Қазақ сахнасының саңлағы

0
440

Театр деген  – бір тылсым, көздің жасындай мөлдір, нағыз хас сұлу өнер. Осы сымбатты өнердің биігіне шығып, өзіндік орнын қалыптастырып кеткен Бикен Римованың 100 жылдығына орай  Жетісу облыстық филормониясында Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы  мен  облыстық  халық шығармашылығы орталығының  ұйымдастыруымен «Бикен Римова – Қазақ сахнасының саңлағы» атты облыстық  байқау-фестивалі басталды.

Сәуір айының төртінші жұлдызынан  жетісіне дейін жалғасатын байқау-фестивальге қатысуға  облыстағы 14 театрдың 12-сі өтінім білдірген. Фестивальдің алғашқы күнінде театр саласының  кәсіби  мамандары  мен байқауды ұйымдастырушылар  БАҚ өкілдеріне  баспасөз конференциясын өткізіп, ұйымдастырылып отырған шараның  мақсат, міндеттерімен таныстырды.  Жетісу  облыстық  халық  шығармашылығы  орталығының директоры  Арнұр С адықовтың  айтуынша әр екі жыл сайын ұйымдастырылатын фестиваль биыл 6-шы мәрте өткізіліп отыр.

 – Екі  жыл  сайын  тұрақты  түрде өткізіліп  келетін  фестивальдің  мақсаты – халқымыздың   мақтанышына   айналған  Бикен Римованың  есімін,  шығармашылығын  жас  ұрпақтың  санасына сіңіру, рухына  тағзым ету. Сонымен қатар қоғамдағы бүгінгі күннің өзекті  мәселелеріне көңіл аудара отырып, қазіргі заманға сай драмалық  шығармалардың  жаңа  формаларын табу  болып отыр. Байқауда  кәсіби емес  халықтық   театрлар да  бақ   сынайды. Олардың  шығармашылық жұмыстары мен жобаларының   жүзеге  асуына жағдай жасап, барынша   қолдау   көрсетуге   тырысамыз.  Сонымен қатар  болашақта әр  ұжымға,  жас  драматургтерге  және  жаңадан құрылған  әуесқой  театр  режиссерлеріне  шеберлік сағаттарын өткізетін  боламыз.  Осылайша  өңірдегі  бір  өнердің  болсын  мәртебесін   көтеріп, актерлік  құрамның  сапасын  жақсартпақпыз, –  дейді Арнұр Садықов.

Фестивальдің   ашылу   салтанатында  халқымыздың   мақтанышына айналған  Бикен   Римованың  есімі  ұлықталып, жиналған жұртшылық  сахна  саңлағының  рухына тағзым  етті. Өз  саласының  үздігі  болған шоқ   жұлдыздың  шығармашылығы  мен  өнердегі   асқан   шеберлігі жайында   айтқан   Қазақстанның   еңбек   сіңірген   қайраткері  Кендебай   Темірбайұлы   қатысушыларға   сәттілік   тіледі.

 – «Егер қоғамның жаны жаралы болса, театр оны «бəрі жақсы болады» деген желеумен емдеуге тиісті емес, керісінше, сол жараны нұқып көрсетуі керек, қаттырақ айтсам, сол жарасына саусағын батыру керек.  Ауырту керек. Сол кезде ғана театр көрермен алдындағы өз борышын өтейтіні анық» деп немістің танымал режиссері айтып кеткен болатын. Бізде бүгінгі фестивальге қатысушылардан  осыны  күтеміз. Театр  бірсарындылықты көтермейтін өнер. Театр – көрерменімен театр. Көрерменнің көңілінен шығу керек. Сол себепті облыстың әр өңірінен келіп отырған шығармашылық  ұжымдарға  зор  үміт  артып отырмыз.  Үш күнге созылатын осынау  тартысты дода жоғары деңгейде өтеді деп сенемін. Жеңістен үміттеніп отырған барлық өнерпаздарға  сәттілік  серіктері болсын деймін, – деп қатысушыларға  жылы лебізін  білдірді.

Фестивальде  әр  өнер  ұжымы  өз  репертуарларынан  бір-бір  қойылым көрсетеді.  Оларға  облыс көлеміндегі танымал театр саласының кәсіби мамандарынан құрылған  әділқазы  алқалары  тең  төрелік етіп,  әділ бағаларын беретін болады.  Сәуірдің 7  күні байқау қорытындысы шығып, фестивальдің  арнайы  жабылу салтанатында  өнер бәйгесінде оза шапқан жеңімпаздар марапатталады.

Дүбірлі додаға қатысушы барлық театр  өнерпаздарына  сәттілік тілейміз.

А. СМАҒҰЛ.


ПІКІР ЖАЗУ