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындарға,  2 пәтер көпбалалы аналар, 1 пәтер ҰОС отбасы мүшелеріне, 4 пәтер 1,2 топтағы мүгедектерге, 5 пәтер жетім балаларға, 2 пәтер толық емес отбасыларға, 2 пәтер ҰОС қатысушыларына теңестірілгендерге және  2 пәтер зейнеткерлер арасында бөлінгенін мәлімдеді.

Мемлекеттік органдардың хаттары негізінде тағы 18 пәтер қызметтік пайдалану мақсатында бөлініп берілді. Жеке-жеке тоқталсақ полиция департаментіне – 1, прокуратураға – 3, облыстық аппаратқа – 2, энергетика басқармасына – 1, кәсіпкерлік басқармасына – 1, Мемлекеттік сатып алу басқармасына – 1, ЭТД – 2, ТЖД-ға  – 2 және қазынашылыққа –1, адам құқықтары бойынша орталыққа –1, ӘТК – 1, прокуратураның Құқықтық статистика комитетіне – 2 пәтер берілген. Баспаналарды  олардың балансына қарай берілгенін  айта келе, 8 пәтер бойынша заңсыз тұру фактісі барын, олар бойынша сотқа дейінгі  іс-шаралар жүргізіліп жатқанын, қалған 15 пәтер бөлу сатысында тұрғанын жария етті. Бұдан кейін екінші мәселе тұрғын үй алуға қатысты жалпы кезектілік жайында сөз қозғады.

Әсет Дүйсебекұлы Талдықорған  қаласында  тұрғын үйге кезекте 15 094 азамат тіркеуде тұрғанын, оның ішінде 5031 бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, 7008 – ХӘОТ санаты (ҰОС қатысушыларына теңестірілген толық емес отбасылар, 1,2 топтағы мүгедектер, жасы бойынша зейнеткерлер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар,  интернационалист жауынгерлер, қандастар, қызметін атқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары, ауыр созылмалы аурулардан зардап шегетін адамдар), 1705 – көп балалы отбасылар және 1342 – жетім балалар, 6 – апатты тұрғын үй иелері мен 2  – ҰОС қатысушылары  барын айтты.

Соңғы 10 жылда кезекте тұрғандар арасында 4352 пәтер бөлінген. Оның ішінде жеңілдетілген несиелеу бойынша (ипотека) – 2401 және қаланың мемлекеттік тұрғын үй қорынан (жалға берілетін тұрғын үй және коммуналдық) — 1951 пәтер берілген. 2022 жылы кезекте тұрғандар арасында 215 пәтер бөлінсе, оның ішінде 197-сі  кредиттік пәтер және 18-і мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген. Үшінші мәселе «Kezekte» порталы. «Кезекте» бірыңғай республикалық базасында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың орындары  ауысып  кеткен. Бұл жағдай  қала тұрғындарының  наразылығын тудырды. Тек 2022  жылдан бастап қана тұрғын үйге кезек автоматтандырылған  жүйеде  орталықтандырылды.  Бұл жүйе  енді  ешқандай бұрмалауға жол бермейді.

База барлығына қолжетімді және ашық, әркім өз кезегін қадағалай алады.  Мұның сыртында  тағы бір мәселе бар. Бұл жөнінде Әсет Дүйсебекұлы 1700-ден астам тұрғын электронды кезектен шығып қалғанын, қазіргі уақытта кезекте тұрғандардың 1333-і қалпына келтіріліп, 17-сі бойынша кезекте тұрғандардың тізімі өңделу үстінде екенін айтты. Қалғандары бойынша жұмыс жалғасуда деген қала әкімі, заңсыз берілген баспаналарға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары өткізілді деді.

Қазіргі таңда бірнеше адам күдікті ретінде танылған. Қылмыстық іс аяқталған соң толық мәлімет берілетін болады.  Бұл іс  Талдықорған қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына  қатысты жүргізілуде. Оның ішінде тұрғын үй бөлімінің бірнеше қызметкері  күдікті ретінде танылып отыр.  2013-2021 жылдар аралығындағы жағдайлар бойынша  бірнеше пәтер  заңсыз сатылды деген айып та тағылған. Бүгінгі  таңда олар соттың санкциясына сай үй қамақта. Біз қазір тұрғын үй  қорындағы үйлерді заңсыз жалдауға берген фактілер бойынша және жалған құжаттар жасау бойынша істерді қарап жатырмыз,– деген  Әсет Масабаев  енді барлық баспаналар тек «Отбасы банк» арқылы ғана берілетінін айтты. Баспасөз жиынында журналистер мен қатар  қоғамдық ұйым өкілдері және жеке тұлғалар да өздерінің көкейкесті сауалдарын қойды. Зарығып жүріп басапанаға әрең қолы жеткен тұрғынның бірі неге алған баспанамызды жекешелендіріп бермейсіңдер деген сауал қойған болатын. Қала әкімі жалға берілген үйдің жекешеленбейтінін толыққанды түсіндіріп берді.

Республиканың қай өңіріне барсаңызда баспана  мәселесі өте  өзекті тақырып. Талдықорған қаласы облыс орталығы болғандықтан мұнда қоныс аударып келушілердің де қатары  көбейген.  Алайда заңдастырылмаған пәтерлерге қолы жеткендер де бар екен. Яғни тамыр-таныстықпен алынған баспаналар. Демек тұрғындардың  кезегінің артқа себепсіз сырғуы,  кезекті бұзу арқылы немесе тұрғын үй комиссиясының мүшелері келісім бермеген пәтерлердің қолданысқа берілуі осыдан болған жағдайлар.  Осыған қатысты 2022 жылы 1026 жағдай тіркеліпті. Қазіргі таңда 3 айдың ішінде бұл сан 1218-ге жеткен.  Яғни пәтер алу барысында бұл кісілердің қолдарына ешқандай құжат берілмейді. Соңғы 4-5 жылда олар заңдастырылмаған пәтерлерде тұрып келген.  Қала әкімі  бұл  мәселені алдыңғы жылдан бастап екіге бөліп қарастырып жатырмыз дейді.

Біріншіден біз әлеуметтік аз қамтылған азаматтар бойынша 669 пәтерді заңдастырдық.  Ал сот шешімі, медиация  және тұрғын үй комиссиясының шешімі арқылы 400-ден аса  пәтер  заңдастырылды. Бұл жұмыс сәуір айында толығымен аяқталады. Бұдан бөлек бізде екінші деңгейлі үйлерден ақ халаттылар мен жетім балаларға берілген  пәтерлер бар. Бұлар бойынша да құжаттар рәсімделуде. Айта кетерлігі тек қана пәтерлер емес үйлердің де құжаттары тіркелмеген жағдайлар кездесіп жатыр. Осы мәселе бойынша да құжаттар заңдастырылуда. Алдағы сәуір-мамыр айында аяқталады. Сонымен қатар мемлекеттік бюджетте істейтін кісілер де бар. Яғни, әскери қызметтегілер, мұғалімдер. Осылардың арасында да анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Негізі алдыңғы жылы күзде бітуге тиіс болған жұмыстар масштабы үлкен болуына байланысты әлі күнге жалғасып келеді. Біздің мақсатымыз көпбалалы отбасыларды, жетімдерді жылатпай пәтерлерін заңдастырып беру. Себебі, бұл олқылық мемлекеттік мекеме тарапынан кеткен. Кері қайтарылған үйлер бойынша айта кетсек, оларды біз бүгінгі таңда  тұрғын үй комиссиясы арқылы таратып жатырмыз,  –  деді қала әкімі. Ал Жетісу облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, тергеу басқармасының басшысы Айдос Жетпісбаев болса Талдықорғанда соңғы он жылда  1218 пәтер заңсыз  үлестірілгенін айтты.

Бүгінде 59 пәтер кері қайтарылды. Сондай-ақ, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға берілген 498 баспана заңдастырылды. 2016-2018 жылдар аралығында жетімдерге берілген  60 пәтер, денсаулық сақтау саласының мамандарына берілген 60 және көпбалалы аналарға берілген  72 пәтер анықталды. Олардың ешқайсысының  құжаттары  рәсімделмеген. ҚК 256 бабы бойынша:  20222023 жылы  іс жоқ. ҚР ҚК 257 бабы бойынша: 2022 -2023 жылы  іс жоқ. ҚР ҚК 272 бабы бойынша: 2022 жылы 1  тұлғаға қатысты   сот үкімі шығарылып,  іс аяқталды. 2023 жылы  1 тұлғаға қатысты 1  іс түскен, ол  қаралу сатысында. ҚР ҚК 273 бабы бойынша: 2022 жылы 1  тұлғаға қатысты  бір  іс түскенін оған  сот үкімі шығарылған.

Заң бұзушылықпен берілген 1026 пәтерге келетін болсақ, 210 пәтер ведомстволық пайдалану үшін мемлекеттік органдардың балансына беріледі, 147 пәтер бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тексеру жүргізуде, тұрғын үй комиссиясында 738  іс қаралды , оның ішінде 151 мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлердің ісі. 404 тұрғын үй комиссияның оң шешімін алды. 2023 жылдың наурыз айының соңына дейін бұрын берілген тұрғын үйлерді заңдастыру бойынша материалдарды қарауды аяқтау жоспарланып отыр, –  деді  Айдос  Жетпісбаев.

Заң үстемдік құрмаған жерде көз бояушылықтар кеңінен орын алады. Мұны баспана бөлу кезіндегі заңсыз әрекеттерге барған ескі жүйедегі шенеуніктердің іс-әрекеттерінен де көруге болады. Қазақ «Құдайдан  қорықпағаннан қорық» дейді. Заңсыз пәтер сатып, оны жалдауға берген шенділер  зарығып  кезегін күткен қаншама отбасының обалына қалды екен.  Енді олар заң алдында жауап  беретін  болады.

А. МҰХАМАДИ.


ПІКІР ЖАЗУ