Жат ағыммен сотталғандарға бөлек абақты қажет

0
458

Соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) дін жайында  «Менің үмбетім 73-тармаққа бөлінеді, соның біреуі ғана Жәннәтқа кіреді» деп айтып кеткен. Айтқаны айдай келіп, діни жолдамыз дегендердің де адасып жүргендерін көзіміз көріп жүр. Жихад  жариялап, бейбіт күнде қолдарына қару алып, жарылыс жасап жүргендері қаншама. Намаз оқымағандарды «кәпір» деп,  салт-дәстүрді жоққа шығарып, жеті нан пісіргендерді адасқандар деп, сала-құлаш сақал қойып, қысқа балақ киген салафиттердің арбауына түскендер шетел асып, соғыс болып жатқан мемлекеттерге  өзі  ғана кетпей  отбасыларын да ала кеткендердің шырғалаңы  шырмауықта  шырмалып тұр. Оларды елге қайтарып, қайта тәрбиелеу  де оңайға түсіп тұрған жоқ. «Жат ағымның жетегінде кетіп істі болғандар  абақтыда жатып та  айналасын улап жатуы мүмкін» деп  Парламент сенатының отырысында Ішкі істер министрлігі айтқан болатын. 

ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев жат ағыммен сотталғандар басқаларға теріс ықпалын тигізуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Оның айтуынша  бүгінде республика бойынша теріс діннің жетегінде кеткен 343 адам  бас бостандығынан айырылған. «Құзыретті органдардың шешіміне сәйкес  оларды жеке ұстау керек. Бүгінде біз сотталғандарды 4 сатыға бөлдік: Бірінші сатыда тәрбиелеуге көнбейтіндер. Оларды бөлек ұстаймыз әрі арнайы теологтар жұмыс істейді. Екінші сатыда жұмыс істеуге болатындар. Олар тәрбиеге көнеді. Үшінші және төртінші сатыда білместікпен адасып, теріс діни ағымның жетегінде кеткендер. Қазір мекемелерде олармен жұмыс істеп жатырмыз.

Тәрбиеге көнбеген деструктивті діни ағым өкілдері түрмеде оқшауланады. Ол үшін арнайы оқшауланған аймақтар бар. Сонда қатаң режимде бір-бірімен байланыстырмай бірінші сатыға жататын сотталғандарды ұстап отырмыз. 3-4 жыл бойы Заречныйдағы мекемені бақылап отырмыз. Онда төртінші сатыдағы сотталғандар бар. Олармен теологтар, психологтар, имамдар сөйлесіп, бетін бері қаратуға болады деп айтты. Енді сол мекемеде (дерадикализация орталығы) тиісті жұмысты жүргізіп жатырмыз.Туысқандарымен сөйлесіп, олардың бетін бері қаратуға тырысудамыз,- деген қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының  орынбасары Мейрам Аюбаев білместіктен теріс діни ағымның жетегінде кеткен сотталғандармен әрі қарайда жұмыс  жүргізілетінін  айтты.

Ал тәрбиеге көнбейтіндер оқшауланып ұсталғанымен кесімді мерзімін өтеп шыққан соң олар қоғам үшін  аса қауіпті адамдар болып қала бермек. Себебі оларды абақтыдағы бақылау сияқты  бостандықта ұдайы бақылауда ұстау мүмкін емес. Жүз жерден қырағылық танытсақ та  құзырлы органдар мен қауіпсіздік комитеті бақылауда ұстаса да діни сенімдері  уланғандар ескі әдетін жалғастыратыны хақ. Түрмеде отырып тәрбиеге көнбегендердің түрмеден шыққан соң кектенетіндері  айтпасада түсінікті. Не істемек керек? Бөлек абақты салып, қамап ұстаған әрине уақытша ғана амал. Бұл түрмедегі ахуал. Бұдан бөлек бостандықта да жат ағымдардың жасырын әрекеттері бар.

Тіпті мешіттегі имамдарға бағынбай, намаз уақытында  өздері ұстанған діни бағыттарымен намаз оқитындар бар. Олар намаз ғана оқып қоймай, дінге бет бұрған жастарды қатарларына тартып, адастырып жүргендерін тағы қосыңыз. Жат ағымның ең қауіптісі елді үгіттеп жалған ақпараттар таратып, қылмыстық топ құрып, терорлық әрекеттер жасау. Мұндай оқиғалар Қазақстанда болмады емес болды. Ақтөбе, Жамбыл және Алматы қалаларындағы  шулы оқиғаларды  халық әлі ұмыта қойған жоқ. Қазақ мұндайда «Баламды молда қыламын деп, кәпір етіп алыппын» дейді. Бүгінгі  қоғамда  қауіп-қатердің бір көрінісі жат ағымның жетегінде жүргендерден келіп тұр.

Алматы облыстық сотында ҚР ҚК 256 бойынша (терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру) бойынша 2020 жылы үш адамға қатысты үш іс қаралып, біреуіне қатысты сот үкімі шыққан. Ал, ҚР ҚК 257 бап бойынша (терроризм туралы жалған ақпарат бергендер туралы) 2020 жылы екі адамға  қатысты екі үкім шығарылса, 2021 жылы екі адамға қатысты іс сотқа түсіп, бір адамға үкім кесілген. 257 бап бойынша (террористік топ құрып, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысуға) қатысты 2022 жылы  екі адам күдікті деп танылып біреуіне сот үкімі  шығарылған. Көрдіңізбе бұл бір ғана облыстағы көрсеткіш.

Қалған он сегіз  облыс пен үш қалада осындай көрсеткіштер бар болса, бұл да жұлынға кіріп алып жұмыртқалап жатқан дертпен тең. Біз осы мақсатта  Жетісу облысы орталық «Имам» мешітінің найб имамы Ережеп Жардыбайұлынан мешітке келетін жат ағымдағылармен  жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы  сауалдарға  жауап беруді  өтіндік.

– Жат ағымда жүргендердің көбі мешіттерге келеді. Орталықтағы «Имам» мешіті қаладағы «Нұр» мешіті және қаладан шыға берістегі мешіттерге келеді. Бірақ өздерінің ұстанымдарынан  айнымайды. Тарихтан келе жатқан төрт масхабты мойындамайды. Өздері масхаб ұстамаймыз дейді. Бірақ салафилік бағыттағы өздерінің ғалымдарын пір тұтады. Мысалы: Ибин Таймия, Ибин Хаюм-Әл Жаузи, ХХ ғасырда өткен Шейһ-Әл-Усеймін осы кісілердің жолын ұстанады. Қазіргі тілмен айтсақ осы оқымыстылардың   фанаты. Бірақ  мойындағылары келмейді. Іс-әрекеттері қарама-қарсы.

Жастардың оларға тез арбалып қалуы  діни сауатының төмендігінен. Екіншісі қазақтың салт-дәстүрін толық білмегендіктен, салт-дәстүр шариғатта жоқ нәрсе, сендер шариғатта болмаған нәрсені жасап жүрсіңдер деп  жастарды ата-баба дәстүріне қарсы қояды. Сондай-ақ олар адамдардың тұрмыстық жағдайын пайдаланады. Өмірлік проблемаларға жолыққан жастарды іздеп, олардың ойын улайды. Кейіннен өз топтарына қосады. Соңғы бес жылдықта жастардың оларға еруі азайған. Алайда бір әттеген-ай жат ағымды ұстанатындардың  балалары сол ағыммен кетіп, әке шешелерінің жолын қуып жүр. Анығын айтқанда олар өздерінің орынбасарларын қалыптастыруда. Жат ағымның қоғам үшін  ең қауіпті жері осы.

Біз абақтыларға жиі барамыз, жат ағымдағылармен жүздесеміз, бетін бері бұруға тырысамыз. Араларында қарағаштай қатып қалғандар да бар. Түрмедегі жат ағым жетегіндегілердің 100-ден 30-ы өздерінің білімсіздіктерінен осы  бұрмалаң жолға түсіп кеткендерін біліп, кері қайтып жатады. Оңалтудан өткен соң мешітке келіп, өздерін мазалап жүрген сұрақтарының жауабын бізден сұрайды. Біз оларға шариғи жолда жауабын беріп,  оларды ұдайы бақылауда ұстаймыз. Мешіт тарапынан Жетісу облысы бойынша 2021жылы – 11 адам, 2022 жылы – 13 адам жат ағымдағы райынан қайтты.

Себебі біз оларға құран аяттары мен хадистер арқылы дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.  Олар да өз ұстанымдарының дұрыс емес екендігін мойындады. Бұлар түрмеге түспей тұрып оңалғандар. Түрмеден дұрыс жолға түсіп  келетіндер аз болады. Мен бір оқиғаны айтайын. Бірде әйелдердің «Жауғашты» түрмесіне бардым. Ері мен әйелі бала-шағасын ата-аналарына тастап, Сирияға аттанбақ болғанда темір торға түскен екен. Күйеуі Қапшағайда өзі Жауғаштыда отыр. Мен барғанда отырғанына екі жыл уақыт болыпты. Мені көріп бірден «сен кәпірсің» деді. Ондай адамдармен араздасып опа таппайсың. Себебі олар өзінің ұстанған діни сенімінен бас тартпайды. Сөйлесу барысында түрлі сауалдар қояды.

Әрине барлығын «қанафи» масхабында шариғат заңымен түсіндіресің. Бірақ олар бәрібір  өз бағытымнан қайтпаймын дейді. Сол әйел абақтыдан шықтыма-шықпады ма білмеймін, өзі бөлек камерада отыратын еді. Олардың мойын бері бұру үшін түрлі шаралар қолданылды. Кейін келе діни кітаптар сұрай бастады. Апарып береміз, ақырын-ақырын мойынсұнғандай болған, кейінгі тағдыры не болғанын білмеймін. Облыс екіге бөлінген соң, Алматы облысы бөлектенді де бізді абақты қызметкерлері шақырмайтын болды, – деді жат  ағымға қатысты  найб имам Ережеп Жардыбайұлы. Жастарды жат ағымға еліктіретіндер алғашында  оларға  түрлі қымбат сыйлықтар  сыйлап, құрмет көрсетіп, тұрмыстық жағдайыңа қол ұшын созамыз деп алдап өз торларына түсіреді.

Имам Ережеп Жардыбайұлы жат ағымға кірмек болған бір жігітті сенің ұстанып жүрген дінің дұрыс емес деп, оны дәлелдеп «қанафи» масхабына қайта қосқанында, теріс ағымдағы әріптестері «сен сатқынсың, біздің сенімімізді сатып кеттің» деп әлгі азаматқа шүйліккенін де мысал етті. Олардың қатып қалғаны сондай мешітке келгенде амандассаң аман-сәлеміңді де алмайды. Қабақтары қатулы жүреді. Не болды сонша? Намазға мойынсұнып жүрген соң мұсылман баласы бір-біріне бауырмал болуы керек қой десең, өздерінің сенімдерінен айнымайтындарын айтады  дейді  найб  имам.

73-тармаққа бөлінген діннің сан-салалы тармағында жүргендердің артында кімдер тұр?! Бұл түйіні шешілмес үлкен мәселе. Террористік бағытты үндеп, жихадқа шақырып жүрген жат ағымдағылар  елдің  береке-бірлігіне қауіп төндіріп, жастарды ақ жолдан адастырып жүргені көңілге кірбің ұялатады. Соңғы жылдары бұл  үрдіс сәлде болса баяулағандай. Себебі бұрынғыдай жаппай жат ағымға кетіп жатқандардың легі азайған.

Бұл тиянақты жұмыстың нәтижесі екені айтпаса да түсінікті. Әйтседе қауіп-қатердің толық сейіле қоймағанын, ел ішінде жат ағым өкілдерінің әлі де бар екенін, түрмелерде тәртіпке бағынбай райларынан қайтпай отырғандардың барын ескерсек, бөрікті аспанға атып қуануға әлі ерте.  Асқынған кеселге ота жасалып, химиялық терапия берілгенімен  оның уы тәнге қайта таралуы бек мүмкін екенін дәрігерлер ұдайы айтып отырады. Бұл кесел қазақ қоғамын алаңдатып тұр. ІІМ түрмедегі жат  ағымның жетегінде кетіп, тәрбиеге көнбейтіндеріне арнайы абақты салу туралы бастамасы бүгін ғана қаузалған тақырып емес. «Оң көзің сол көзіңе қарауыл болсын» демекші, абақтыда жүргендер мен бостандықта жүргендерді  ұдайы бақылауда ұстап отыру аса маңызды. Сыртқы жаудан ішкі жаудың қауіпті екенін ешуақытта назардан  шығармауымыз  қажет.

Айтақын БҰЛҒАҚОВ


ПІКІР ЖАЗУ