Тозығы жеткен мектеп жөнделе ме?

0
444

Әлем  озық   технологиясымен,   жаңа   жетістіктерімен   жарысып жатқанда   еліміздің  кейбір мектептері   тозығы   жеткен   ғимараттың   зарын   айтып,  тиісті   нәтижег  қол жеткізе  алмай  отыр.

Текелі  қаласына  қарасты  Рудничный  ауылындағы  оқушылар  жарты  ғасыр  бұрын  салынған  білім  ордасында  оқуға  мәжбүр.  «Мектептің  ескіргені  сонша  есік,  терезесінен  жел  гулеп,  төбесінен  сорғалаған  судан  мектеп  іші  көгеріп  жатыр. Қабырғалар  балалардың  басына  құлап  кете  ме  деп  қорқып  жүрміз.  Оқушылардың   киім  ілетін  бөлмесі  тіпті  апатты  күйде», – деген  мектеп  директоры  Әсел  Жақсыбаева  оқушылар  үшін  алаңдайтынын  айтты.  Мектеп  басшылығы  төбеден  сорғалаған  суды  сүртіп  отыру  үшін  өзінше  амал  жасап,  арнайы  кезекшілік  кестесін құрастырған.  Кезекшілер  еденді  сағат   сайын  құрғатып,  оқушылардың  тайып  жығылмауын  қадағалаумен  әлек. Екі  жылдан  бері  шешімі  табылмай  келетін мәселеге  ата-аналар да  алаңдаулы.  Мектепке  балаларымызды   жіберген  соң  жанымызды   шүберекке  түйіп,  үйге  аман  оралса  екен  деп отырамыз  дейді  олар.

– Балаларымыз  мектептен  оралғанша  екі  көзіміз  төрт болып  күтеміз.  Жаңбырлы  маусымда  мектеп  қабырғалары  көгеріп, жағымсыз  иіс шықса,  қыс  түсе  салысымен  мектеп  формасы  дегенді  ұмытамыз.  Балаларымызды  барынша  жылы  киіндіріп  жібереміз. Себебі  ескі  мектептің  жылу  жүйесі де  нашар.  Терезелерінен  жел  гулеп  тұрады, — деген ата-аналардың  сөзін  мектеп  директорының  шаруашылық  жөніндегі  орынбасары  Ермек  Аманбаев та   растап  отыр.  Оның  айтуынша  мектептің  үш  қабатындағы  «поровойдың»  барлығы  бітеліп  қалған.  Сол  себепті   жылу  кабинеттерге  дұрыс  жетпей  тұр. Пешке  көмірді  арбалап  тасып,  тоқтаусыз от жақсақ та  мектепті  жылыту  мүмкін  емес  деген  Ермек  Аманбаев  жылу  жүйесін толығымен  жаңарту  керектігін айтады.

Бұл  жөнінде  облыстық  білім  басқармасы  басшысының  орынбасары  Әлишер  Башаров: «Білім  басқармасы   тарапынан   биылға   жобалық  сметалық құжаттары   дайындалу   үшін   жалпы   соммасы   53   млн.  теңгеге бюджеттік   өтінім   берілді.   Жақында өтетін   сессияда   бұл   мәселе қаралатын   болады.   Сала    жауаптылары   қаржы   бөлінсе   келесі   жылы   Рудничный   ауылында    жаңа   мектеп   құрылысы   басталады  деп   отыр»,  – деді.

Ал  балаларының  тағдыры   үшін алаңдаған  ата-аналар мен  мектеп  ұжымы  үнсіз  қалудан  шаршадық,  жауаптылар  құр  уәдемен құтылмай,  нақты  істер  жасалса  екен  дейді.

А. МОЛДАЛІМ.


ПІКІР ЖАЗУ